Үйде балалар айқайлап жатты: Астанада 5 бала көз жұмған өрт жайлы туысы айтып берді

0

Астанада бір отбасының бес баласы көз жұмған қайғылы жағдай туралы куәгерлер айтып берді. Айтуларынша, балаларды құтқарудың мүмкіндігі болмапты.

Астана әкімі қайғылы жағдайға қатысты қара жамылған отбасыға көңіл айтып, шұғыл жиналыс өткізді, деп хабарлайды 24 хабар арнасы.

Жиында отбасыға барлық көмек көрсетуін тапсырды. Аудан әкімдерінен Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тексеру жүргізуін сұрады. Бұл жайт ТЖД тарапынан кеткен қателік салдарынан болды деген пікір айтты.

Ал, куәгерлердің айтуынша, балаларды құтқару мүмкін болмапты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өртенген үйге кіргендер балаларды алып шыға алмаған.

“Онда шулап жатқанын естідім. Жүгіріп терезеге келдім. Кіріп едім, қап-қараңғы болды. Ештеңе көрінбеді. Ол жақта өте ыстық болды. Қолыммен сипап көріп ем, ештене таппадым”, – дейді отбасының туыстары Жанат Айтымов.

Өрт салдарынан 5 бала қаза болды. Көршілерінің айтуынша, олардың бәрі қыз балалар.

“Ата-анасы жұмыста болды. Әкесі көлік жөндейтін жерде істейді. Анасын білмеймін. Анасы жақында ғана жұмысқа шыққан. Бұған дейін үнемі балаларының қасында болған”, – дейді көршісі Рахим Әшімбаев.

Өрттің шығу себебі ресми түрде айтылған жоқ. Үйдің пешпен және тоқ құралымен жылытылатыны анықталды.