Вакцина туралы ақиқат пен аңыз

0

Ол аяғын сылтып басады. Дәрігерлердің соңғы қойған диагнозы – артрит. Аружан (өз өтініші бойынша аты өзгертілді) осыдан 4 жыл бұрын салдыртқан екпенің салдарынан әлі азап тартып келе жатқанын айтты. Содан бері аурухана мен үйдің арасын тоздырып, ем-дом алып келеді екен. Кезінде оның ауырып тұрған хәлі ескерілместен, қатарластарымен бірге екпе егілген. Дәрігерлер мұның вакцинаның әсерінен емес екенін алға тартса да, Сарығашқа, емдеу орталықтарына тегін жолдама берген. Осыдан соң бұл аурулардың екпе салдырғаннан пайда болғанын білдім дейді ол.

Соңғы кездері бұл мәселеге қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Ғаламтордағы ақпарат пен адамдардың алып-қашпа әңгімесі екпе салдырудан бас тартатындардың санын арттырып жіберді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдан бері 14823 адам екпе салдырудан бас тартқан. Атап айтсақ, 2014 жылы – 2971, 2015 жылы – 5412, 2016 жылы – 1302, 2017 жылы – 3188, 2018 жылы 1950 адам  вакцинаға қарсылық білдірген. Бас тарту жағдайы бойынша басым үлесті Алматы облысы алып отыр.

Әр аумақ бойынша пайыздық үлес

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 5 миллионға жуық адам екпе салдырса, оның 1,3 миллионы – балалар. Вакцина егілгендегі сәтсіздік 2018 жылы жалпы санға шаққанда 0,05%-ды құраған. Бүгінде Қазақстанға Франция, Бельгия, Үндістан мен АҚШ, Корея, Ресей елдерінен ДДСҰ-ның талаптарына жауап беретін вакциналар әкелінеді. Дүниежүзілік стандартқа сай келетін вакцина өндіру қомақты қаржыны талап ететіндіктен, Қазақстанда жасау ісі алдағы күннің мәселесі.

Дәрі-дәрмектің бәрі дәрі ме?

Жеңіл-желпі ауруға дәрі-дәрмек іздеп,  айығуға асығатындар баршылық. Тіпті, бас ауырып, балтыр сыздаса да дәріханаға жүгіретініміз рас. Ауырдым деп емханаға бара қалған жағдайда да дәрі-дәрмекті қажетіңше жазып беріп жатады. Дәрігер қандай дәрі ішу керектігін айтып бермесе, көңіліміз бүтінделмей емханадан күпті күйде шығамыз. Қазір гепатит, қызылша сынды жұқпалы ауруларға қарсы екпе салдырмаса да, тұмауға қарсы еккізіп жататындар бар. Ал ақ халаттылар, керісінше, тұмауға шалдығып, бас ауырған жағдайда әуелі ағзаның өзі күресуіне мүмкіндік жасау керектігін алға тартты. Бұл туралы Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығының дәрігері, профессор, иммунолог Рафаил Розенсон: «Егер тұмауға шалдықсаңыз, дәрі-дәрмекке жүгінудің қажеті жоқ. Организмге аурумен күресуге мүмкіндік беру керек. Егер ағза өзі күрессе, келесіде ол ауру түрінен жеңіл өтеді», деді. Дәрігер, сондай-ақ, орынды-орынсыз антибиотикке жүгінудің де зиян екенін айтып өтті. Қуатты дәрілерді қабылдаған ағза, келесіде одан да жақсы әсер ететін дәрі «іздейді».

Екпеден сеп болмаса кім кінәлі?

Рафаил Розенсон вакцинаның жүз пайыз пайдалы екенін алға тартты.  «Соңғы уақытта адамдар ғаламтордан оқып алған ақпарға сеніп, бас тартып жатыр. Ал шын мәнінде, сәтсіздік миллионға шаққанда бір адамнан келеді. Бізге келетін екпелердің бәрі тексерістен өтеді», деді ол. Ал вакцина салдырған соң демікпеге болған, әр түрлі ауруға шалдыққан адамдарға қатысты не айтамыз? Мұның басты себебі – салу барысындағы салғырттық. Мамандар ауырып тұрған не жақын арада айыққан адамға егілуге болмайтынын баса айтты.

Екпеге альтернатива бар ма?

Адамдардың көбі көк түтін будақтаған қалаға ағылған, ұзақ күн кеңседе отыратын қазіргі заманда жұқпалы аурумен вакцинасыз күресу қиын дейді мамандар. Бір екпе 20 күндік физикалық жаттығудың әсеріндей екен. Өкінішке орай, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, күнделікті жаттығумен айналысудан гөрі, дерттен дәрі арқылы емделгіміз келіп тұратыны бар. Тіпті, бүгінде арықтау үшін де түрлі препарат пайдаланатындарды көріп жүрміз. Таза су мен табиғи өнім – ауруға шалдықпаудың бірден-бір кепілі. Демек, ішер ас пен дене жаттығуларына жеткілікті мөлшерде көңіл бөлу – емхана есігін қақпаудың негізгі жолы. Осы орайда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бабаларымыздың өсиетін қаперде ұстасақ, ұтылмаспыз.

Дін мен екпенің қатысы қанша?

Қоғамда «дін ұстанатын мұсылмандар екпеге қарсы» деген кереғар пікір қалыптасқан. ҚМДБ Пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы дін ұстанбайтындардың арасында да қарсылардың көптігін, бас тартқандардың өз аргументі бар екенін айтты. «Бәрін дінге апарып телудің қажеті жоқ. Бас тартып жатса, әркімнің өз дәлелі бар. Дін ғылымға қарсы емес», деді ол. Осыған қатысты мешіт жамағатына сауалнама жүргізгенімізде қолдағандар да, қарсы пікір білдіргендер де ұшырасты. Қарсылардың негізгі «дәлелі» егілген соң ауруға шалдыққан таныстар мен ғаламтор арқылы алған мәлімет болып шықты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі  бойынша екпеден бас тартқандардың себебі (%)

Алпауыттардан аларымыз бар ма?

Германия сынды дамыған елдерде екпені мемлекеттің міндеттеуімен емес, адамдар сатып алып егуге мәжбүр. Екпе дауы ушыққан демократиялық қоғамда таңдауды халыққа жасатқан дұрыс та шығар, бәлкім. Кім білсін?!

Салтанат Шынәділ

Abai.kz

 

Abai.kz