Сағадиев керек етпеген «Әліппені» Шәмшидинова қайтарды!
Бүгінде біздің елдің білім саласы бұлыңғыр тұманға тоғытылған. Жыл сайын емес, ай сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалардың пайдасынан зияны көп екенін екінің бірі біледі. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігін Ерлан Сағадиев басқарған үш жыл үштілділік дауы және «Әліппе» мен «Ана тілінен» бас тартумен есте қалды. Мұндай «көреген» өзгерістер Сағадиев кезінде ғана емес, одан бұрын аталған ведомстваның тізгінін ұстаған Аслан Сәрінжіпов, Бақытжан Жұмағұлов сынды реформаторлар тұсында да өте көп болған.
Ерлан Сағадиевтің ел есінде қалған бір ісі «Әліппе» мен «Ана тілін» тәрік етіп, орнына «Сауат ашуды» енгізу болды дедік. Өкініштісі, Ерлан Кенжеғалиұлы бұл қадамымен халықтың алғысын емес, қарғысын алды. 1913 жылдан бастап бір ғасырдан астам уақыт «Әліппе» атауымен әр буын ұрпақты білім бағына бастап кіргізетін басты оқулықтан бас тарту кімге керек болғаны әлі белгісіз. Бұны Ерлан Сағадиев мырза сол кезде түсіндіре алмаған. Түсіндіре алмаған беті қызметінен кетті…
Жақында Білім және ғылым министрі қызметіне Күләш Шәмшидинова келді. Жаңа басшының ұзақ жылдар білім саласында жемісті жұмыс жасағанын білетін көпшілік «кежегесі кейін тартып тұрған саланың жүрісі енді оңалады» деп үміттеніп отыр. Халықтың ыстық ықалсымен жаңа жұмысына білек сыбана кіріскен Күләш Ноғатайқызы экс-министрдің қателігін қайталамауға қабілетті екенін аңартты. Енді Ерлан Сағадиев сыртқа тепкен «Әліппе» келесі оқу жылынан басап жас өрендермен қайта жүздеседі. Бұл туралы су жаңа министр өзі мәлімдеді.
Күләш Шәмшидинова ақтөбеліктермен кездесуі кезінде жергілікті тұрғынның сұрағына жауап беріп, білім саласындағы кемшіліктердің кетігін жамауға ниетті екенін айтты.
— Ал тілдік оқыту мәселесі қаралатын болады. Әліппеге байланысты, биылғы оқу жылында үлгермейміз, келесі оқу жылында әліппе орнына қайтып келеді. Біз балаларға білімді өзі іздеуге үйретуіміз керек. Осы жағынан сүрініп жатырмыз, — деді министр.
Демек, енді бастауыш сынып балаларына әуелі мәтін оқытып, одан кейін әріп үйрететін қойыртпақ әдістемеге қош айтамыз. Әліппе — мектеп табалдырығын енді аттаған құлыншақтарды құшақ жая қарсы алып, оқып-білсем деген талабына қанат бітіретін қадірлі оқулық. Ал Сағадиевтің «Сауат ашуы» бұл міндетті арқалағаны былай тұрсын, оқушыларға ана тілінің әліпбиін үйретуге де дәрменсіз болды. Себебі, «Сауат ашу» оқулығы әліпбиді үйретуге атүсті қараған. «Әріптер ретсіз, дыбыстық қайталаусыз берілген. Әріп қатары деген түсінік болмағандықтан, балаға әліпби қатарын жаттау мүлде қиынға соқты»,- дейді мамандар.
Қалай айтсақ та, «Сауат ашу» деген сауатсыз бастама білім саласын біраз былыққа батырды. Енді жаңа министр бұндай бассыздыққа жол бермеймін деп отыр. Оқушылар бірінші күннен бастап «Әліппе» оқып, әріп танып, әліпби жаттап өседі. Күләш Шәмшидинованың бұл бастамасына бәрекелді айтудан басқа алып-қосарымыз жоқ. Тек бастаған іс соңына дейін жетсе екен дейміз.
«Әліппені» қайтарған соң қолға алатын басты жұмыс — оқулық сапасын сыннан өткізу болмақ. Ел арасында оқулықта кездесетін қателер мен басы артық кітап-дәптерлерге айтылар сын көп. Әсіресе бұғанасы қатпаған бірінші сынып оқушыларына салмағы 7-8 кг шығатын сумка арқалату қаншалық дұрыс?! Сол үшін оқулықтардың санын емес, сапасын назарда ұстаған жөн. Мектептің мінсіз білімі, тұнық тәрбиесімен сусындаған балдырғандар ғана болашақтың иесі бола алады. Сол үшін білім саласында министр ауысқан сайын мағнасыз реромалар жасауды тоқтатып, елдің ертеңі мен ұлттық болашағын маңызды орынға қою керек.
Тақырыпқа тұздық:
Экс-министр Ерлан Сағадиевтің Әліппені мектеп бағдарламасынан алып тастауы туралы біздің Abai.kz ақпараттық порталында жүздеген мақала мен сыни пікірлер жазылды. Бүгін солардың бірсыпырасын еске түсіре кеткенді жөн деп таптық.
Сағадиевтің «сауат ашуы» сауатсыздық әліппесі ме?
Әліппесіз әріп тану залалы
Бәрі бірінші сыныптан басталады
«Ит» деп жазып, «шошқа» деп оқитындар өздері білсін…
Сағадиев Abai.kz-ке ресми жауап береді
Тілдің байлығы емес, қызметі маңызды!
Сағадиевтің статистикасы кері кетіп барады
Оқушылар қазақ тілінің орнына география пәнін оқи ма, Сағадиев мырза!
Қазақ оянды…Сағадиев соны біле ме?
А.Перуашев:Білім саласындағы мәселелер бәрімізге ортақ
Жауап деуге келмейтін «жауап»
Ашық хатқа қол қойғандардың айтары бар
Қуаныш Қаппас
Abai.kz