Зарафшаннан шыққан Мейіржан қазақты неге шибөріге теңеді? (видео)
«Ауылдастар», «Патруль» сериалдары арқылы жастар арасында танымал Мейіржан Төребаевты Tengrinews TV-дағы The Эфир бағдарламасы қонаққа шақырып, сұхбат құрыпты. Tengri-лықтардың айтуынша, 582 000 адам Мейіржанның шығармашылығына қызығушылық танытады екен. Осындай жетістіктерінің арқасында бағдарлама қонағы болған Мейіржан журналистпен Өзбекстандағы өмірі, «Патрульге» тап болуы, дін жайлы ой-көзқарастары жайлы бөлісіпті.
Ордалы отыздың төртеуіне келген Мейіржан Өзбекстанның Науаи облысындағы Зарафшан қаласында дүние келген екен. Ресми деректерге сүйенсек, 70 000-нан астам тұрғыны бар бұл қалада халықтың 58 %-ын қазақтар құрайды. Сол 58%-ың құрамына кірген Төребаевтар отбасында дүние есігін ашқан Мейіржан 2003 жылы алғаш рет қазақ еліндегі туысқандарына қонаққа келеді. Қазақстанды ұнатып қалған Мейіржанның елге көшу туралы ойы сол кезде пайда болыпты. 2005 жылы жоспарын жүзеге асырып, ата-баба жеріне қоныс аударып, 2008 жылы Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми техникалық университетінің студенті атанады. Университет қабырғасында жүріп, Көңілді тапқырлар клубының (әрі қарай КТК-ред.) мүшелігіне өтеді. КТК-ның арқасында Алматының «политехін» армандаған жігіт НТК арнасынан шығатын «Патруль» сериалының бас кейіпкері атанып, бір күннің ішінде танымал болып шығады. Содан бері жастардың кумиріне айналып үлгерген Мейіржан өткен күндерін еске алып, Фима Ивановқа балалық шағынан сырт шертіпті.
«КТК туралы алғаш естігенімде, тәуекелге барайын ба, бармайын ба деп шешім қабылдай алмай қиналдым. Сосын ғана бір рет бағымды сынап көруді міндет деп санадым. Алайда КТК-дағылар қазақ тілінде сөйлейтін, қазақша қалжыңмен күлдіре алатын балаларды іздеп жатыр екен. Бұл маған үлкен проблема болды. Себебі мен қазақтілді емеспін. Бізде барлық мектептер орысша білім беретін, қазақ тілді мектеп жалғыз болатын. Оның өзі қаланың ортасынан қашық жерде орналасқан еді. Аталмыш мектепте бұзықтар оқитын, оны «қарғыс атқан мектеп» дейтінбіз. Сол қазақтар мектептеріне жету үшін біздің ауламыздан өтетін. Күн сайын олардың келетін уақытта ойыншықтарымызды, заттарымызды тығатынбыз. Себебі олар қатты соққан дауылдай ауламыздан өте шығатын. Затыңды тығып үлгермесең, қиратып кететін. Өздерін шибөрі секілді ұстайтын»,–дейді Төребаев.
«Жиі төбелесіп қалатын ба едіңдер?» деген журналистің сұрағына Мейіржан «жоқ, олар төбелесуге жоқ еді, тек қиратып кетуге шебер болатын» деп жауап берді.
40 минуттық сұхбаттың жетінші минуттарында осындай естеліктерді айтып берген Мейіржанның танымалдылығы одан сайын «артты». Әлеуметтік желіде «Қазақты шибөріге теңеген әзілкеш» деген тақырыппен қысқа видео тез тарап жатыр. «Барлық пәле – тілден» екенін ұққан Төребаев бүгін өз атынан тағы бір видео жариялады. Онда ол тұтас қазақ халқына тіл тигізбегенін, тек қазақ мектебінде оқитын балалар жайлы айтқанын қадап айтты. «Түймедей нәрсені түйедей қылып көрсетудің қажеті жоқ» деп сөз сөйлеген Төребаев алайда өз қазағынан кешірім сұрамады.
Мейіржанның «шибөрілер сияқты» деп айтқаны бір топ оқушыларға ғана қатысты екенін ұға аламыз. Дегенмен «қазақ-қазақ» деп зарламай, кімге нақты қатысты екенін білдіріп, атын атап, түсін түстеп сөйлесе, осыншама дау-дамай орын алмас еді. Қазақтілді еместігін зор мақтанышпен айтқан Мейіржанның орысшаға да шорқақ екендігін байқау қиын емес. Қайта-қайта тілін шайнап сөйлеген орыстілді Мейіржанның сөйлеу мәнері, стилі, сөздік қоры көрерменнің сынына қалды. «Қазақ-қазақ» деп зар қақсаған Мейіржан Төребаевтың патриоттылығы күмән туғызады. Комсомолдың 100 жылдығынан енді ғана өз-өзіне келіп, ес жия бастаған қазаққа Мейіржандай жастардың аңдамай сөйлеп, дұшпанға таба қылып, бәле-жала шақырғандары кезекті соққы болды. Зарафшаннан шыққан Мейіржанға аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін еске салып, білім берген, жұмыс берген, ең бастысы оған жарқын болашақ сыйлаған туған жері Қазақстан жұртшылығынан шалалығы, балалығы үшін кеш болса да кешірім сұрауға кеңес береміз. Алдына келсе, атасының құнын кешетін қазақтан ұлық болудың қажеттігі шамалы.