Желтоқсан келсе, қазақ неге рухтанып кетеді?

0
151

Не мән бар?  Желтоқсан айы келсе, қазақ рухтанып, қыстың суығымен бірге еліріп шыға келеді. Желтоқсанда ХХ ғасыр басында қазақтың мемлекетін қайта құрған Алашорда да құрылған. Қазақ жастарының «ақырып теңдік сұраған» күні де желтоқсанда. 1 желтоқсанда елдің жалпыхалықтық сайлауында тұңғыш президент сайланды. Кім болса да сол күні не сол айда сайлануы мүмкін еді. Тіпті, елдің басты шешімі – Тәуелсіздік те желтоқсанның қақ ортасында қабылданды. Бұл айда қанды оқиғалар да болып тұрады…

Неге?.. Әзірге материалдық санамыз тылсыммен әдіптелген метафизика заңдылықтарына онша бой ұрмаса да, соңғы кездері адамзат болып тылсымды аспаннан, ғарыш заңдылықтарынан іздей бастады. Ал біз бен сіздің ата-бабамыз оны іздемей-ақ, сонымен өмір сүрген еді. Осыған азды-көпті тоқталайық.

Көшермен әрі атты бабамыз тәңірлік таным жүйесіне сәйкес төрт дүлей: су, от, топырақ пен ауаның тылсымдарына мойын сұнып, өз қарекеттерін жасаған. Жасағаны былай тұрсын, өздерінше тыңғылықты қағидасы болған. Айталық, жылдың төрт мезгілі әлгі  төрт дүлейге бағындырылған: Көктем – Суға, Жаз – Отқа, Күз – Топыраққа, ал Қыс – Ауаға. Міне осыдан барып қыстың басқы айы «желтоқсан» аталады. Жел – ауаның көшкіні. Өйткені, тоқсан күн қысты Ауа дүлей жел болып та, қар болып та билейді. Тоқсанның қақ ортасында өмір қаңтарылады: «не өлім, не өмір» жоқ дегендей тұжырым.

Бірақ біз бұл айда жаңа жылды тойлап есіреміз бүгінде. Соңғы айда Ұлы Даланы ақ боран басады, бұл да Ауаның қысқы сипаты. Содан барып ол ай «ақпан» аталған.

Бұнымен қоймайды, Алаш деген арғы бабамыз Желтоқсан айын соғымнан бастайды. Бірақ бұл бүгінде құлқынның қамына айналып, қысқа ет қамдау науқанына айналып кеткен. Ал ежелгі нұсқасы – ұлы Өмірдің көзі болып табылатын жарықтың қайнары – Күннің құрметіне құрбандық шалу еді. Бұл күнге бас ию не оны құдай тұту емес, ғарыш заңдарына амалсыз бағыну болатын.  Күнге ғана емес жалпы ұлы Жарыққа жол ашу болатын. «Береген қолым – Алаған» принципі пенделік өмірден тыс Ғаламға да тән. Ал оның астарында ұлы Жаратушы Нұр-Сәуле тұратын. Оны сол кезде Тәңір десе, бүгінде Алла дейміз. Тіпті, кедей-кепшікке дейін бірігіп бір ірі малды сойып, оны 12 жілікке бөлетін де жеребемен  таңдап алатын. Бұл да тәңірлік жоралғы еді. 12 жілігіңіз аспандағы 12 шоқжұлдызынан тұратын Күн жүйесіне тікелей ықпалы бар ғаламдық кеңістіктің амандығын ойлау болар.

Бұл қайдан шықты? Астрономия ғылымы жоққа шығара алмайтын Күн мен Түннің текетіресі бар. Ол жылдың 4 мезгіліне сай, екі рет теңеседі, екі рет не күн не түн тоқырайды, Күн мен Түн тайталасады. Бұл жағдай жай ғана механикалық нәрсе емес, жердегі тіршілікке тікелей био-тео қуатымен әсер ететін құбылыс еді. Міне осының шешімін Алаш баласы ғана емес адамзат әлгіндей тапса керек.  Өйткені, Күннің қысқы тоқырауы сәйкес келетін 22 желтоқсаннан басталатын бір апта көптеген халықтарда тойланады, атап өтіледі. Ал қазақ мұны «соғым» аталатын құрбандықпен атап кетті. Бертін келе антитәңірлік идеология оны бірте-бірте тықсырды.

