Зейнетақы калькуляторы: зейнетақы қалай есептеледі
Болашақта қанша зейнетақы алатыныңызды enpf.kz сайтында орналасқан «Зейнетақы калькуляторының» көмегімен есептеп алыңыз
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтындағы «Электронды қызмет көрсету» бөлімінде «Зейнетақы калькуляторы» орналасқан. Болжамды зейнетақы мөлшері қалай есептелетінін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
enpf.kz сайтында екі калькулятор бар: «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» және «Болжамдық зейнетақы калькуляторы».
«Ағымдағы» калькулятор таяу жылдары зейнетке шығатын азаматтарға арналған. Бұл калькулятордың көмегімен ай сайын берілетін зейнетақының болжамды мөлшерін анықтауға болады.
Тағы оқыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы 2019: кімге, қалай және қанша төленеді?
«Болжамды» калькулятор зейнетақының болжамды мөлшерін есептеп қана қоймай, оның неден құралатынын және табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда қандай болатынын көрсетеді. Бұл калькулятордың көмегімен қазіргі жас мамандар да болашақта қанша зейнетақы алатынын есептеп шығара алады.
Зейнетақыны қалай есептеу керек
Болжамды калькуляторда болашақ зейнетақының мөлшерін есептеу үшін:
- туған күні;
- жынысы;
- еңбек өтілі;
- жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі;
- қазіргі жинақ сомасы;
- орташа жалақы сомасын енгізу қажет.
Барлық деректі енгізгеннен кейін «Есептеу» батырмасын басыңыз.
Ескерту: егер сіз калькуляторға жеке кабинетіңіз арқылы кірсеңіз, онда деректер бағаны автоматты түрде толтырылады.
Онлайн калькулятор жеке кабинетке тіркелмегендерден зейнетақы шотында жиналған ақшаның сомасын сұрайды.
Шотыңызда қанша ақша барын бірнеше әдіспен білуге болады:
- БЖЗҚ сайты немесе қордың мобильді қосымшасы;
- электронды үкімет порталы;
- электронды пошта арқылы.
Сондай-ақ, салымшы зейнетақы қорының кез келген кеңсесіне барып біле алады. Кеңсеге барарда жеке куәлік пен электронды сандық қолтаңбаңызды ұмытпаңыз.
«Болжамды» калькулятор болашақ зейнетақыны «Пессимистік», «Реалистік» және «Оптимистік» деп аталатын үш сценарий бойынша есептейді. Әрбір сценарийде жинақтардың инфляциямен салыстырғандағы табыстылық деңгейі көрсетіледі.
Тағы оқыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек: кімге және қанша төленеді?
Бұған қоса, онлайн калькулятор шотыңыздағы ақшаның қанша жылға жететінін, зейнетке шығар алдында қанша жалақы алатыныңызды есептеп береді.
Зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетке ерте шыққысы келетіндер үшін
Зейнетақы калькуляторында «Зейнетақы жинақтарын ӨСК-ге (өмірді сақтандыру компаниясына) аудару» функциясы қарастырылған. Оның көмегімен зейнетақы аннуитеті келісімшартын бекіту үшін қажетті ең төменгі зейнетақы жинағын есептеп алуға мүмкіндік бар.
Зейнетақы аннуитеті ерлер мен әйелдерге зейнетке ерте шығуға мүмкіндік береді. Зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырасыз. Бірақ, ең алдымен шотыңызда зейнетақы аннуитеті келісімшартын бекітуге жеткілікті ақша болуы керек.
Оны қалай есептейсіз?
Бірінші, тиісті бағанға жынысыңызды белгілейсіз, сол кезде шарт жасасуға қажетті жас мөлшері автоматты түрде шығады. Ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін 2019 жылы – 51 жас.
Екінші, кепілді мерзімді белгілейсіз. Яғни, сақтандыру компаниясынан ай сайынғы төлемдерді қай кезең аралығында алып тұрғыңыз келетінін көрсетесіз. Осыдан кейін калькулятор осы жылдағы ең төменгі зейнетақыны ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинағы қанша болу керектігін есептейді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнетке шығуы мүмкін
Қазір зейнетақы аннуитеті үшін әйелдердің шотында кемінде 13 миллион 580 мың теңге, ал ерлерде 9 миллион 710 мың теңге болуы шарт.
Деректер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметінен алынды
sputniknews.kz