Қазақстан Ресейді қолдаудан алдына жан салмай тұр

0

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». Қазіргі әлемдік жағдайды алып қарасақ, осы аталы сөздегі қыңыр кісінің кейпінде көршіміз Ресей тұрғаны сөзсіз. Маңдайымызға біткен құдайы көршіміз мыңмен жалғыз алысам деп әбден арам терге малшынды. «Көршің соқыр болса бір көзіңді қысып жүр» дейтін қазақ та бұлармен бірге біраз әуреге түскені шын. Ресей халықаралық қандай да бір даудың шоғын үрлесе, қасында шашбауын көтеріп қазақ жүреді.

1991 жылы тараған КСРО-ның көне жұртында ынтымағы жарасып үш ел отыр. Ошақтың үш бұтындай болған Ресей, Беларусь, Қазақстан елдері бірлесіп халықарада Мәскеудің сойылын соғып жүргені жасырын емес. Бұны әрісі әлем халқы, берісі осы елдердің өз тұрғындары да жақсы біледі. Мысал үшін айтайық, биыл мамыр айында жүргізілген сауалнама бойынша Ресей халқы өздеріне ең жақын дос ретінде Беларусь (46%) елін танитыны белгілі болған. Ал екінші орында Қытай (39%) тұр. Үздік үштікті әрине Қазақстан (34%) түйіндеген. Аталған тізімде әрі қарай Сирия (15%), Үндістан (14%), Армения (12%), Куба (11%) елдері тұр.

Дәл осы сауалнама нәтижесіне сенсек, солтүстіктегі көршілеріміздің назарында ең құбыжық ел АҚШ (69%) екен. Екінші орында өздерінің бауырлас елі Украина (50%), үшінші сатыда «көне жауы» Германия (24%) тұр. Бұл тізімді де әрі қарай жалғауға болады: Латвия және Литва (24%), Польша (21%), Эстония (16%), Англия (15%), Грузия (9%), Франция (8%).

Соңғы кездері сол көршіміз батыс елдерінің санкцияларынан көз ашпай жүр. Бәріміз білетіндей 2014 жылы бауырлас Ресей мен Украина арасында үлкен дау туды. Сол кезде Ресейдің Қырым мен Севастополь өңірлерін аннексиялап алуы әлі күнге дейін Украина, Еуропа Одағы елдері мен АҚШ-тың қатаң сынына ұшырап отыр. Бұл елдер Мәскеуді мүйіздеуін күннен-күнге үдетіп келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейді айыптайтын қарарларды 2014 жылдан бері бірнеше рет мақұлдағаны осы сөзімізге дәлел.

Жақында Ресей-Украина қатынасын ушықтырған тағы бір оқиға орын алды. 25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына «заңсыз кірді» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, Ресей әрекетін «бассыздық» деп атаған.

Керчь бұғазы — Азов теңізі мен Қара теңізді жалғастыратын бірден-бір су жолы. Ұзындығы 41, ені 4-15 шақырымды құрайды. Бұғаздың батысы мен шығысында Қырым түбегі және Ресейдің өз териториясы жатыр. Су жолын 2003 жылы 24 желтоқсанда Ресей басшысы Путин мен сол кездегі Украина президенті Ку́чма қол қойған келісімшарт негізінде екі ел ортақ пайдаланып келген. Келісім бойынша, бұғазда екі елдің әскери кемелері еркін жүре алады. Ал үшінші бір елдің әскери кемесі су жолына иелік етіп отырған екі ел келісім берген жағдайда ғана бұғазға кіре алады. Бұл келісім 2004 жылы БҰҰ-ның бекітіуінен өткен.

Алайда 2014 жылы 4 наурызда Ресей теңіз күштері осы су жолының екі шетін жауып тастады. Арада жарым ай уақыт өткен де Қырым түбегі Украинадан бөлініп шыққанын жариялады. Қырымды Мәскеу өзінің териториясы санайды. Ал Украина, Еуропа Одағы елдері мен АҚШ түбекті Ресей оккупациясындағы украин территориясы деп біледі. Осыдан кейін Кречь бұғазы «ішкі теңізге» айналды да, 2018 жылы Ресей өз жері мен Қырымды байланыстыратын үлкен көпір салып алды. Сөйтіп 15 жыл бұрын Путин мен Ку́чма қол қойған келісімшарт іс-жүзінде күшін жойды.

