Қызылжарда туризмді дамытуға арналған форум жұмысын бастады

0

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм және индустрия комитеті бас болып ұйымдастырған «Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты Халықаралық форумның ресми ашылуы болды.

Форумның ресми ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ Ростуризм агенттігінің төрағасы Олег Сафонов пен СҚО әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қызыл лентаны қиды. Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуетін танытатын Халықаралық көрмені аралап көрді.

Аталған көрмеге Қазақстанның 14 облысы мен Алматы және Астана қалалары қатысса, Ресейдің 12 өлкесі келген. Олар:

Қазақстан Республикасынан: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы, Астана қалалары, Шарын мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі, «Chimbulak Development» Шаңғы курорты, «Kazakh Invest», «Kazakh Tourism», «Триумф Sat group travel» компаниялары,  «Oi-Qaragai lesnaya skazka» Тау шипажайы, «Qazaqgeography» Қоғамдық бірлестігі, «АСТ Казахстан» Туроператоры, «Кочевник» Ұлттық туристік компаниясы мен  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз павильондарын ашқан.

Айта кетейік, көрмеге Қазақстандағы медициналық туризмді дамытудың кілті болып табылатын 12 жетекші медициналық және санаторлық-курорттық ұйым қатысуда.

Ресей Федерациясынан: Алтай өлкесі, Краснодар өлкесінің курорттары, Омбы, Орынбор, Саратов, Түмен облыстары, Алтай, Қырым, Татарстан Республикалары, Петербор қаласы мен Ямало-Ненецкий автономиялық округі өз павильонарын орналастырған.

Туризмді дамыту мәселелері мемлекетаралық деңгейде тұңғыш рет талқыланып отыр

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Шын мәнінде аталған форум екі ел үшін де үлкен маңызға ие. Бұл тек Қазақстан мен Ресей арасында туризм саласын дамыту үшін ұйымдастырылып отырған форум емес, бұл қазіргі күнге дейін қалыптасқан мемлекетаралық ынтымақтастықтың қандай деңгейге көтерілгенінің көрінісі. Біз көршілес орналасқан мемлекетпіз. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара екені белгілі. 7 мың шақырымнан асады. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы геосаяси ахуал ең жоғарғы деңгейге жетіп отыр.

Осы жолғы форум туризм тақырыбына арналып отыр. Екі күн бойы мемлекетаралық ынтымақтастық пен екі ел арасындағы туризмді дамытудың мәселелері сөз болады. Қазақстан мен Ресей бірлесіп ұйымдастырылып отырған мұндай жиындар аз емес. Дегенмен туризм саласын дамытуға арналған форум тұңғыш рет бізде, осы Петропавлде өткізіліп отыр. Биылғы өңіраралық форумды дәл осы Солтүстік Қазақстанда, Петропавлде өткізуді былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.

Ал біз шетелдік туристерге, соның ішінде Ресейден келетін туристерге не ұсынамыз дегенге келсек, бүгінгі көрмеге Республиканың барлық аймақтарынан делегаттар келіп, өз павильондарын орнатты. Өз өңірлеріндегі тарихи, мәдени ерекшеліктерін таныстырып жатыр.

Оның үстіне, бізде биыл көшпелі туризм 33 пайызды құраса, Ресейде бұл көрсеткіш 25 пайыз мөлшерінде болып отыр.

Бізде туризмді дамытуға мүмкіндік өте жоғары. Тіпті, біз жылдың төрт мезгілінде де туристер қабылдауға қауқарлымыз. Табиғи ерекшеліктеріміз де, тарихи, мәдени орындарымыз да жеткілікті. Біз әлі де осы бағытта жұмыстар атқаруымыз керек.

Оның үстіне, мемлекетаралық деңгейде туризмді дамыту мәселелері тұңғыш рет талқыланып отыр. ал біздің елдер туризм үшін қауіпсіз елдер қатарына жатады.

3,5 миллион қазақстандық Ресейге туристік мақсатта барады

Олег Сафонов, РФ Туризмді дамыту жөніндегі Федералдық агенттік төрағасы:

-Жалпы мен Қазақстанға бөтен емеспін. Бұрынғы Целиноград қаласында туғанмын. Сондықтан, Қазақстанды өзімнің туған Отаным деп есептеймін. Басқасын айтпасам да, өзім туған өңірдің тарихи орындарын білемін деп айта аламын.

Біз Қазақстан мен Ресей арасында туризмді дамыту мәселесін сол үшін де талқыға салып, осындай форум өткізіп отырмыз. Қазақстандықтар Ресейге, біздікілер сіздерге келіп, тарихи орындарды аралап, мәдени мұралармен танысуы керек.

