«Үй көшершіні мен түз көгершіні»…
Осыдан он жыл бұрын Шынжаңға барған бір сапарымда, сол жақта тұратын қаламдас досым:
– Ұйғырдың бір жазушысы «Үй көгершіні мен түз көгершіні» атты мысал әңгімесі үшін сотталып кетіпті! – дегенді айтты.
Мен қайыра сұрақ қойып:
– Сонда қалай, шығармасында не жазған еді? – дедім.
Досымның айтуы бойынша аталған шығармада үйде бағылған көгершін терезенің ішкі жақтауында отырса, сырттан ұшып келген көгершін терезенің сыртқы жақтауына келіп қонады. Содан екеуі сырласады. Үй көгершіні өзінің адамдардың мәпелеуінде қам-қайғысыз өмір кешіп жатқанын айтады. Ал түз көгершіні болса: «басында еркіндігің, бостандығың болмаса сенің рахат тұрмыста отырғаныңнан не пайда!?» дейді. Кеңес, талас-тартыс осылай өрбиді де, ең соңында түз көгершіні еркін көгіне самғай ұшып кете барады. Үй көгершіні бірге ұшайын десе ұша алмай, амалсыздан құсалықпен қала береді. Мысал әңгіменің ұзын ырғасы осылай екен. Сөйтіп мысалды жазған ұйғыр жазушысы осы жазбасы үшін сотқа тартылып, түрмеге түсіпті.
Ұйғыр жазушысының дәл қай жылы жазаға тартылғаны есімде жоқ. Содан бері де жер бетінде біраз жыл аунады.
Өз басым 1997 жылы Шынжаңнан Атажұрт – Қазақстанға көшерде жақын-жанашыр дос-жарандарымның құлағына сыбырлап: «шынымды айтсам енді елу ылдан соң мұндағы қазақтың күйі не болады, көзім жетпейді. Бір білетінім қытай ұлты өз мемлекетінің өктемдігін көрсетіп, тіліңді, дініңді, діліңді құртады. Табиғи және зорлықты ассимиляция арқылы шағын ұлттарды құлдыққа ұстайды. Сол үшін де есің бар да еліңді тап деген» – деуші едім.
Мен қате шамалаппын, елу жыл емес, араға жиырма жыл салып, менің қорқынышым шындыққа айналды.
Атажұртқа бір жола қоныс аударған қазақтарды айтпаған күнде, екі елге жалтақтап, арлы-бері сарпалдаңда жүрген қандастардың аяғына қытай жағы тұсау салды. Дінді тұмашалады, тілді күрмеді, ділге бұғау салды. Тіпті бір бөлім отбасылар шекараның екі жағында жарылып қалып, қан жылап отыр. Сөйтіп кезінде кеңестіктердің орысшыл дүбәра, мәңгүрт қазақтарды қолдан жасап шығарғаны сияқты, қытайда «қытайшылдарды дайындаудың», «қытайды мәдениет көкесі санаудың», «бас көтере алмайтын құл жасаудың» мектебі қалыптасты.
Қай дәуірде болмасын, жаулар ел бастаушыларды, оның батырларын, рухани көсемдерін алдымен жоюға тырысады. Сол үшін де қазақ ұлты жөнінен алғанда орыс пен қытай ең әуелі біздің сорпа бетіне шығарларымыздың көзін құртып келді. Бәйтеректі бір құлатса, тамырын екі шауып, түбегейлі жоғалтудан аянған жоқ. Алла қуат бергенде қазақ өлмей келеді.
Бүгінгі Шынжаңдағы жағдай жөнінен алғанда, қытай ұлты шағын ұлттардың бас көтереді-ау дегенедерінің бәрін құртуды мақсат етіп отыр. Ұлттың идеялық оянуын теждеудің бір жолы – олардың идеологтарын құрту деп есептейді. Кеңес одағында қазақтың қазақтығын сақтауға түбірлі ықпал еткен әдебиет, мәденет, өнер болса, қытай жағы дәл осы жақтарынан зорлықшыл өктемдік шеңберін қыса түсті. Ұлттың идеялық бірлігінің ұйтқысы болған дін мен тіл құртылса, әдебиет те, мәдениетте, өнер де ұлттық құндылығынан айрылып, өзгенің құлдығына, отарлауына бейімделеді.
Шынжаң қазақтарының әдебиетінде бұдан бұрын қазақстандық әдебиет үлгілерін оқулық еткен жақсы дәстүр қалыптасып еді. Сол арқылы қазақ ұлтының ортақ ойға ойысуына, рухани бірлік қалыптастыруына алтын көпір салына бастап еді. Алайда осы байланыстар мен көтерген тақырыптар жағынан алғанда қытай ұлтының мемлекеттік қауіпсіздігіне қатер төндірерлік ешқандай күдік-күмән немесе соған себепкер боларлық іс-шара көрілмеп еді. Соған қарамастан енді, міне, қытай мемлекетінің мемлекетшіл және әсіре ұлштыл топтарының атқа мінуімен ұлттың сол құндылықтарына балта шабылып отыр. Соңғы кездері Шынжаң жағынан келген жағымсыз хабарларға қарағанда қытай зорекерлері қазақ ұлтының мектептерін хан тіліне бейімдеп болғасын, дін бастаушыларының көзін құртып, ендігі найзаның ұшын әдебиет пен мәдениет шебіне кезеген екен.
Мұның бәрі де өзге империялар, өзге отарлаушы елдер, зорлықшы өктем ұлттар әлде қайда практикадан өткізген – құлданудың «дәстүрлі жолы».