Бірақ Украина Ресейдің Қырым түбегіне оккупациясын мүлде қолдамайды. Киев тарапы Кречь бұғазын әлі де болса ортақ су жолы деп санайды. Қараша айындағы қақтығыстың орын алу себебі де осы. Бұған қоса Украинаның Еуроодақ пен NATO-ға жақындығы күннен-күнге артып келеді. Қазақ айының соңында Украина NATO теңіз әскерінің Азов теңізінде әскери жаттығу өткізуіне келісім берген деген сөз бар. Бұл да Кречь бұғазындағы жағдайды шиленістіре түскені сөзсіз.

25 қараша Кречь бұғазында туылған оқиға батыс елдерінің Ресейге деген қысымын арттыра түсті. Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейінгі тура бір ай көлемінде БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен жиналыстардың Ресейді айыптамағаны жоқ. Бейне бүкіл әлем Мәскеуге қарсы тұрып жатқан секілді. Бұлар қойған талапты басым дауыспен мақұлдамай тастайды да, бұларға қарсы қарарды қолдап шығады. Әрине әлемдегі барлық ел емес. Ресейдің де өз жақтастары бар. Санаулы болса да. Қазақстан да осылардың қатарында.

Қазақстан БҰҰ-да Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылайтын аймақтарға және Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жағдайға қатысты қарарларға қарсы дауыс беріп, Ресейді қолдап келеді.

Мәселен, қарашаның 26-сы өткен шұғыл жиында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің күн тәртібіне «Украина әскери-теңіз күштерінің Ресей шекарасын бұзғаны туралы» мәселені шығару туралы ұсынысын көпшілік дауыспен қабылдамады. Дауыс беру кезінде Ресей ұсынысын төрт-ақ ел жақтады. Оның бірі — Қазақстан.

17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Нью-Йоркте «Ресейдің Қырымды, Қара және Азов теңіздерін милитаризациялауы» туралы Украина дайындаған қарарын қабылдады. Құжатты ұйымға мүше 66 ел қолдады, 19-ы қарсы шықса, 72 мемлекет қалыс қалған. Қазақстан бұл жолы қалыс қалды.

22 желтоқсан БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресей аннексиялаған Қырым мен Севастопольдегі адам құқығы жағдайы туралы Украина ұсынған құжатты қолдайтын қарар қабылдады. Бұл жолы АҚШ пен Еуропа Одақ бастаған 67 ел қолдап дауыс берді. Ал Ресей, Беларусь, Қытай бастаған 27 делегация қарсы дауыс берді. Біздің ел тағы да қалыс қалған 70 ел қатарында болды. Қарарда Қырымда адам құқығының бұзылатынын және Ресейдің түбекте «басқару мен заңдарды заңсыз орнатуын» айыптаған.

Осыдан бір күн бұрын, 21 желтоқсанда Ресей БҰҰ Бас Ассамблеясына «орта және кіші қашықтықтағы ракеталарды жою туралы келісімді» сақтап қалу туралы өтініш білдірген. Мәскеудің бұл ұсынысын 43 ел қолдап, 46 ел қарсы дауыс берді. 78 ел қалыс қалды. Сөйтіп Ресейдің ұсынысы әлем алдында тағы елеусіз қалды. Аталған келісімшартқа 1987 жылы М.С.Горбачев пен Рональд Рейган қол қойған болатын. Биыл 20 қазан АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей келісімде көрсетілген шарттарды орындамай отыр деп «орта және кіші қашықтықтағы ракеталарды жою туралы келісімнен» шығатынын мәлімдеген.

Батыс жұртының бас дұшпанына айналған Ресейді қолдаудан Қазақстан алдына жан салмай тұр. Халықарада Мәскеудің сөзін сөйлеп жүргеніміз өз алдына, елімізде де Ресей жұртының елесі анық сезіледі. Билік өкілдері мемлекеттік тілге қарағанда Ресей елінің тіліне бейім. Байқоңыр мен Сарышағаннан Ресейдің ракетасы ұшып, әскери сынақтары өтіп жататынына етіміз үйренген. Өз териториясында өзге елдің әскери сынақ жасауына мүмкіндік беріп отырған біздің ұстанымды алыс-жақын шетел сарапшылары тәуелсіздікке сын деп бағалап отыр. Осы бетімізден таймасақ «жауымның досы — жауым» деп білетін әлем елдерінің келесі нысанасы болып кетпесімізге кім кепіл?! Ресейге салынған санкциялардың салқынымен-ақ экономикамыздың шексіз әлсіреп, теңгеміздің тиынға айналып бара жатқаны мынау. Егер сол санкциялар тіке өзіміге бағытталса қандай жағдайға қаларымызды кім білсін.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/