Жат жұрттағы 2 миллион баланың тағдырына алаңдауымыз керек

0

«Отандастар» қорының бастамасымен басталған оң бастамалар шеттегі ағайын және олардың елге оралған өкілдеріне аз да болсақ шуақ сыйлаған сыңайлы.

Тәуелсіздік алған жылдары ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатында: «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба  әруағы  алдарыңнан жарылқасын!», – деген ақ тілегі жолдап, ағайын көшінің ағылуына бұйда болып еді.

Содан бері талай іс атқарылды. ҚР Президентінің Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мем­лекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыт­тары» туралы қуатты құжаттар көші-қон үрдісіндегі жемісті кезеңге есік ашқан болатын. БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің ішінен тек қана төрт мемлекет репатрианттардың тарихи отанына оралуымен мемлекеттік деңгейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі болып, Германия, Израиль жəне Ресей Федерациясымен үзеңгілес жұмыс атқарды.

Десе де, арада сан түрлі өзгерістер мен кедергілер туды. Өзінің тарихи міндетін орындап болған көші-қон Агенттігінің қызметі тоқтап, ол Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көш-қон комитеті болып жұмыс істеген болатын. Одан кейінгі жерде, 2011 жылғы 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы өзгертулер мен толықтырулар арқылы қайта қабылданып, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы алғашқы қадамда сәтті жүзеге асырыла бастап еді.

Кейіннен Көші-қон комитетінің Ішкі істер құзырына берілуімен бұл жұмыс бір мезет тоқырау күйіне ұшырады. Тіпті квота берушілерді емес, квота алушыларды кінәлап, қуғындау және кінәні алыстағы ағайындар өкіліне арту сынды келеңсіз жағдайлар жүз берді. Сөйтіп көш бір мезет тоқырауға ұшырады.

Соңғы бес-алты жыл ішінде көші-қон қызметінің аяқ алысы тіпті де баяулап, алыстағы ағайынды ұмыта бастағандай күй кештік. Біздің бұл сыңайымызды аңдаған алыс-жуықтағы бауырлардың атажұртқа қадам аттау белсенділігі де төмендей бастады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей дәл осы кезде діни көзқарастарға деген шектемені сылтау еткен қытай билігінің ондағы ағайындарға жасаған қысымы да жүз берді. Халық дағдарысты күйге түсті. Ұлтжанды азаматтардың ұйқысы бұзылды. Біреулер шынайы ниетімен ұлт тағдырына алаңдаса, енді біреулер қытай саясатының қыспақты күйінен жеке пайдасының ұпайын іздеді.

Қанша дегенменде ордалы елміз ғой. ҚР Сыртқы істер минстрлігі қытай тарапына әлде неше мәрте хаттар мен сауалдар жолдап, ағайынның ауыр күйіне алаңдаушылық білдірді. Елбасының тікелей тапсырмсымен «Отандастар» қоры құрылды.

Дегенменде «жетім бала – кекшіл» демекші, көші-қон саясатында туындаған бір ізге түсе алмаушылық пен құзырлы мекеменің «қырық құбылған» өзгерісі ағайынның селкеу түскен сезімін түбегейлі оята алған жоқ. Дәл осындай сәтте, жақынғы күндерден бергі «Отандастар» қорының қандастар тағдыры тақырыбына ойысуы ескі жараның жазылуына жасалған жаңа емдей үміт шоғын үрледі.

Осы орайда алыста қалған ағайын және олардың отанға оралған өкілдеріне біз қалай көмектесе аламыз дейтін сауалдың тууы да заңды.

Ендеше, осы тақырыптар төңірегіндегі өз ойларымды ортаға сала кетейін:

Біріншіден, Сыртқы істер минстірлігі және оның шетелдегі консулдық бөлімдері мен елшіліктері басқа елде тұратын қандастармен тығыз қарым-қатынастағы жұмыс тәртібін қалыптастыру керек. Ұлты қазақ адамдардың кедергісіз жұмыс бітіруіне барынша қолайлы шарт-жағдайлар жасауы қажет. Өркениетті елдер репатрианттардың өз елдеріне қоныс аударуын ең алдымен шет елдерде ұйымдастырады. Оларда  Отанына  көшіп келгісі келетіндердің барлығы алдын ала тізімделеді. Және баратын ауыл-аймағы мен ондағы үй-жайы, жұмысы барлғығы алдын ала жүйелі түрде жоспарланады. Бізге де осы тәжірибелердің озық үлгісі керек. Нақтылап айтқанда, Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінің этникалық қазақтарды көшіріп əкелу іс-шараларына қатысуының заңнамалық бекітілген тетіктерін барынша бекемдеу қажет деген сөз.

