Қазақ тілін өзгенің табанына жығып беріп отырған жоқсыз ба, Иманғали мырза!

0

Кешелі-бері әлеуметтік желіде «қазақ тілі ЮНЕСКО-ның жойылуы мүмкін тілдер қатарына қосылыпты» деген алып-қашпа әңгіме айтылды.

Біз бұл ақпараттың қайдан шыққанын іздедік. Шынында солай ма? Анық-қанығын айтайық, ендеше.

Ақпарат қайдан шықты?

«Kazgazeta.kz» сайты «ЮНЕСКО-ға шағым» атты мақала жариялады. Аталған материалда қазақ тіліне қатысты жоғарыдағы жаңсақ деректі «wikipedia.org» дереккөзінің орыс тіліндегі нұсқасы көрсеткені айтылған. Айтпақшы, сайт бұл деректі Руслан Түсіпбеков дейтін азаматтың «Facebook» парақшасынан алып, орыс тілінен қазақ тіліне аударып жариялаған екен.

19-қараша 2018 жыл. «Nur.kz» сайтының қазақ тіліндегі қызметі «ЮНЕСКО қазақ тілінің жойылу қаупі жоғары екенін ескертті» атты мақала жариялады.

Сөйтсе, әлгі әлемжелідегі әлем-жәлем әңгімеларды жазғыш сайт Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетіне барғанын, ондағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ашылғанына 15 жыл толуына орай өткізілген жиынға қатысқанын, сол жерде тіл туралы айтқанын мысал етіп, жаңағы деректі жазады.

«Тіл — ұлттың генетикалық кодының негізі. Әрбір ұлттың аса маңызды нышаны. Танымал жазушы, әрі философ, Нобель сыйлығының иегері Альбер Камюдің осыған қатысты бір айтқан жақсы сөзі бар: «Менде жалғыз ғана отаным бар. Ол француз тілі» деген болатын» , — деді елші.

Оған қоса, Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның аса танымал емес тілдердің 2030 жылға дейін жойылып кетуі туралы болжамына өз пікірін білдірді.

Халықаралық бірлестік 20 миллионнан аса адам сөйлемейтін тілдің болашағы жоқ деген ойды ұстанады. Жойылып кету қаупі бар тілдердің арасында қазақ тілі де бар.

«Әрине, табиғатта бәрі өлуге бейім: ол тілге де, мәдениетке де қатысты айтылған. Сол себепті, тілді сақтап қалу — бұл халықтың этникалық ерекшелігінің қорғанысы болып табылады. Бұл өз халқыңның тарихы мен мәдениетінің өзара тығыз байланысы. Олар өз кезегінде адамдарды бір ұлтқа біріктіреді», — деді Иманғали Тасмағамбетов.

Бұл «nur.kz» сайтының таратқан ақпараты. «Nur.kz» сайтыны өз ақпаратына «ca-news.org» дейтін сайтқа сілтеме береді.

19-қараша 2018 жыл. «Ca-news.org» сайты «Казахский язык находится в критической зоне, он может исчезнуть, — ЮНЕСКО» атты мақала жариялапты.

Онда: «Он напомнил исследование ЮНЕСКО, которое прогнозирует, что к 2030 году языки, на которых не говорят более 20 млн человек, могут исчезнуть. В этой критической зоне находится и казахский язык», деп қана жазылған екен.

Бұл ақпаратты «baq.kz» сайты 17-қарашада жариялапты. «Ca-news.org» сайтындағы мақаланың сөзбе-сөз қазақ тіліндегі нұсқасы екен. Ақпараттық мәтінді қайталап беріп жатпадық.

Wikipedia жалған дерек таратқан ба?

Әуелі жаңағы «wikipedia.org» дерегіне тоқталайық. Онда «Степени сохранности языков» (Тілдердің сақталуы деңгейі) атты мақала бар. Осы мақалада «Уровень жизнеспособности языка» деген дерек жарияланған. Бұл басқа-басқа емес ЮНЕСКО-ның дерегі екен.  «Жойылып кету ықтимал әлем тілдерінің атласы» деген есептік материалда 6 категория бойынша критикалық деңгейдегі тілдерді тізімдеген. Сол тізімді қазақшаға қотарып берейік енді:

1. Қауіпсіз тіл (Барлық буын ұрпақ қолданатын тіл) – Ағылшын, араб, испан, неміс, орыс және француз тілдері.

2. Танымал тіл (Жас буын ұрпақтың басым бөлігі отбасында сөйлейді. Бірақ қолдану аясы тарылған тіл) – Адыгей, анал, башқұр, беларусь, неаполитан, несаксон, чуваш тілдері.