Ежелдің ежелінен біздің жауларымыз – түркі дүниесінің, мұсылман әлемінің, қазақ жұртының құндылықтарын жер бетінен құртып, жойып жіберуге жан-тәнімен кірісіп келеді. Қытайдағы бүгінгі жағдай да соның бір мысалы. Сондықтан да, біз мұсылман ретінде, түркі ретінде, қазақ ретінде өзіміздің өлмес жолымызды іздеп, тынбай күресумен келеміз. Өшкенімізді жандырдық, өлгенімізді тірілттік. Кешелі-бүгінгі жазуларымызды қойып, тас бетіндегі жұмбақтардың шешуін тауып, ата-баба рухын сөйлеттік. Бұлар бізді ешкімнің өлтіре алмайтынын, құрта алмайтынын тарих алдында тағы бір мәрте дәлелдеп еді.
Ғасырлар бойы қалғыған сәтімізді аңдыған дұшпандар да жаулығын тоқтатқан жоқ. Тарих сәтінің оңтайлы тұстарынан ұпай алған олардың сондай бір соқтықпалы, соқпалы, құйынды дәуірлерде талай жәдігерлеріміздің көзін құртып жібергенін де жоққа шығармаймыз.
Олай болса, біз бұдан бұрын қолға алынған шетелдегі қазақтардың бай мұрасын атажұртта жарық көргізу ісін, одан әлде қайда дамыған түрде, бар ниетімізбен аса шұғыл түрде тіпті де тереңдетуіміз керек. Және де олармен арамыздағы болған рухани байланыстың үзіліп қалмауы үшін әр түрлі әдіс-амалдар қарастырғанымыз жөн. Айталық, мемлекет тұрғысынан қытай елімен спорт, әдебиет, мәдениет, өнер алмасулар негізіндегі іс-шараларды қолға алған жөн. ҚХР мемлекетінің заңдарын басшылыққа ала отырып, онда тұратын қандастардың осы елге келіп-кетуі мен қазақ әдебиетшілерінің, өнер адамдарының сол елде болуын іске асыруға әбден болады. Сөйтіп олардың үрейіне үміт сыйлап, үмітіне үкі қадаудың жолдары да табылар еді.
Сөзіміздің басында келтірілген ұйғыр жазушысының басында болған жәй – бүгінгі адамзат өркениеті дамыған тұстағы адам құқығының, сөз бостандығының бұзылуы болып табылады. Сондықтан да қытай елінде дәл сондай болып жатқан оқиғалар төңірегінде, зардап шегушінің мейлі қай ұлт өкілі болуына қарамастан, оның ісін ақтау хақында халықаралық сотқа арыз беру керек. Халықаралық кісілік құқық қорғау ұйымдарына жетікізіп араша сұрау тиіс. Әлемдік БАҚ өкілдері де аталған сұмдықтарды әшкерелеуі қажет.
Жер бетінде «қызыл кітапқа» кірген бір торғай немесе тышқан жоғалуға айналса, бүкіл жер шары дабыл қағып шулайды. Оның тұқымын аман алып қалайық деп адамзатқа жар салады. Шынжаңдағы бас еркіндігінен, адами құқықтарынан айрылған шағын ұлттардың мүддесі аяқ асты етілсе, ұлттық бөгенайлары құртылса онда өзгелер үнсіз қалуы керек пе?!
«Шеткі үй көшсе, ортаңғы үй шет болады» дегендей, тибет, ұйғыр, моңғол ұлттарының ұлт бостандығы мүмкіндігін жоққа шығарып үлгерген қытай зорекер күштері енді қазаққа ауыз салды. «Тырнақ астынан кір іздеп», ондағы қазақ әдебеті үлгілерін ақтара бастады. «Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады», «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, қытай күштерінің қолшоқпарына, «адал мүритіне» айналған қандастарымыздың өзі бірін-бірі жасырын жолдармен көрсетіп беріп, сый-сияпатын алатын болған.
Дәл қазіргі жағдайда қытайда жарық көрген латын және А.Байтұрсын емлесіндегі ұлттың рухын оятады-ау деген кітаптар дерлікке жуық тәркілену үстінде. Алды өртеліп те үлгерді.
Осындай оқиғалардың ой түрткі болуымен қазақ мемлекеті «шетелдегі қазақтардың кітапханасын» ашуды қолға алса тіпті де құба-құп болар еді. Олай болғанда сол елден осында жеткен, жекелердің қолындағы әдебиет үлгілерінің көзі барларын жинап алудың да мүмкіндігі туары анық. Қытайдағы қазақтардағы бай ауыз әдебиеті үлгілері мен Ақыт, Әсет, Жүсіпбек, Зият, т.б. тұлғалардан қалған іздер мен мұралардың атажұртқа жетпегені, жарық көрмегені де көп.
Қорыта келгенде, шетелдегі қазақтардың әдебиеті мен әдебиетшілеріне төнген қатер – қазақ әдебеті сынды алтын бәйтеректің бір бұтағын сындырғанмен бірдей. Олай болса жанында қазақ қаны, қазақ намысы бар азаматтар алыстағы ағайынның рухани әлеміне жасалған шабуылға қорған болудың барлық мүмкіндіктерін қарастырғаны жөн!
«Үй көгершіні мен түз көгершіні»-нің тағдыры – ғасыр трагедиясы.
Жәди Шәкенұлы, жазушы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/