Үкімет көп балалыларға арналған «тұрғын үй салуға 100 млрд теңге бөледі»
Көп балалы отбасыларға жалға берілетін тұрғын үй салуға және жеңілдетілген кредит беруге 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы 12 наурызда өткен үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.
Смайылов үкімет отырысында 2019 жылғы бюджетке енгізілген өзгерістерді таныстырған.
Оның сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыруға 444,3 млрд теңге бөлінеді.
Министр «[осы қаржыдан] аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген кредит беруге 100 млрд теңге бөлінеді» деді.
Сондай-ақ «азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге» 224,3 млрд теңге бөлінбек.
Қазақстанда соңғы бір айда көп балалы әйелдер наразылыққа шығып, тұрмысы төмен отбасылар мәселесі қоғамда ашық талқылана бастады. Әйелдер билікке талап қойып, тұрмысына жәрдем беруді, құқықтарын сақтауды сұраған оқиғалар жиіледі. Полициядан қысым көргенін айтқан аналар да бар.
Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті.
Наразылық күшейіп тұрған тұста билік мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек аясында берілетін жәрдемақыны ұлғайтуға, жәрдемақы алу шартын жеңілдетуге, күнкөрісі төмен көп балалы отбасыларға жалға берілетін баспана санын көбейтуге және тағы басқа шаралар қабылдауға уәде еткен.
Abai.kz