3. Жойылуы мүмкін тіл (Жас ұрпақ ана тілі ретінде үйренбейтін тіл) – Валлон, идиш, невар, ломбард, сыған, эрзян тілдері.

4. Аса қауіпті тіл (Тек ересектер қолданатын, ата-аналар  өзара ғана түсінетін, балалар қолданбайтын тіл) – Бретон, ижор, кашуб, қырым татарларының тілі, нанай тілі, нафус, сефар тілдері.

5. Жойылып кету жағдайындағы тіл (Тек қариялар ғана қолданатын, сирек қолданатын тіл) – Вод, дахлик, парджи, орок, тофолар, ульч, корн, лив және мэн тілдері.

6. Өлі тілдер (Қолданатын тірі ұрпақ жоқ тілдер) – Далматинтер ділі, камасиндер, керктер, обиспендер, сойоттар, туникалар, убыхтар, югтар тілі.

«Wikipedia.org» әуелгі жариялаған дерегін өзгерткен болса керек. Өйткені қазір бүкіл әлем қолданатын онлайн энциклопедияда «жойылуы мүмкін тілдер» қатарында қазақ тілі жоқ.

«The Guardian» жариялаған тізімде де қазақ тілі жоқ

Енді мына бір дерекке көз жүгіртейік. «The Guardian» 2011 жылдың 15-сәуірінде «Endangered languages: the full list» (Жойылып кету қауіпі бар тілдер. Толық тізім) атты материал жариялаған.

Бұл тізімді аталған басылымға ЮНЕСКО берген екен. Онда жоғарыдағы біз атап көрсеткен категориялар бойынша жойылып кету қауіпі бар тілдерді және жойылып кеткен тілдерді нақты деректермен көрсеткен. Соның ішінде қай тілде қанша адам сөйлейтіні де анық жазылған.

«The Guardian» 2011 жылы жариялаған тізім 3 кестеден тұрады. 1. Тілдің атауы. 2. Қанша адам сөйлейтіні жазылған. 3. Қауіптілік деңгейі көрсетілген.

Бұл тізімді «South Italian» тілі бастап тұр. Бұл тілде 7,5 миллион адам сөйлейді екен. Онан кейінгі сатыда «сицилиялықтар» тілі тұр. 5 миллион қолданушысы бар. Саксондықтар үшінші сатыда. Бұл тілде 4,8 миллион адам сөйлесе, бесінші сатыға беларусь тілі жайғасыпты. 4 миллион қолданушысы бар екен.  Бұл тілдер танымал тілдер категориясына жатады. Дегенмен жойылуы қауіпі бар тілдер ретінде тізімделіп тұр. Ұзын сонар тізімді «Yarawi» деген тіл түгендеп тұр. Бұл тізімде қазақ тілі атымен жоқ.

Әрі қарай жүрейік. Жоғарыдағы «wikipedia.org»   пен «The Guardian»  сілтемені ЮНЕСКО-ға жасады. Тасмағамбетовтың сөзін сүйіншілей жазған қазақ тілді және орыс тілді ақпарат та деректі ЮНЕСКО жариялады деді.

Ендеше сол ЮНЕСКО-ның ресми сайтына кіріп, Atlas of the World’s Languages in Danger, яғни Жойылып кету қаупі бар әлем тілдерінің атласын іздедік.

«Unesco.org» сайтында ондай атлас бар екен. Сайттың онлайн картасына көз жүгіртіңіз, енді.

Бұл жерде де жойылу мүмкін тілдерді 5 категориямен белгілепті.

1. Ақ түс. Vulnerable – осал тіл.

2. Сары түс. Definitely endangered – жойылуы қаупі бар немесе сөзсіз жойылатын тіл.

3. Сарғыш түс. Severely endangered – өте қауіпті жағдайдағы тіл.

4. Қызыл түс. Critically endangered – шектік деңгейдегі қауіпті тіл.

5. Қара түс. Extinct – жойылған тіл.

Жалпы бұл карта «Жойылып кету қаупі бар әлем тілдерінің атласы» деп аталады (Atlas of the World’s Languages in Danger). Бұрын «Жойылып кету қаупі бар тілдердің Қызыл кітабы» деп аталған (Red Book of Endangered Languages).

Расында бұл ЮНЕСКО-ның зерттеуі. Тіл иелерін, әлемдік қауымдастықты және жалпы жұртты жойылып кету қаупі бар тілдердің мәселесіне бей-жай қарамауға шақыру үшін, тілдік әралуандықты сақтап қалу үшін жұмыла жұмыс жасауға жұртты үгіттеу мақсатында түзген тізім.

