Сенат комитетінде бірқатар заң жобалары қаралды

0

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін әзірленді және денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі дамытуға бағытталған.

Заң жобасында негізгі бағыттарды қамтитын бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізуді көздейді. Олар: тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемінің жаңа үлгісін ендіру; медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру; денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын ендіру; қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелерін жетілдіру; медициналық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру, медициналық кадрларды дайындау сапасын арттыру; донорлықты дамыту.

Мәселен, заң жобасымен көрсетілетін медициналық көмектер көлемдерін топтамалар бойынша бөлу ұсынылады: ең төмен – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі; базалық – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек (бұдан әрі – МӘМС); «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес  ерікті медициналық сақтандыру шаңберіндегі медициналық көмек; Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсету мен өзге де көздердің есебінен ұсынылатын медициналық көмекті қамтитын медициналық көмектің қосымша көлемі.

Заң жобасына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік көмекті қамтиды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі медициналық қызметтер ұсыну үлгісін одан әрі жетілдіру мақсатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, оған сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде: алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек; алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, стационарды алмастыратын көмек; ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, жоспарлы стационарлық көмек; уәкілетті орган айқындайтын аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі; тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін аурулардың паталогиялық-анатомиялық диагностикасы ұсынылатын болады.

Заң жобасында сондай-ақ білім беруді, зерттеулерді және клиникалық практиканы ұштастыру арқылы медициналық кадрлар дайындау мен медициналық қызметтер сапасын арттыруға, бірқатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамын қайта қарауға, донорлық және трансплантология институтын жетілдіруге, туберкулезбен және АИТВ-пен ауыратындарға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар көзделген.

Сонымен қатар, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Заң жобасы бірқатар заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Енгізілетін түзетулер шекті бағаларды бекіту арқылы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеуді енгізуді; әкімдердің құзыретінен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларды беру жөніндегі функцияларды алып тастауды; азаматтардың жекелеген санаттарын тегін немесе жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін кешенді бағалаудың негізінде  дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың ұлттық формулярлық тізбесін қалыптастыруды; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды электрондық сатып алуға көшуді, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған басқа да нормаларды көздейді.

Сондай-ақ, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың кірісін есепке алу, салық төлеу және проблемаларын шешу, оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы жөніндегі мәселелерді нақты әзірлеп дайындау қажеттілігі туралы тапсырмасын іске асыру үшін, сондай-ақ 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сапалы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қамсыздандырудың әділ жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленген.

Заң жобасы бейресми жұмысқа тартылғандардың өз қызметін заңдастыруына және бірыңғай жиынтық төлемді төлеудің есебінен зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық мүшесі болуына мүмкіндік беретін жүйелі шараларды ендіру арқылы шарттастыруға және оларды еліміздің экономикасына тартуға бағытталған.

Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізіледі.

Заң жобасының негізгі ережелері:

—  2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бейресми жұмыспен қамтылған адамдардың қызметін салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін бірыңғай жиынтық төлемді енгізуді; Бейресми жұмыспен қамтылғандар үшін бірыңғай жиынтық төлемді енгізу:

— міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және медициналық ұйымдарды таңдау құқығымен сомасы мен түрі бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қолжетімділікті алуға;

зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін алуға;

еңбекке жарамдылығын жоғалту, асыраушысынан айырылу, жүкті болу және босану, бала немесе қыз асырап алу, 1 жылға дейін бала күту жағдайларында әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді;

– міндетті әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті медициналық сақтандыру аударымдарын төлеушілердің санаттарын біріздендіруді;

– «жұмыспен қамтылған адам», «жалдамалы жұмыскер», «тәуелсіз жұмыскер» ұғымдарын және Халықаралық еңбек ұйымы белгілеген жұмыспен қамтылғандардың халықаралық сыныптауышы негізінде олардың мәртебесін айқындауды;

– бизнеске, жұмыс берушілерге және бюджетке ауыртпалықты ұлғайтуға жол бермеу мақсатында жекелеген салық шегерімдерін есептеу үшін дерекқорды ең төменгі жалақыдан айлық есептік көрсеткішке өзгертуді;

– «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылар үшін салықтық артықшылықтар беруді;

– этностық қазақтар-репатрианттардың зейнетке шығуы кезінде олардың шетелде тұруы кезеңіндегі жинақталған еңбек өтілін есепке алуды және басқаларды көздейді.

Барлық құжаттар Палата қарауына жіберілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының баспасөз қызметі

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/