Зайырлылық кешегі коммунистік идеологияның сарқыншақ инерциясы емес

0

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ал зайырлылық ұстанымы – мемлекеттің дін және мемлекет қатынастарын реттейтін тетік. Бұл тетік кешегі кеңестік атеизм тетіктерінен мүлдем басқаша болуы керек. Осы ұстаным, әсіресе діндары бар, діншілі бар ел арасында әлі толық өз анықтамасын ала алмай жатыр. Әркім әртүрлі тұжырымдар мен идеяларын айтқанымен, теориялық деңгейде қалуда. Ал зайырлылық ұстанымы, негізінен практикалық сипатта нақты көрініс беретін құрал. Теориясы да нақты болмаған соң, практикадағы көрінісі де ала-құла. Сондықтан кейбір жастар зайырлылықты кешегі коммунистік идеологияның сарқыншақ инерциясы ретінде қабылдайды. Қанша жерден егемен ел болдық, зайырлы, құқықтық, демократиялық сипатқа иеміз дегенмен, «Сендердің зайырлылықтарың – атеизм» деп жүрген «ахилар» жеткілікті. Мұны қоғамдық реакция ретінде бағалайық.

Ал мемлекеттік институт тарапынан зайырлылық ұстанымының нақты функциялары мен міндеттері және өмірде қолдану тетіктері толық анық емес. Сондықтан діндарларымыздың күдігін сейілту үшін кешегі «кеңестік секуляризм» мен бүгінгі «зайырлылықтың» аражігін ажыратып көрсету керек. Сосын күдікшіл діндарларға: «Егер біз зайырлы ел болмасақ, кешегі кеңестік атеизмді әлі күнге ұстанған болсақ, онда сен қалай «діндар» болып жүрсің?» деген сұрақты да қоя білу керек. Қысқасы, зайырлылық – мына тіршілікте практикалық қыры маңызды аспекті әрі мемлекет пен қоғамның дидактикалық сұхбатының негізінде дамитын өмір салты, сана мәселесі.

Зайырлылық пен кеңестік секуляризм арасындағы айырма қоғам мен мемлекет институттарының дін құбылысымен қатынасынан көрініс табады. Кеңестік секуляризм дін құбылысын мемлекеттік және қоғамдық иснтитуттардан да, адамнан да аластады. Саяси, атеистік идеология солай қабылдады. Сол себептен дін адамды қоршаған мәдениеттен де, әлеуметтік институттан да, отбасынан да, саясаттан да, өнерден де, экономикадан да, білім беруден де шеттетілді. Ал бүгін біз – еркін, егемен, тәуелсіз елміз. Зайырлы демократиялы, құқықтық және әлеуметтік негізде баяндылығын құруды мақсат еткен, Ата заңында осылай айғақтап қойған мемлекетпіз. Біздің Ата заңымызда дінге қатысты арнайы бап бар. Оның преамбуласында ханафилік мектебі мен христиандық православияның тарихи миссиясын мойндайтындығы көрстеілген. Барлық облыс, қала, аудандардың ішкі саясат бөлімдері дінді негізгі аспекті ретінде таниды. Тіпті, арнайы дін істері жөніндегі басқармалар мен департаменттер бар. Бұл – кешегі кеңестік жүйедегі жағдаймен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылығы бар ұстаным.

Ал қоғамдық институттарда дін құбылысы өте белсенділік алып отыр. Мешіт, медресе, жамағат ритуалдары еркін, азаны еркін, ҚМДБ жеке қоғамдық институт, білім беру ошақтары күн сайын артып отыр. Отбасы, қоғам, адам жалпы діни таныммен тыныстай алады. Тіпті, діншілдер мен діндарлардың және атеистердің әлеуметтік желілердегі бәсекесі қоғамда жанды құбылысқа айналды. Демек, біз – кешегі кеңестік секуляризмнен мүлде бөлек зайырлы елміз. Яғни, зайырлы ел өзінің өмір сүру формасы мен мұратын көрсетіп отыр. Бұған дауласудың керегі жоқ.

«Енді даудың басы неде?» деген сұрақ туады. Мәселе конституциялық құқық нормалары мен шариғат үкімінің үйлесімі мен үндестігінен келіп шығады. Мемлекет кешегі кеңестік жүйе секілді Ұлы Жаратушыны, Алланы, рухани әлемді, рухты, киеліні, тағдырды, ақыретті жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, мемлекет адамның, азаматтың сеніміне, арына, ожданына, моральдық құқына араласпайтындығына кепіл береді. Оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қоссаңыз, түсінікті болады. «Қазақстанның киелі географиясы» деген бағдарламаның өзі мемлекет пен мәдениеттің үндестігі мен үйлесімділігіне дәлел деп көрсетуге тұрарлық. Бұл жерде зайырлы елдің ұстанымы адамның сеніміне, оның ақыретіне, Жаратушысына араласпайды. Адамның моральдық құқы ретінде, оның діни танымын, діни білімін, діни тәжірибесін кеңейтуге, ритуалдық рәсімдік шараларына жағдай жасайды, қадағалайды. Міне, осы мемлекет пен қоғам арсындағы өзара қатынас тетіктерінде, практикасында, тұжырымында, уәж-комментариилерінде кейбір түсінбестік себептер орын алып жатқаны жасырын емес. Мұның басты себебі, Платон айтқандай, мемлекет те адам сияқты үрейленеді, қорқады, күдіктенеді, үміттенеді. Ол – экстремизм, ол – терроризм, ол – радикализм. Себебі жаһандық саясатта дін – басты тақырып. Дін арқылы небір қитұрқы саясаттары мен идеологияларын, мүдделері мен мақсаттарын тықпалауы мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік институт дін құбылысын ғылыми танымдық тұрғыдан талдап, бақылауды орталықтандырылған институттар арқылы бірізді сараптармен, қоғамдық қабаттармен бірегейленуін сездіріп отырғаны абзал.