Екіншіден, қандастарға қатысты барлық жоба-жоспарды атқаруда Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Білім және Ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, т.б. құзыретті органдар бірлескен жоба қабылдай отырып, шеттегі қазақтар қоныстанған елдермен әр түрлі еңбек, көші-қон, білім алмасу шарттарын жасасуы және Қазақстандағы жергілілікті  әкімдіктердің мүмкіндігімен оны бекемдеп, іске асыруды қадағалауы керек.

Шеттегі қандастардың елге оралған өкілдері турасында айтқанда, мемлекеттік көші-қонға жауапты мекемелер ғана емес, облыс, аудан, ауыл әкімдері сынды жергілікті әкімшіліктердің де өзіндік заңдық жауапкершілігі болуы қажет. Осы арқылы оралмандардың тұрғын үй және де басқа да жер телімдерін тегін пайдалануына, жұмыс алуына, жекеше кәсіптермен шұғылдануына, несиелермен қамтылуына кеңінен жол ашқан жөн.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы зейнетақы мəселелері бойынша екіжақты келісім жасамаған шетел мемлекеттерінен келген зейнет жасына жеткен оралмандарға заңнамаға негізделе отырып белгілі мөлшердегі зейнетақы тағайындаудың шартсыз іске асатын жолдарын қарастыру  қажет.

Төртіншіден, оралмандардың қазақстандық қоғамға ықпалдасу дəрежесін арттыру мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын басқаша формамен, жаңа үлгіде іске асырудың  тетіктерін қарастырып, көші-қондық жаңа бағдарламалар жасау қажет.

Бесіншіден, оралмандардың тарихи Отанына келе салысымен тұратын жерінде меншік құқығында тұрақты тұрғын үйі əлі жоқ екеніне қарамастан, бірден тұратын жерлерінде тұрақты тіркеуге алынуын, көші-қон куәлігін, ықтиярхат, азаматтық алуын барынша жеңілдету қажет.

Алтыншыдан, шеттегі қазақпен болған әр түрлі еңбек келісім шартын іске асырып, олардың уақыттық еңбек жолымен Қазақстан Республикасында  тұрып қайтуына да белгілі жағдай жасау керек. Еңбек шартымен келуші ұлты қазақ жұмыскерлердің осы Отанға тұрып қалуды қалаушылары болса, олардың талап-тілегін де ерекше ескеру қажет.

Жетіншіден, өзге жұртта отырған өз туысқандарына көмектесудің әлемдік тәжірибелері аз емес. Қандастарына қол ұшын беруді парыз санаған бауырмал елдер шет елдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасау арқылы өзгенің құшағындағы өз ұлтының өкілдеріне белсенді көмектер көрсете алады. Мысалы, Оңтүстік Корея Алматыдағы АДК мәдениет сарайын сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Ал солтүстік Корея болса Қытай мемлекетімен еңбек келісім шарты арқылы әр жылы өз қандастарын топ-тобымен елдеріне әкеліп мерзімді еңбек еттіреді. Сол арқылы олардың ұлтық болмысын сақтауына, тіпті аздап қоныс аударуына да белгілі дәреже ықпал көрсете алады. Германия елі де Қазақстандағы неміс мәдени орталықтарына нақты қаржылай  көмек көрсетіп келеді. Тіпті өзінің «Отаны жоқ» деп кемсітуге ұшырап жүрген ұйғыр түріктерінің де әр елде (біздің елде де) мәдени орталықтары бар. Израиль мен Германияның озық тәжірибесіне сүйенер болсақ,  олар мемлекетке алақан жайғаннан гөрі, ұлт патриоттары арқылы «Ұлттық көші-кон қорын» құру жолымен де өз қандастарының мүддесіне тиімді біраз  мәселені шешіп келеді. Қытай ұлты да өз топырағындағы халық санының қауырт артуына байланысты хан ұлты жұмыскерлерін өзге елдерге апарып жұмыстандырушыларға әр түрлі қаржылық қолдау білдіріп отырады.

Жоғарыдағы тәжірибелерден қарағанда, қандастарға көрсетілер рухани көмек, әрине, мәдени орталықтар арқылы жүзеге асады. Елшілік қызметінің – Сыртқы істер министрлігінің құзыреттілігінде болуына байланысты ол өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайды. Ал қазақ мәдени орталықтарының ұлт бірлігі арқылы атқарар жұмысының аясы кең.