Өмірді бүкіл субстанцияның бір бірімен қарым-қатынасының нәтижесі ретінде қарастыратын ежелгі Тәңірлік рухани-танымдық жүйеде (ол – толыққанды рухани-астрономиялық-космогониялық жүйе болатын) барлық Жақсылық пен Жамандық нысандардың өзара қатынасынан екенін жақсы аңғарып, соны реттейтін бүгінгідей бұзылғыш заңдар емес, қатынас ережелерін сіңірген екен. Тәңір – таң атырушы, жарық беруші, Жақсылық пен Жамандықты, Жарық пен Түнекті теңгеруші (балансируший) құдырет. Бұл – Аллатағаланың бір сипаты.  Сол таным бойынша Күн жылына бір рет өліп-тіріледі. Бұл да Жарық пен Түнекті теңгеруден шығатын заңдылық қана емес, Жарықтың мәңгілік сипаты. Өліп тірілмей мәңгіліктің жоқтығын ескерген қағида еді. Ол «өлім» жыл сайын 21-22 желтоқсанда болады да, үш тәулік бойы Нұр-Сәуле қайта туады. Бұл күн кәзіргі күнтізбеде 25 желтоқсанға келеді. Бұны түркітектілер Нартуған/Нартукан атайды. Шұбаш, татар-башқұрттарда сақталған. Алайда, татарлар Наурыз бен Нартуғанды шатастыратыны және бар. Бұл күн айтулы мереке ретінде талай жұртта сақталып, әртүрлі пішін мен сипатта аталып өтіледі: қонғарда/венгер – «карачун»/қаратүн; полякта «қызылжұмыртқа күні», шұбашта – нартукан т.с.с. Ал қазақ бұны айтулы мереке ретінде емес, соның жұрнағы болған құрбандықты «соғым басы» ретінде ертерек атай бастайды.

Қазақта бүгінде ерекше жарықты «нұр» дейді, бірақ бұл ежелгі «күн» ұғымы болатын да оны «нар» атаған. Маңғол жұрты әлі солай атайды. Ал айды «сар» атаған. Бұл атаулар тәңірлік танымның жұрнағы бола тұра тамырын сонау Бабыл заманынан бұрынғы дәуірлерге апарады. Бабылда талай жұрт бас қосқан дәуірде ебірейлер «сар» – ай ұғымын қадыр тұтып сіңіріп алғандықтан, оларда  «Сара» есімі сақталған. Бұл есімді қазақ та жатырқамайды. Әйгілі жырау-ақын (импровизатор бибінің есімі солай). Бүгінгі Айгүл есімінің ежелгі нұсқасы-тын. Бірді айтып, бірге кету емес, мәселені тақырыппен көмкеру деп ұғыңыз.

Айтып- айтпай не керек. Бүгін 25 желтоқсан – Нартуған күні. Бұны Батыс елдері Рождество дейді де оны Иса пайғамбар дүниеге келген күнмен шендестіреді. Алайда, бұл жерде саясат араласқан идеология бар. Еуропаны жайлап кеткен қалың түркілер осыдан 2000 жыл бұрын Рим империясына қатер төндіре бергендіктен оларды идеологиялық ауыздықпен басқару ойластырылып, ақыры тәңірлік танымнан христиан діні қалыптастырылды.  Міне сол кезде Көк пен Жердің арасын жалғаған мифтік көкшырша «Йол/йөл» (жол деген мағынасы болатын) болып Рожествоның басты атрибутына, ал Нартуған пайғамбар күніне айналып шыға келді. Бірақ ол кезде жалпы Рождество аталғандықтан түркілер бұны жатырқаған жоқ. Оның үстіне Исаның пайғамбарлығы ешкімге де күмәнсіз. Тіпті, Оны Нардан туған Нартуған атаған болуы да мүкін. Бұл есім бүгінде қазақта Нұртуған болып кетті. Тархқа барлау қызық болғанмен абырой бере беретін іс емес. Осы жерден әңгімені тәмәмдап, тарихи шынайы бір жайтпен бітірейік.

Ол ескіше 13 желтоқсан,  бүгінгі күнтізбемен ОСЫДАН 101 ЖЫЛ БҰРЫН 25 ЖЕЛТОҚСАНДА құрылған Алашорда үкіметіне қатысты жайт. Бұл күн шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің ХХ ғасырдағы қайта қалпына келген сәті еді. Бірақ біз бұны әлі күнге тұшына, мойындай алмай әрі-сәрі күйдеміз. Бүгінгі Қазақстан осы Алашорда жасаған алғышартпен орныққан мемлекет еді.

Алаш күні аталуға лайық күн!

Серік Ерғали

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/