Жастар мешітке иман үшін емес, инстаграм үшін барып жүр

0

Қасиетті жұма күні жастар мешітке қарай ағылады. Неге дейсіз бе? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Өйткені әркімнің жауабы әртүрлі. Бірі шынымен де уағыз тыңдап, намаз оқуға барса, бірі керісінше. “Керісінше” деген қалай? Қазіргі уақытта “хайп” деген бәле болды емес пе? Әлеуметтік желіде атағын шығарғысы келетін жастардың саны жеткілікті. Сол бір жалған әлемнің ішінде өзін “инабатты, иманды” етіп көрсету үшін неге бармайды десеңші?!

Екі 16-17 жасар қыздардың әңгімесіне құлағым шалынып қалды. Біріншісі: “Осы жұма мешітке барып атама құран бағыштап қайтайықшы бірге” — деп, ұсыныс жасады. Ал, екіншісі: “Егер маған мешіттің ішінде “инстаграмға” саларлық, лайықты фотосурет жасап беремін десең, баруға болады, неге бармасқа?”- деп, өзінің кішігірім талабын қойды. Құрбысы бірден келісе кетті. Әңгімелері бірден “үстімізге не киеміз, қандай орамалдың түсі фотосуретте әдемі болып көрінеді…” — деген ойға сыйымсыз ақылдасуларымен жалғасты

Сонда Иманның орнын Инстаграмның басқаны ма ? Шынымен, мешітке кірсең болды қолдарынан түспейтін телефондарымен  жан-жақты суретке түсіріп, өздері де “селфилетіп” жатады. Осындай жәйіттерді көргенде қалай ішің күймейді?!  Сол сурттерін ұялмай желіге салып “Жұма мүбәрәк болсын. Әр мұсылман жұма сайын мешітке баруы тиіс” — деп жазып қоятындары да кездеседі. Тіпті бір әр жұма қалмай жүргендей.

Әрине күштеп иманға шақыру дұрыс емес, бірақ “тәрбие — тал бесіктен” демекші, ата-ана баласының жастайынан иманды болып өсуі үшін тер төгуі керек емес пе? Мүмкін кейбірінің ата-анасы жұмыстан қолдары босай алмай, тәрбиені баланың өнегесіне дұрыс сіңдіре алмай жүрген болар? Бұл жерде де бәрін бірдей кінәләй алмайсың. Бес саусақ бірдей емес қой. Не болса да аз ғана уақытты бөліп балаға мешіттің қандай жер екенін, ол жерге неге баратынын, ол кімнің үйі екенін айтып түсіндіру артық болмайды.

Мешіттің ішінде суретке түсуді қойып, ұрлықтың да көбейіп жатқанын байқап жүрміз. Алланың үйінде ұрлық жасау деген не сұмдық? Жастардың Құдайдың құдіретінен қорықпағаны ма ?! Бұл іс-әрекеттің соңы немен аяқталатынын білмей, аңғалдыққа салынатыны тағы да – жастар. Сонда жас қыздар мен жігіттердің ойын өзгерту үшін не істеуміз керек? Олардың таңдаулары өзге емес иман болса екен деп тілеймін. Ал сіз ата-ана ретінде балаңыздың осындай іс-әрекетке барғанын қалар ма едіңіз ?

Жауабыңыз “жоқ” болса, тәрбиеге қазірден назар аударғаныңыз жөн болар.

Диара Төлебекқызы

Abai.kz

Abai.kz