«Шонжы» атауы жайлы не білеміз?
Тарих – бүгін істеп, іле нәтижесін көрсетер қол жұмысы емес, ми жұмысы. Сондықтан әркімнің өз туған өлкесі, ауылы, тау-тасы, өзен-көлі, кең даласы – шежіре тарих.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», – дейді Елбасымыз да өзінің өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Иә, қандай да бір өлкеге барсаңыз, жер-су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады. Елді мекен, жер су атаулары – мәдени тарихи мұра, ұлттық құндылық. Халықтың ерте заманнан бастап тілдік, территориялық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тарихының санасы мен рухани болмысының ұмытылмас жәдігері. Ал осы саланы зерттейтін ғылым топономика деп аталады. Топономия – халық өмірінің айнасы. Оны сол жерлерге иелік құрған халықтардың тілдері баяндайды. Сонымен қатар сол аймақтың иесі болып табылатын халықтың тарихи сырын, аты-жөнін, сөйлеу тілінің тегін ажырату болып табылады. Топономика – ежелден бар ұғым. Ең күрделі саласы – ономастика.
Ғасырлар тоғысында талай тартысты жылдар мен қан төгілген күндер жатыр. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен де, білектің күшімен де, қала берді қанымен, жанымен қорғаған ұлан-ғайыр даланың әрбір тасының өзінде тарих таңбаланған, ашылмаған сыры бар. Әр өлке, әр аймақ өзінше бір шежіре тарих. Сол шежірені зерттей, тарихына үңіле түсіп оқи-тоқи бастасаң, тәуелсіздікке дейін қазақ жұртының мың өліп мың тірілген талай дәуір-кезеңдердің саяси құрбаны болғандарын көреміз. Сондай кең алқаптардың бірі – өзіміз білетін Қарадала. Қойнауы қазынаға толы, жері құнарлы осы өлке де өз шежіресін, тарихын ішіне тығып алып жатыр. «Кел, зертте, хаттап жаз жеріңді, суыңды, тауыңды, далаңның атын, бабаларыңның ерлігін атап-атап келешек ұрпағыңа шежіре қылып қалдыр» дегендей. Оның себебі де жоқ емес. Осы Үйсін тауы (Кетпен тауы, Қара жота үстірті) мен Қарадаладағы жер-су, елді-мекен атаулары, қазіргі заманда елім жерім деген азаматтарға және келер ұрпаққа үлкен сын болып тұр. Тегін тануға ұмтылған жұрт, кейінгі ұрпақ текке қарап жүрмесі белгілі. Әркім өз шамасынша талпынып, ізденіп жатыр. «Ештен кеш жақсы» дегендей осы өңір жайлы талай-талай зерттеу мақалалар жазылып та, айтылып та жүр. Сол зерттеу, зерделеулердің бір парасы аудан орталығы Шонжы туралы. Жалпы көпшілік осы атаудың мән-мағынасына зер сала қоймауы да ықтимал. «Шонжы» деген кім? Оның еліміздің тарихына қосарлық қандай үлесі бар? Оны жас ұрпақ біле ме? Міне, бізді бүгінде осы сауал мазалауы тиіс.
Әлқисса, сонау 1643 жылдан бастап «Орбұлақ» шайқасындағы жеңістен кейінгі, ірі ұрыс осы Қарадала алқабындағы 1683 жылғы Жоңғар – Қазақ шайқасы. Себебі, жоңғар батыры Шонжының 10 мың әскерін Әлмерек батыр қолбасшылық еткен 6 мың әскердің ойсыратуы тарихта жазылмаған тарихи жеңіс еді.
Сол соғыстағы жас қолбасшы, Батыр Әлмерек туралы бірқатар мағлұматты Әскербек Тойғанбекұлының «Қайран елім» тарихи деректі романынан, «Батыр баба Әлмерек» туралы «Тазабек батыр кітабында» және де Әлмерек батырдың тікелей ұрпағы Ораз Қауғабайдың «Әлмеректің бес баласы және Еділ жайық» эссе – хикая, тарихи таным кітабында, Жолдасбай Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» бірінші романынан тауып оқуға болады. Басқа да Қазақстан, Қытайдағы жазушы-зерттеушілердің тарихи мақалаларында да тың аңыз-деректер жетерлік.
Әлмеректің жастығы жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының қан-кешті күресімен тұспа-тұс келді. Айт-Бозымның ақиық ақыны Көдек Байшығанұлы өз шежіре дастанында, бабамызды былай жырға қосады:
«Бозымнан Сары Жаншық анық өткен,
Жаншықты Қызыр бабаң шалып өткен,
Жаншықтан Әлмерек пен Олжай туып,
Әлмерек батыр болған бағы өктем».
