Сенбіде жұмысқа бара алмағаным үшін мұғалімдік қызметімнен айрылдым

0
108

Өркениетті мемлекеттерде елдегі ең құрметті адам секеңдеген сайқымазақтар немесе тойға тоймайтын әншілер емес, ұлағатты ұстаздар деседі. Біздің елде ауық-ауық «ұстаз ұлы есім, ұстаздарды құрметтеу керек» деген сөздер айтылатыны болмаса, оларды төрге шығаруды қойғалы қашан?! Қайта соңғы уақыта сәл ес кіріп, мұғалімдердің мәртебесін көтеру жайлы жиі айта бастадық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында Білім министрлігіне «Педагог мәртебесі туралы» туралы Заң дайындауды тапсырды.

Алайда, бұған бола мұғалімнің мәртебесі бірден биіктеп кеткен жоқ. Оқытушылар әлі де оқушы мен ата-анадан «таяқ жеп», директорлар мен әкімдердің қол баласы болып жүр. Бұл жағдай әсіресе ауылды жерлерде өршіп тұр. Қалың ұйқыдағы Қазақстан қоғамының өзі өркениетті өмірге аяқ баса бастағанын көріп-біліп отырса да көрмеске салатын кейбір директор мектеп пен мұғалімді жеке меншігі санауды қояр емес.

Енді тізесі шыққан тақырыпты тағы бір мәрте қозғауымызға себеп болған жағдайды айтайық. Бізге Ақмола өңірінен Медет Байзақов деген ұстаз хабарласты. Айтуынша, мектеп бастығы оны негізсіз жұмыстан шығарып жіберген.

Медет Байзақов, Ақмола облысы Целиноград ауданы Жалғызқұдық ауылы, №24 Жалғызқұдық орта мектебінің мұғалімі:

– 2018/19 жылғы оқу маусымында жарты ставкамен (9 сағат) жұмыс істеп жүрдім. Сағат сұраған едім, онымнан нәтиже болмады. «Бары осы, істесең істе, істемесең өзің біл» деді. Амалсыз келістім. Оқу маусымы басталған соң бірінші сенбіде денсаулық күні деп шақырып алды. Ол күні мектепке бардым. Екінші сенбіде жұмыс күні болмаса да тағы жұмысқа шақырды. Бірақ, дәл сол күні қызым ауырып, емханаға бардық. Қарбаласып жүріп, мектепке ескерте алмадым. Бұл 15 қыркүйек болған оқиға. Ал 17 қыркүйек  дүйсенбі емханадан анықтама алып барсам, сыртымнан бұйрық шығарып, қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босатып жіберіпті. 

Бұл шешімге наразы болып, арызданып бастаған едім бірден оң шешімін таба қоймады. Оның үстіне ауырып жатқан екі жастағы қызым қайтыс болып кетті де әрі қарай іздене алмай қалдым. Сөйтіп жүргенде бес-алты ай өте шықты. Енді сол істі қайта қолға алып, сотқа арыз бердім. Алғашқы тыңдалым өтті. Келесі сот 26 наурызда өтеді. Алғашқы сотта директор менің үстімнен негізсіз қағаздар жинап келіпті. «Бұған дейін де ескерту алған, мектепте сыйластығы нашар» деген секілді. Алайда, маған ешқашан ескерту жасалмаған, мені ортаға салып жиналыс өтпеген. Енді осының бәрін директор ойдан құрастырып отыр. 

Сотқа берген талап арызымда үш мәселені көтеріп отырмын. Біріншіден, бұйрық пен қатақ сөгістің күшін жою. Екіншіден, жұмыстан шыққаннан бергі алты айлық жалақымды өндіріп беру. Үшінші, жұмысымды қалпына келтіру. Моральдық шығын жайлы мүлде талап қоймадым.

Міне, біздің диктатор диктаторлардың жұмысы. Мектептерде бес күндік оқу стандартын енгізу қолға алынып жатса да, мұғалімдерді сенбі күні жұмысқа шақырады. Ол үшін арнайы ақы төлемейді де. Сөйте тұра, сенбі жұмысқа келмегені үшін қызметтен қуып жіберуге дайын тұрады.