Зайырлылық ұстанымы діннің саясилануын тежейтін, дінді мемлекет ісіне араластырмайтын ұстаным десек те, кейбір құбылыстар діндарлардың уәжін жоққа шығармайды. Сондықтан «саяси дін» мен «діни саясат» арасында өте нақты позициялық нақтылық керек. Зайырлылық ұстанымының позициясын қорғайтын да, жоқтайтын да мемлекеттік институт. Солай бола тұра кейбір топтар мен жамағаттар қатынасында алалау, тараптарлық танытатын болса, онда егмендіктің де, елдіктің де болашағына қауіп төндіреді.

Бүгін біз – демократиялық, әлеуметтік, құқықтық және зайырлы мемлекетпіз. Зайырлылық – атеизм де, секуляризм де емес. Ол – құқықтық ұстаным. Оның мәні мынада: мемлекеттің саяси және құқықтық шешімдері діни негізде қаралмайды. Дін мен мемлекет осы негізде өзара бөлек болады. Ислам да табиғатынан дін мен дүние, Алла мен әлем, адам мен ақыретті өз алдына жүйелеп танытатын, қабылдайтын дін. Сондықтан зайырлылық – мемлекеттік институтқа ғана қатысты ұстаным, ол қоғамдық институтқа, оның құндылықтық тұғырларына қатысты емес. Олай болмаса, кешегі кеңестік атеизм ұстанымынан еш айырмашылығы қалмайды. Содан соң демократиялық елде адам құқы тең, оның кәсібіне, міндетіне, қызметіне, тегі мен дініне қарай құқы ерекшеленбейді. Құқық – баршаға бір болса ғана құқық, бірақ әрбір азаматтың өзіндік статусы, жауапкершілігі мен міндеттерін жоққа шығаруға болмайды.

Кеңестік жүйе кезінде қазақ тарихынан, мәдениетінен, тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен, жалпы ұлттық құндылығынан ажырап қала жаздады. Бүгінгі қоғамдағы ұлттық санадағы буырқанған пікірталастардың дені – негізінен кешегі кеңестік идеологияның зардабы мен инерциясының жемісі. Енді болмыстан айрылдық дегенде тәуелсіз, өз алдына егемен ел болдық. Ал егемендіктің кепілі – зайырлылық. Сондықтан Ата заңымызға демократиялық, зайырлы, құқықтық ұстанымды басшылыққа алатын елміз деп жарияладық.

Егемендіктің берген сенімінің арқасында байқамай, алғашқы жылдары сырттан дін үйретемін деп келген кез келген миссионерге құшағымызды аштық. Нәтижесінде сәлафилік, уахабистік діни танымдар арқылы ел бірлігіне сына қағыла бастағанда, мемлекет дін туралы саясаты мен стратегиясын өзгерте бастады. Өйткені, сәлафилік тенденция да қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығарады. Жастарымызды өзінің тарихынан, мәдениетінен, салты мен ұлттық құндылықтанынан жерінуге апарып соқты. Бұл құбылыс тек санада ғана емес, еліміздің бірнеше аймақтарында жарылыстар мен терактілердің белең алуына апарды. Осының бәрінің артында радикалды діни идеология тұрғаны белгілі. Кешегі кеңестік ғылыми атеизм арқылы мансұқталған болмысымыз енді онтологиялық, психологиялық қабаттарда сәлафизм тұрғысынан мансұқталуын жалғастырды. Сондықтан кешегі «ғылыми атеизм» мен «бүгінгі сәлафизм» – ұстанымдық жағынан бір платформаға негізделген ұлттық болмысты мансұқтаушы идеология. Демек, біздің ел зайырлы ел ретінде кешегі атеизмге де, салафизмге де сындарлы мінез танытып отыр.

Елбасының ел болашағына бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы да, егемендіктің кепілі де зайырлылық ұстанымына барып тіреледі. Бұл ұстанымды бүгін қалай пайдаланамыз, ертеңімізді де солай елестетеміз деп нық сеніммен айтуға болады. Ал егемендіктің сақталуы – ұлттық, мәдени болмыстық құндылықтарымыздың сақталуының кепілі.

 Досай Кенжетай, дінтанушы

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/