Бұл барыста Қазақстан тарапы байланыс жасаушы елмен екі жақты қарым-қатынастардың күшеюін және стратегиялық әріптестік қатынастарды пайдалана отырып, ондағы қазақтардың төл мүддесіне сай келетін және ұлттық рухын нығайтатын жүйелі, нысаналы және байыпты саясат жүргізуі қажет болады. Мұнда әсіресе Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Білім және Ғылым министрлігінің көмегіне көп зәрулік туады. Атап айтқанда, шетелдегі қазақтың рухани әлеміне тікелей әсер ететін – кітап, газет-журнал, кино, радио-телевизия, ән-күй, би, сурет сынды өнер туындылары, әр түрлі мәдениет алмасулар, оқушылардың бір-біріне барыс-келісі арқылы өтетін олимпиадалары, спорттық бәсеке сынды қарым-қатынастар барынша тереңдеуі керек.

Сегізіншіден, шетел қазақтарына қатысты заттық мәдени жәдігерлер мен ұлтымызға қатысты барлық құндылықтарды отанға оралтуды жедел тұрде қолға алуымыз керек.

Қазір шетелде 5 милион қазақ отыр. Олардың бір милионы елге оралды десек те, үрім-бұтағымен қосқанда әлі де болса, шеттегі қазақ саны бес милионнан асады.

Тәуелсіздік алғаннан бері қарай қазақ руханиятына шеттен келген ағайынның үлесі аз болған жоқ. Түркиядан атажұртқа оралған Халифа Алтай «Құран Кәрімді» қазақшалап, оның бір миллион данасын осы елге байғазы етіп ұсынды. Қазақ еліне оралған мүйізі қарағайдай ғалымдар мен қаламгерлер де том-том еңбектер берді. Тіпті қазірге дейін шетелде тұрса да қазақтың әдебиеті, мәдениеті, тарихы төңірегінде қалам тартып жүрген қаншама қандасымыз бар.

Көз алдағы қазақ әліпбиінің өзгеруі мен қытай сынды елдердегі қандастарға жасалған бұғау себепті шетелдегі қазақтарға қатысты құнды дүниелердің бізден алыстып, бөлініп қалу қаупі туындауда. Шетелдегі немесе шетелден оралған қандастардың әдебиеті мен мәдениетіне, рухани әлеміне жанашырлық таныту – қазақтың түгенделіп жатқан бай қазынасына деген қамқорлық қана емес қазақ руханиятын байытуға қосқан үлес саналады.

Сол себепті де осы үрдістердің шешілуіне оң ықпал етіп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған төл тарихымыз бен төл мұрамызды ардақтап ел кәдесіне ұсыну үшін – «Әлем қазақтарының руханият орталығын ашу», «Шетел қазақтарының кітапханасы»-сын ашу т.б. көптеген сауалдар туындап отырғанын айқын сезінуіміз керек.

Тоғызыншыдан, шетелдегі 5 миллионнан артық қандасымыздың жартысына жуығын балалар құрайды. Бала бақшадан орта мектепке дейінгі балаларының саны ең кемінде 2 милионға жетеді. Олай болса жат жұрттағы үш миллион ерексектерді айтпаған күннің өзінде, екі миллион қазақтың қара көз ұл-қызы дүниенің түкпір-түкпірінде өзге ұлттың құшағында білім алуда.  Ендеше біз оларға қандай қолдау көрсете аламыз? Оны тархи отанына тартудың қандай жолдары бар?

Атап айтқанда, шетелде оқып жатқан қазақ баласы Қазақстанға бір жолата көшіп келмесе де, қазақстандық «Қазақ балаларын қолдау орталығы» негізінде олардың бізде (Қазақстанда) білім алуына, спорттық жарыстарға қатысуына, түрлі жобалар мен бәсекелерге, бәйгелерге қатысуына, жазғы демалыс кезінде лагерлерде болуына мүмкіндіктер тудыруымыз керек. Мұндай жұмыс аталған мекемелердің құзіретілігі арқылы тікелей іске аспайтын жағдайда, шетелде тұратын қазақ мәдениеті  орталықтарының басшылары ең әуелі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына, ҚР-ның Сыртқы істер минстрлігіне, Білім және Ғылым минстрілігіне, Мәдениет және спорт минстрілігіне жеке-жеке хаттар жазып, аталған өтініштің іске асуын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры өз мойнына алуы қажет.