Біз сөз етіп отырған оқытушы Медет Байзақов екі жастағы қызы қатты ауырып жатқандықтан сенбі күні жұмысқа бармаған. Емханадан анықтама апарғанымен директоры дегенінен қайтпаған. Басқасын айтпағанда, адамгершілік тұрғысынан қарасаңыз да бұл мүлде жөнге симайды. Кішкентай қыз ауырып жатыр, оның еміне қаржы керек. Дәрі-дәрмек керек. Дәл осындай уақытта үйдің жалғыз табыс көзін қиып, әкесін жұмыстан шығарып жіберу қаншалық дұрыс?! Ауырып жатқан кішкентай қыз аз уақыттан кейін жарық дүниемен қоштасқан. Осыдан-ақ, Медет Байзақовтың мектепке себепсіз бармай қоймағанын білуге болады.

Мектептерде бес күндік оқу стандартын енгізу қолға алынып жатыр дедік. Ендеше мұғалімдерді сенбі күні жұмысқа жегу қаншалық жұрыс?

Мейіржан Темірбекұлы, «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

– Бес күндік жұмыс тәртібі жарияланғанымен, кей мектепте оқушы көп болуына орай жүзеге асыра алмай отыр. Білім және ғылым министрлігінің №40 бұйрығы негізінде мұғалімдерге жалақы сағатына сай төленеді.Сол үшін сенбі, тіпті жексенбі күні жұмыс істесең де ақы төленбейді. Сенбі мұғалімдерге шығармашылық күн деп белгіленген. Ал кейбір мектеп мұғалімдерді сенбі күні де мектепке шақырып алып, отырғызып қойғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Өте маңызды жұмыстар болмаса сенбі күні мұғалімдер демалуы керек.

Ал Медет Байзақовтың ісіне келсек, оның сенбі күні жұмысқа бармауына қызының ауырып қалғаны себеп болған. Ал ол дүйсенбі күні анықтамасын алып барса да директор оны есепке алмай, қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан шығарып жіберген. Директорлардың мектепті өз жеке меншігіндей көріп, мұғалімдерді сенбі күні сөзсіз жұмысқа келуге мәжбүрлеуі жөн емес. 

Білім туралы заңда мұғалімнің стандартты жұмыс сағаты – 18 сағат. Кез-келген директор әр мұғалімнің сағатын 18 сағатқа толтырып беруге міндетті. Жоғарыда мұғалімдерге жалақы сағатына сай төленеді дедік. Бұның ішіне мұғалімнің мектепте түрлі іс-шараларға, жиналыстарға қатысқаны да кіреді. Бұл үшін де бөлек ақы қарастырылмаған. Дамыған елдерде мұғалімнің сабаққа дайындалған уақыты үшін де ақы төлейді. Ал бізде тек сабақ берген сағатыңа ғана төлеп отырып, одан сырт жұмыстарға жегеді.

Біз қарсы тараптың да пікірін білу мақсатында аталған мектептің директоры Рахымжан Смайловқа хабарласқан едік. Телефон жалғап, есендік сұрасқаннан кейін журналист екенімізді, Медет Байзақов ісіне байланысты хабарласып тұрғанымызды айтқан едік, директор мырза үн-түнсіз тұтқаны қоя салды. Қайтара бірнеше мәрте қоңырау соққанымызбен жауап бермеді. Тіпті телефонды басып тастады. Бейнесі бұрынғы қызметкерінің есімін естігісі келмейтін секілді.

Осыдан-ақ, біздің кейіпкерімізді сыйдырмай жүрген басшының қандай көзқарастағы адам екені белгілі болды. Біздің көпшілік әкім-қараларға тән қасиет. Өздерінің халықтың қызметкері екенін білмейді. Халық алдында жауап беруі керек екенін түйсінбейді. Болмаса, мектебінде сотқа дейін жеткен іс туылып жатқанда журналиске мұрын шүйіре қарамаса керек еді. Істің ақ-қарасын айтып екі ауыз сөзін шығындаса аса мәртебелі мектеп директоры хандығынан таймас еді.

Жарайды, біздің айтпағымыз директордың кісілігі жайлы емес, қызметінен қуылған мұғалімнің құқығы жайлы. Ұрпағымыз ұлағатты болсын десек ұстаздарды ұлықтау керек. Оларды қалаған уақытта жұмысқа алып, қалаған уақытта қуып шығу жақсылық әкелмейді. Мұғалім мәртебесінің мұншалық төмендеуіне білім саласындағы кемшіліктер кінәлі. Жақында ғана басшысы ауысқан Білім және ғылым министрлігі осы кемшіліктермен күш сала күрессе екен деген үмітіміз бар. Және де су жаңа министріміз Күләш Шәмшидинова  бұл мәселені өз бақылауында ұстауға тиісті.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz  

Abai.kz