Тәуелсіздіктен кейінгі демографиялық жетістіктеріміз қандай?
Ұлттық статистика агенттігі сайтының 2018 жылдың қыркүйек айына дейінгі есебі бойынша, еліміздегі халық саны 18 329800 адамға жеткен. Алғашқы жарты жылдық ішкі көші-қон статистикасына сүйенсек, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығымен салыстырғанда 24 пайызға азайған. Әрине, бұл облыс орталықтарына яки ірі қалаларға қоныс аударушылардың нақты мәліметі деуге ертерек. Ауылдан қалаға көшу процесі әлі тоқтаған жоқ.
Ішкі көші-қон жайлы айтқанда Елбасының тапсырмасымен елде жүріп жатқан оңтүстіктің халқын солтүсікке көшіру жобасын айтпай кету мүмкін емес. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру мәселесі қолға алынып отыр. Яғни, халқы тығыз орналасқан өңiрден Солтүстiк аймаққа халықтың қоныс аударуын ұйымдастыру жөнiнде арнайы бөлім бар.
Тәуелсіздік кезеңіндегі көрсеткіштерге көз салсақ, еліміздің Оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейсе, керісінше Солтүстік аймақтарда халық саны едәуір азайған. Айталық, СҚО-да 2004-2014 жылдар аралығында 100 мың адамға азайғаны ресми деректерде көрсетілген.
Түркістан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облыстарында бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 24-26 баладан тура келсе, Солтүстік өңірлерде 13-15 бала мөлшерінде қалып отыр. Осы мысалдан-ақ Оңтүстік өңір халқының өсу барысы байқалса керек. Дегенмен, бұл облыстарда халық санының артуына мұнан басқа да факторлар түрткі болып отыр.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтанушы Раушанбек Әбсаттаров Қ.Данабекке берген сұхбатында Оңтүстік өңірлерде халық санының артуына ауарайының қолайлылығы және елдегі магистралды жолдардың, шағын және орта бизнестің дамуы себеп деген ой айтқан болатын. Ол Солтүстіктің халық санын арттыру — мемлекеттік аса маңызды саясат болу керек деп санайды.
Ең негізгі себебі, сол өңірлердегі славян текті және өзге де ұлыс өкілдерінің өзінің түп мекендеріне – Ресей, Белоруссия, Украина, Грмания, тағы басқа елдерге көшуінде болып отыр. Бұл үдеріс сонау 1990 жылдардан басталған. Тіпті, сол кезде СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарындағы кейбір ауылдар түгелге жуық көшіп кеткен. Бұрын 100 немесе 200 отбасы бар ауылдарда, бүгіндері 20-30 отбасы ғана қалған. Мектептер жабылған яки жабылу алдында тұр. Жол, құрылыс нысандары жаңармаған. Негізгі себеп осы деп ойлаймын. Қазақстаннан алыс-жақын шетелдерге ағыла көшуді мына статистикадан анық аңғаруға болады. 1989 жылғы халық санағы бойынша еліміздің жан саны 16 миллион 199 мың 200 адам делінсе, 1999 жылғы санақта 12 миллион 461 мың адамға азайған. 10 жыл бойы өспеген, 4 миллионға жуық адамға кеміген. Бұл статистика жаға ұстатарлық жағдай еді. Шетелге көшу процесі әлі тоқтаған жоқ. Қазір 18 миллионға жеттік. Демек, біз жедел өсу үстіндегі елміз. Демографиялық жағдайымызға сүйсінуімізге болады. Соңғы 19 жылда 5 миллионнан артық адамға өскенбіз. Бұл демографиялық саясатымыздың оңды бағытта екенін көрсетеді.
Бұдан сырт, Солтүстік аймақтарда ішкі көші-қон процесі едәуір жүрді деуге болады. Облыс орталықтарына, шағын қалаларға, алыс аймақтарға, Алматы мен Астанаға қоныстанушылар да бар. Көпшілігі жұмыс іздеп, жан бағу қамымен көшті.
Өткен жылғы, яғни, 2017 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1000 адамға шаққандағы ең жоғарғы көрсеткіш Маңғыстау облысында 29,74, Астанада 28,23, Түркістан облысында 27,20 сәбиден тура келсе, ең төменгі көрсеткіш СҚО-да тіркелген. Бұл өңірде 13,17. Бұл өте төмен көрсеткіш. Павлодар мен ШҚО-да 15,91 де 15,98. Демек, Солтүстіктегі аймақтарда табиғи өсімнің өзі мардымсыз. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, осы өңірлерде халықтың әл-ауқаты нашар. Оны ашық мойындауға тиіспіз. Әлеуметтік жағдайы төмен және инфрақұрылым дамымаған. Иә, статистика бойынша халықтың тұрмыс жағдайы Оңтүстіктегі кейбір аймақтарға қарағанда салыстырмалы түрде жақсы деп бағаланады. Бұл осы облыстардағы ірі кен орындарында жұмыс істейтін аз мөлшердгі халықтың күн көрісімен, тау-кен өндірісі, түсті металл, ірі өндіріс ошақтарының аймақтың экономикасына құйып отырған қаржылық мүмкіндігімен, ірі шаруа қожалықтарының жетістіктерімен өлшенеді. Ал қарапайым халықтың тұрмыс-күйі, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар санатына жататын, шын мәнінде жұмыссыз халықтың көптігі ескеріле бермейді.
