«Ұлы» орыс тілі Украинада ұлылығынан айырылды

0

Украинаның Тернополь облысында орыс тілін кез келген формада қолдануға мораторий қабылданды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Орыстар ана тілін «Ұлы орыс тілі» деп атайды. Әрине әр ұлт үшін өз ана тілі ұлы шығар. Алайда орыс тілі бұрынғы ССРО-ның құрамында болған елдерде ғана қолданылады. Десек те, пост кеңестік мемлекеттерде де орыс тілінің қолданыс аясы жылдан-жылға тарылып келеді. Қай ел болмасын мемлекет тіліне басымдық беріп, оның мерейін үстем ету үшін барын салуда. Бұрын бауырлас елдер болған Украина мен Ресейдің арасындағы кикілжіңнен кейін Украина орыс тілін мүлде ығыстыруды мықтап қолға алды.

Бұған дейін мектептерде орыс тілі пәнін алып тастады, Лениннің барлық ескерткішін құлатты. Осылайша комсомолды еске салатын барлық нысаннан құтылды. Биыл телеарналарға қатысты заң қабылданды. Оған сәйкес, Украина телеарналарында эфир уақытының 75% украин тіліндегі жобаларға берілуі тиіс.  Енді, міне, орыс тіліне мораторий жариялап отыр.

Украинаның Львов облысында орыс тілін қолдануға тыйым салынғанда Ресейдің сыртқы істер министрлігі сын айтқан еді. Көп ұзамай Украинаның басқа облыстарында да орыс тілін қолдануға тыйым салынды.

«Облыстық кеңес, Ресей Украина территориясында басқыншылық әрекетін тоқтатпайынша Тернополь аумағында кез келген формада орыс тілін пайдалануға тыйым салды», — делінген облыстық кеңестің сайтында.

Украинаның ұлттық ұйымының 90 жылдығына орай депутаттар осындай шешім қабылдаған. Ресей Украинаның ұлтшылдар ұйымын экстремистік деп таныды.

Украина радасы

Бұған дейін Житомир облыстық кеңестің депутаттары да орыс тілін қолдануға тыйым салғанын естеріңізге салайық.

«Қамшы» сілтейді