Бұдан әрі қарай шежіре былай өрбиді. Албан биі Сүйіндіктің келуімен, жасы бар кәрісі бар Албан атқа мінерлері Қарқара жайлауында үлкен бас қосу өткізді. «Елім жұртым бізге не болды, Таубұзар бабамыз тұсындағы айбынымыз қайда кетті? Бізді қай кезде жаулар басынып еді, енді жоңғарға ұлың – құл, қызың – күң болып табанына басылып өтеміз бе? Бізде ел қорғайтын, қару ұстайтын еркек туылмады ма? — деген ашынған елдің сөзін естіп, Таубұзар батырдың шөбересі жасы әлі жиырмаға жетпеген, Әлмерек шауып шығып: «Ер азамат деген міне біз. Албанның бүгінгідей басқосуын күткелі қашан қане жауды басындырмаймын деген әрбір отбасы он сегіз бен отыз арасындағы азаматын қатарымызға қоссын, жаудың басын алып кек қайтаратын біз», – деген екен.
Елдің бас биі Әлмеректің болайын деп тұрған, ел үшін еңіреп туған азамат екенін екі ауыз сөзінен таниды. Танып қана қоймай елдің бар азматына Таубұзардай тұлғалы Әлмеректің жасағына атқа қонуға үндеді. «Ел басына күн туған кезде, елің мен жеріңді қорғауға аттан!» деп Албанның бас биі бата береді.
1680 жылдардан бастап Әлмерек бастаған жасақты үлкендер қолдап, Таубұзар бабамыздың ерлік жолында жанында болған Сырымбет пен Төлес т.б аталарымыз жасақты жасақтауға, жаттықтыруға, соғыс өнерін үйретуде бар өнерлерін салды. Сол кезден басталған ерліктің ұшқыны қас жауымыз болған жоңғарларды шайқаста жеңумен аяқталды. Бұл бірақ уақытша тыныс алу кезеңі еді.
Әлмерек батыр 1683 жылы жаз айында, осы Шонжы аталған елді мекенде, кең алқапта жоңғармен қан майданда Ғалдан Бошоктың Шығыс Жетісу қонтайшысы (билеушісі) әйгілі қолбасы Шонжы батырымен жекпе-жекте басын алады. Әлмеректің жанында мыңбасылар, жүзбасылар Албан Хангелді, Шапырашты Түрікпен, Дулат Өтеғұл Биеке Байсейіт інісі Олжай батырлармен бас қосып, жоңғарлардың 10 мың қолын тоз-тозын шығарып, жерімізден түре қуып тастады.
Жалпы Шонжы атын зерттей келгенде Ұйғыр ауданының орталығы, Шонжы атауы Жоңғар-Қазақ шайқасынан кейінгі жоңғар батыры жекпе-жекте қазақ батыры Әлмеректен жеңіліп, сол жер «Шонжы өлген» болып аталған. Келе-келе «өлгені» түсіп, Шонжы аталып кете барған. Бұл тарихи дәлелді дерек. Оған дейін бұл алқап «Әлмерек жайы», жайлауға көшер, тыныстар, әскерін жаттықтырып жоңғарлармен соғысқа дайындалатын жайлауы, «жайы» делінген. Ел ақсақалдарының айтуында, аңыз әңгімелерінде, әуелі сонау үйсін дәуірінде, Жібек жолы кезінде моңғол татар Шыңғысхан дәуірінде бұл аймақ «Қарадала» сауда жолының бір тармағы болған. Одан кейінгі кезең жоңғар отарлауы, орыс патшалығының отарлауы (Ресей империясы), кеңестік кезеңінде Шонжы атауы – Чунжа, Чунджа аталып келген. Бүгінде қазақшалап Шонжы деп алған жайымыз бар. Түріктанушы С. Е. Маловтың: «Шонжы сөзі «кең, жай, танап» мәніндегі сөз тіркесі» деген пікірін басқа ғалымдар да мақұлдайды. Анық мағынасы мен шығу төркіні қытай жазбаларында да белгісіз. Негізінде Шонжы – жалқы есім ретінде жазушы Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім 3 томдық кітабындағы бірінші томында «Әлмерек батыр» бөлімінде жан-жақты толық суреттеліп жазылған. Шонжы – жоңғар-ойрат есімі.
Көріп отырғанымыздай, «Шонжы» қазаққа да, тіпті осы Жетісу өңіріне 19 ғасырдың аяқ шенінде қоныс аударған ұйғыр ұлтына да жат есім. Яғни ұрпағымызға ұлықтар бабамыздың, данамыздың, қала берді тарихымызға қашалған қандай да бір маңызы бар атау да емес. Ендеше осы жер-су атауларына тарихи танымы мол атаулар берсек, Елбасымыздың өзі айтқан «Рухани жаңғыру» дегеніміз емес пе? Мұнан басқа ауданда Сүмбе, Шошанай, Дардамты, Ардолайты, т.б атаулардың өзі жаңғыруды қажет етіп тұрғаны айдан анық. Ел-жұрт болғаннан кейін шежіре тарих жетіп артылады, тек ерінбей ізденіп, тауып оқыса хатқа түсіп жазылса, келер ұрпақ оқып шынайы тарихты білер нағыз рухани жаңғыру болар еді.
Ұлттығымызды ұлықтаймыз, тарихымызды ұмытпаймыз десек, ұрпақ алдында арымыз таза болсын десек бабалар ерлігін естен шығармайық. Туған жеріміздің тарихын түлетейік, сол арқылы ғана жаңғыратынымызды жадымыздан өшірмейік.
Дәулет Күнікеев, тарихшы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/