Жаңғыру… Әуелі соларға керек
Тәуелсіздікте туғанымның арқасы, «евна» емес, «қызы» болып жазылдым. Үйде менікі ғана осылай. Қалғандары «Шотбаевич пен Шотбаевналар».
Түнеукүні «Egemen»-ге «Тегіңді қазақшалау қиын ба?» деген мақала шыққан. Бұл мәселе мені аса алаңдата қоймаған, тек алдымдағыларды үгіттеймін ғой. «Әй, түк қиындығы жоқ екен. ХҚКО-ға жеке куәлігіңмен барасың, бір парақ қағаз толтырасың, сонымен шаруа шешілді. Біздегі бір мақаладан анық оқыдым», деп бауырларға бір жазғам. Кешегі демалыста хал жағдай сұрасқалы біреуіне хабарласып, әлгі әңгіме тағы жалғасты. Көшеде келе жатқанымды айтып ем, әпкем ХҚКО-ға жолай болса кіре кетіп, нақтылауымды өтінді. Анықтама бөлімінде тұрған апайға жақындап: «Тегімді қазақшалау үшін қайда бару керек?», деп сұрадым. Шашын қолдан «ағартып» алған келіншек бетіме үңіліп бір қарады да: «Вам какая разница?», деді. Түрінен «Не бар артық жұмыс қып?» деген ойын оқуға болады. Орыстанып кеткеніне түсіністік танытып, байыппен ғана маған сұрақ емес, жауап керегін ескерттім. Ол қиналып жауап берді. Сол жерде отыратын миграциялық полицейлерге барып өтініш жазу керек екен. Бастысы, басқа ешбір құжатты (диплом, карточка, билет, куәлік) ауыстырып қажеті жоқ. Сөзімнің растығына қуанып шықтым.
Жолдың арғы бетіне өте бергенде қызыл жанып қалды. Ойланып тұрдым. Әлгі адамның әлпеті көз алдымнан кетпей қойды. Жасыл жанғанда кері қайттым. «Ақ шашты» қызметкерге бардым да: «Аты-жөніңізді айтыңызшы, үстіңізден арыз жазып кетейін», дедім байыпты кейпімнен танбай. Ол шоршып түсті. «Неге? Маған ба?», деді таңғалып. «Адамның ішкі ісіне араласқаныңыз үшін. Сізге қалай екенін білмеймін, текті қазақшалау мен үшін үлкен маңызға ие. Оған неге миығыңыздан күліп, кемсіте қарайсыз? Сізден керегі – артық сұрақ емес, қызмет», дедім. Ол әбігерленіп, қайта-қайта кешірім сұрады. Сонысына кішірейдім де: «Мен мұны өзім үшін емес, мен сияқты келетін өзге де ниеттілер үшін істедім. Қайтып келіп айтып тұрмын. Қазір жазбаймын, бірақ келесі клиенттерге, әсіресе тегін қазақшалағысы келетіндерге бұлай айтушы болмаңыз», дедім. Ол сөзімді екі етпейтінін ескертіп: «Айтпақшы, ұмытып кетіппін. Жеке куәлікті жаңартқанда кейіндеу болса да, туу туралы куәлігіңізді де соған сай түзетіп алыңыз, зейнетке шыққанда проблема болмайды», деді. Алғыс айтып сыртқа беттедім.
Бір жиынға бардым. Лауазымды орыс ағай Президенттің мақаласы туралы әңгіме айтты. «Рухани жаңғыру»-ды, фольклорды орысша сөз етіп тұрса да, оның қазақша білетініне күмәнім болмады. Содан тіке судыратып сұрақ қойдым. Ол кідіріп қалды. Онысын аңдаған модератор сауалымды дереу орысшаға аударды. Ол орысша жауап берді, модератор қайта қазақшаға аударды. Соңында сол адам маған арнайы келіп, қызметіне қарамай: «Сұрағыңыз өте маңызды болды, рақмет! Тек мен сіздің тіліңізде сөйлей алмағаныма айып етпеңіз. Сізге жөнді жеткізе алдым ба?», деді. Жүзі жылы адам екен. «Мемлекеттік тілді білмейтін адам мемқызметте жүреді. Қайдағы рухани жаңғыру!» деп тұрған көңілім зейнетке жақындап қалған орыс ағайға жіби берді. Ол кісі қызметкерлерімен шығып кеткенде бір қазақ әйел жаныма жақындап және жұрттың көзінше: «Баяндамашының аты орыс екенін біле тұра сұрақты қазақша қойғаныңыз дұрыс емес», деді. Мен: «Көп нәрсенің кері кетуіне өзге ұлттар емес, өзіміз кінәліміз. Қазақ елінде қазақтықтың кең қанат жаюына, басқасы былай, заңның орындалуына басқа этностардан бұрын сіз сияқты қазақтар кедергі келтіреді», дедім. Екеуміздің сөзімізді стақандағысын бір ұрттап қойып үнсіз тыңдап тұрған елулердегі ағай: «Дұрыс айтасың, айналайын!», деді. «Осы жауапты «кеңестік замандасыңызға» сіз береді деп күтіп едім», дедім. Ол қайта үнсіз қалды.
Жаңғыру…
Әуелі соларға керек, өйткені мен тәуелсіздікте туғам. Айтпақшы, осы оқиғадан кейін орыс ағаймен 1-2 рет кездестім. Көрген жерде қазақша амандасып, кетерде күлімдеп қазақша қоштасады.
Айдана Шотбайқызының facebook парақшасынан
Abai.kz