Бұл форумның ерекшелігі біз осы екі күн бойы тек туризм туралы айтамыз. Әр қала, әр өңір өз мүмкіндіктерін көрсетеді. Осы саладағы түйткілді мәселелер айтылады.

Қазақстан мен Ресейдің қазіргі мемлекетаралық байланысы стратегиялық сипатқа ие. Ынтымақтастықты дамыту түрлі бағыттар бойынша іске асырылып жатыр. Соның ішінде, ерекше маңызға ие осы туризм саласы болмақ.

Мен бір мысал айтайын, туризмді дамытудың синетгетикалық ықпалы да жоғары. Жыл сайын 3,5 миллион қазақстандық Ресейге туристік мақсатта барады. Ал Ресейден Қазақстанға қыдырып келетіндер 3 миллионан асады. Меніңше біз бұл цифрларды одан ары көтеруіміз керек. Рас, бізде туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Дегенмен, біз сол мүмкіндіктерді толық іске асырдық деп ойламаймын. Бүгінгі көрменің өзі екі елдің туризмді дамытудағы потенциалын анық көрсетіп отыр. министр мырза айтпақшы, Қазақстан мен Ресей арасындағы құрлықтық шекара сызығы әлемдегі ең ұзын шекара деп танылған. Ресей жақтан 11 өңір, Қазақстан жақтан 7 өңір осы шекаралық аймақта орналасқан. Демек, екі арада қарым-қатынас та айтарлықтай жоғары еңгейде. Біз осыны тиімді пайдалануымыз керек.

2 жылда Ресейден Қазақстанға келушілердің саны екі есеге артты

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

-Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының дәл біздің өңірімізде өтіп жатқаны біз үшін мәртебе. Аталған форумның тақырыбының өзі «туризмді дамытудың жаңа жолдары» деп аталады. Бұл форум арқылы біз де өңіріміздегі тарихи орындарда туризмді дамыту үшін өз мүмкіндіктерімізді көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз.

Әр өңірдің өзінің тарихи мақтанышы бар. Біздің мақтанып айтар жеріміз – Имантау-Шалқар курорттық аймағы.  Біз қазір осы аймаққа туристер тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарудамыз.Соның ішінде, Ресейден де туристер тартуымыз керек деп есептеймін.

Бұдан бөлек, бізде жоғары емдік қасиетке ие екі көл бар. Оның минералдық құрамы теңіз суына тән.

Табиғаты ерекше жерлер аз емес. Біз Ресеймен шектесіп жатқан өңірміз. Өңірдің туризмді қолға алу потениалы жоғары. Тек, оны дамыту үшін инфрақұрылымды реттеу керек. Бізді ірі қалалармен байланыстыратын жолдарды жаңартуымыз керек.

Мысалы, біз Ресейдің, Түмен, Омбы, Қорған облыстарымен байланысатын жолдарда реттеуді қолға алдық.

Соның нәтижесінде, соңғы 2 жылда Ресейден Қазақстанға қыдырып келушілердің саны екі есеге артты. Әрине, мәселелер жоқ емес. Әсіресе, туристер көп келетін жазғы маусымдарда шекаралық рәсімдеу мәселесінде көптеген  кедергілер пайда болады. Оны да ретке келтіру керек.

Бүгінгі, ертеңгі жиындарда аталған мәселелер түгел қамтылады деп есептеймін.

Ал енді форумға дайындық мәселесіне келсек, жоспар бойынша міндеттелген жұмыстар толық ақарылды. Жаңағы өзіңіз айтып отырған Оқушылар сарайы Елбасының арнайы тапсырмасымен салынды. Ол ғимарат толықтай IT технологиялармен жабдықталған. Оқушылар сарайы үш түрлі контентке, кішкене балаларға, орта және жоғарғы сынып оқушыларына арналған.

Айта кетейік, аталған көрме Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығының  XV-Форумының аясында өткізіліп отыр.

Өңіралалық форумның аясында 9-қараша күні пленарлық отырыс өтеді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин келіп қатысады.

Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қызылжарда жаңа салынған Оқушылар сарайында кездеседі. Оның құрылысына 3,6 миллиард теңге жұмсалған. Ал ІТ жабдықтарға бюджеттің 2 миллиард теңгесі бөлінген.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі Қазақстан-Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы Ресейдің Челябі қаласында өткен. Ал келер жиын Ресейдің Астрахан қаласында өткізіледі деп жоспарланған.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қызылжар

Abai.kz