Аталған іс-шаралардағы жобаның ең маңыздысы және ең тиімдісі шетелде тұратын қазақ баласының жаздық демалыс орайында Қазақтанда уақытша тұрып қайтуына мүмкіндік жасау болып табылады. Нақтылап айтқанда, ең әуелі шетелдегі бала бақшадан орта мектепке дейінгі қазақ баласының сандық мәліметін алу қажет. Сол сандық мәлімет негізінде әр жылға бөлінген бала бақша, бастауыш, орта буындар бойынша жоспар жасалғаны жөн. Мұның ішінде Мемлекеттік жобаларға, жаздық лагерлерге сәйкес келетіндері болуы мүмкін, сәйкес келмейтіндері болуы да мүмкін. Білім және Ғылым министрлігінің жоба-жоспары мен бағдарламаларына сәйкес келмеген жағдайда қоғамдық ұйымдардың, жергілікті әкімдердің, демеуші азаматтардың көмегі керек болады. Тіпті белгілі пайыздық шарт қойылса баланың ата-анасы да ең жоқ дегенде үштен бір шығынын өз мойнына алуы мүмкін. Алайда, қаржыға байланып қалмай, жобаның іске асуына кірісетін батыл қадам мен сенім керек. Осылай болғанда шеттегі екі милиион қазақ баласының әр жылы кем дегенде, он пайызы, яғни, 2 мыңнан артығы Атажұртқа келіп қайтуына белгілі дәрежеде ықпал етуге болады.

Жаздық лагерлердің уақыт мерзімі мен қамтитын мүмкіндіктері жағынан алғанда барлық министрліктер мен облыс әкімдері өз мүмкіндіктерін негізге ала отырып, әр түрлі меморандумдар мен келісім-шарттар жасауы керек. Әр облыс, аудан өз мүмкіндігі негізінде жаздың екі айлық мерзіміне арналған өз жобасын ұсынғаны жөн. Қанша баланы қамти алатынын да көрсетуі керек. Жүйеден еліміздің туристік аймақтарын негіз еткен жөн. Жергілікті елді мекендердің тиімді шарт-жағдайын назарға ала отырып шеттен оралған қазақ баласының – қазақ тіл-жазуын үйренуін, ұлттық салт-сана, дәстүрді білуін, ұлттық өнер мен спортқа бейімделуін іске асыруға болады.

Қазақ даласының көрікті аймақтарын көруіне жағдай жасау керек. «Қасиетті қазақ жері», «Мәңгілік ел мұраты», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» – осының бәрі бала санасынан орын алады. Қазаққа деген, Қазақстанға деген отандық сезімі тереңдер еді.

Облыс немесе қала мүмкіндігіндегі он жерден «қазақ балаларын қолдау орталығын» жасаған жағдайда әр орталық кем дегенде әр жылы 200 баланы қамтыса, онда жылына 2000 баланы еркін қамтитын едік. Жылына шетелдегі баланың 10 пайызы қамтылса, осы шара дәстүрге айнала келе алыс-жуықтағы қазақ баласы табиғи түрде атажұртына бейімделер еді. Тіпті осы топыраққа оралу идеясына да оң әсер еткен болар едік.

Шетелдегі қазақ балаларын отанға тарту тек қана сол балалардың қазақтығын сақтап қалуына тікелей ықпал етіп қалмастан, болшақта олардың қазақ елі үшін еңбектену идеясына да зор дәрежеде ықпал етері анық.

Елімізде жолға қойылып отырған туристік мәселе туралы айтқанда, өсіп келе жатқан қазақ балаларының осы өлкенің ой-қырына деген махаббатының оянуын қалыптасырып, олардың ата-анасы, дос-жараны, көрші-қолаңы дегендей айналасындағы топтардың қазақ еліне туристік сапармен келуіне де белгілі дәрежеде оң ықпал етуі мүмкін. Ата-ана өз қаражатымен келген жағдайда олардың балаларымен бірге болуының да әр түрлі жолын қарастырудың артықтығы жоқ.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының жетекшілігінде «Қазақ балаларын қолдау орталығы» ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Аталған жобаны іске асырудың нақтылы мүмкіндігі қолға алынса, әр елдер бойынша жеке-жеке жоспарлар жасап, ондағы қазақ баласының отанында болуының оңтайлы жобасы мен жолдарын, байланысу тәртібін жасауға болады. Аталған мүмкіндіктер іске асса қазақ балаларының Қазақстанда қалып білім алуына да әр түрлі жағдайлар жасаған болар едік.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылды жастар жылы деп жариялағанын еске алсақ, жастық дәуреннің басы болған орта мектеп сатысындағы қазақ балаларын отанға тарту сол бастамаға деген ең тиімді қолдау болар еді.

Жоғарыдағы ой-жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, ұлт жанашырлары ортақтасқан идея бірлігін қалыптастырып, ұлтқа шынайы қызмет етудің берік қамалын жасау қажет. Сонда ғана «бір қазақ бар қазақ үшін», «бар қазақ бір қазақ елі үшін» қызмет ету идеясын іске асыра аламыз.

Жәди Шәкенұлы, жазушы

Abai.kz

Abai.kz