Екіншіден, бұл өңірлерде өзге ұлт өкілдері, әсіресе славян текті отандастарымыздың саны әлі де мол. Олар көп балалы болуға құлықсыз. Ресейдің халқы жыл санап табиғи түрде азайып бара жатқаны әлемге аян.
Үшіншіден, бұл өлкелерге барушыларға қарағанда, ол жақтан көшіп кетушілердің саны басым. Мұндай жағдай белгілі дәрежеде жұртшылық санасына кері әсерін тигізеді. Бұл да бала туу көрсеткішін баяулатады.
еліміздің демографиялық саясаты оң бағытта деуге болады. Мұны жоғарыдағы мысалдан байқаған боларсыз. Бала туу көрсеткішін жақсартуға ынталандыру дұрыс. Бізде оның өзіндік механизмі бар. Жөргекпұл бұрынғыға қарағанда артқан. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы да бар. Әрине, көп емес, жоқтан жақсы. Ресейде үшінші балаға 9 мың доллар мөлшерінде бір жолғы көмек беріледі. Осындай ауқымды тәжірибені бізге де қолданса болар еді.
Негізгі мәселе тек әлеуметтік жағдайға тіреліп тұрған жоқ. Халықтың санасы өзгеру керек. Еуропа елдерінде халықтың балалы болуына бар жағдай жасалғанына қарамастан, олар жыл сайын азайып барады. Біздің қазаққа да бұл «дерт» жұға бастады. Қазір 4-5 балалы отбасыны көрсек таңырқайтын болдық. Сана өзгермей, ештеңе өзгермейді.
Демографиялық саясат – еліміздің ең негізгі саясаты болу керек. Солтүстікті қазақыландыру – Назарбаев саясатының айрықша бөлігі. Мұны Президент айғайламай, өте ұрымтал әрі батыл қадам арқылы жасады. Астананы Ақмолаға көшіру – айтқызбай түсіндіру еді. Сол асыл мұратты жүзеге асыруда орасан зор еңбек істелді. Астана халқы 1 миллионнан асты. Алдағы жылдары 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Әрине, ел орталығы болғасын көптігі ештеңе етпейді. Дегенмен, Астанаға жақын Солтүстік облыстарды ұмыт қалдырмау керек. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облысындағы халық санын қаперге алып, ондағы демографиялық ахуалды назарда ұстамасақ, күндердің күнінде опынатын боламыз. Оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру бағдарламасы кеш болса да оңды оймен қолға алынған жақсы бастама. Солтүстікке көшіру бағдарламасын шолып шықтым. Өткен жылы 288 отбасын көшіру жоспарланғанымен, 248 отбасы қоныс аударыпты. Бұл, әрине, мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылғаны. Өз еркімен көшіп барғандары тағы бар болуы мүмкін. Меніңше, идея дұрыс болғанымен, іске асыру тетігі оңтайлы емес секілді. Көшіп барғандарға бір жолғы көмек қаражаты жан басына 80 мың теңге екен, үй жалдап тұруға бір жылдық көмек қаржысы тағы бар. Солтүстікте босап қалған ауылдар көп. Оларға егіндік және жайылымдық жерлер тегін беріледі. Игере алса көп жер алуға болады.
Кеңес одағы «Тың игеру» жылдары миллиондаған халықты Қазақстанға ағылтқан жоқ па. Біз «Солтүстікті игеру» деген мемлекеттік ұзақ мерзімді бағдарлама ашып, ауыл-шаруашылық жерлерін толықтай игерудің, одан шыққан өнімді сол жерде өңдеудің нақты механизмін жасасақ құба-құп. Азық-түлік, астық өнімдеріне әлемде сұраныс артпаса, кемімейді. Қазақстанның Солтүстік аймақтары – дәнді дақылдардың орталығы. Бұл өлкелерде ауыл-шаруашылық және мал шаруашылық кластерін қазіргіден он есе арттыруға толық мүмкіндік бар. Қытай – азық-түлік және астық өнімдеріне қолайлы үлкен нарық. Біз неге көрші елдің осы мүмкіндігін орайлы пайдаланбаймыз? Мұны алып компаниялардың шексіз пайда табу, дайын астықты сату құралына емес, мыңдаған халықтың күнкөрісіне айналдыра алсақ, болашақта Солтүстіктегі өлкелердің жалпыхалықтық деңгейде ауқаты артады. Астық экспорты қазірдің өзінде мардымсыз жүріп жатыр. Қытай тарапы дәнді дақылдарымызға қаншалықты қызыққанымен, біздегі бьюрократия оған жол берер емес. Қытайға астығын қарапайым және орта шаруа қожалықтары сата алатын мықты механизм жасасақ жақсы болар еді.
Солтүстікті игеру – ұран емес, істің, нақты жұмыстың нәтижесі болуы керек.
Ерлан Әбікенұлы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/