1992 жылы Квебекеде Халықаралық лингвистердің конгресі өткен. Сол жерде алғаш рет жойылып кету қаупі бар тілдердің мәселесі сөз болады. Кейін ЮНЕСКО аясында Парижде жиын өтіп, аустралиялық лингвист Стивен Вурмның бастамасымен жойылып кету қаупі бар тілдерді анықтап, тізім түзілетін болып келісіледі.

1994 жылы «Жойылып кету қаупі бар тілдердің Қызыл кітабы» деген еңбек жария болған.

1996 жылы алғаш рет «Жойылып кету қаупі бар әлем тілдерінің атласы» жарық көрген. Оның редакторы жаңағы Ствиен Вурм деген лингвист болған.

Әлем тілдері атласының екінші саны 2001 жылы жария болады. 90 беттен тұратын зерттеуге 800 тіл енген.

2005 жылы ЮНЕСКО бұл зерттеу еңбегінің онлайн нұсқасын жасауды бастап, 2009 жылы толық аяқтайды.

Ең соңғы дерек. 2500 тіл қауіпті деңгейде. 230 тіл жойылған тіл

Аталған атластың ең соңғы толықтырылған нұсқасы 2010 жылы Норвегия билігінің қолдауымен жария болған. Жинақ ағылшын, француз және испан тілдерінде басылып шыққан.  Оған 2500 тіл енгізіледі. Соның ішінде 1950 жылдан бері жер бетінен жойылып кеткен 230 тілді де атап көрсеткен. Атлас жоғарыдағы бес категория бойынша тізімделген.

Ең соңғы жарық көрген деректе кейінгі үш ұрпақ жаңаруында 200 тіл жер бетінен жойылғандығы, 1700 тілдің жойылып кету қаупі бар тілдер санатына енгізілгені, оған қоса 600 тілдің мүлде қолданыстан түскені айтылады. Жаңағы 1700 тілдің тең жарымы бар болғаны 10 мың ғана адам сөйлейтін аз ұлттардың тілі екен.

Әлгі сөзді Тасмағамбетов айтты ма, жоқ па?

Енді қазақ тілінің бұл санатқа қалай еніп кеткені туралы айтайық. Сонымен Елші Иманғали Тасмағамбетов бұл деректі қайдан алды?

Әуел баста сенбедік. Жоғарыдағы ақпарат құралдары нақты дерек көрсетпеген болар деп күдіктендік. Мұндай сөзді Тәуелсіз Қазақстанның Үкіметінде министр бола тұра, «бес жылда ана тілімді ұмытып қалдым» деуден ұялмаған Сүлейменов айтты десе немесе мемлекеттік тілде екі ауыз сөзді ежіктеп сөйлейтін Бекетаев айтты десе сенер едік. Ал енді басқа-басқа Иманғали Тасмағамбетовтен ел мұндай сөз күткен жоқ.

Онсыз да қазаққа, қазақтың тіліне қырын қарайтын солтүстік көршілердің қолтығына су бүркитіндей Тасмағамбетовты не түлен түртті дедік.

Сөйтсек, айтыпты. Орыс тілді БАҚ сүйінші сұрағандай болуда. Сенбесеңіз, міне қараңыз. Біз бірлі-жарым ақпаратқа тақырыптық анализ жасадық. Барлығы бір ақпарат. Тек тақырыптары әр түрлі.

Ca-news.org: «Казахский язык находится в критической зоне, он может исчезнуть, — ЮНЕСКО»

Toppress.kz: «ЮНЕСКО: Казахский язык может исчезнуть»

Forbes.kz: «ЮНЕСКО: Казахский язык находится в критической зоне и может исчезнуть»

Барлық ақпаратты қайталап жатпадық. Негізгі тақырыптық сипаттар осы ауанда.  Ал енді аталған ақпаратты жариялаған қазақ тілді БАҚ-қа қараңыз:

Baq.kz: «Тасмағамбетов ресейлік студенттермен қазақша сөйлесті»

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі, біздің мемлекеттің ресми өкілі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов нақ осы сөздерді айтты ма? «Мир 24» дейтін арна 56 секундтық ақпарат таратыпты. Таратқанда да Тасмағамбетовтың тап осы бір сөздерін қиып ап, қисынын келтіріп беріпті. Көріңіз:

«2030 году языки, на которых говорят менее 20 млн человек, возможно исчезнуть. В этой критической зоне находится и казахский язык», дейді. Сөзбе-сөз. Алып-қоспадық.

Қазақ тілі шын мәнінде өлімші хәлдегі тіл ме?

2 жыл бұрын «Ranking.kz» сайты рейтинг жасап, Қазақстандағы қазақылықтың, қазақтың әм қазақ тілді азаматтардың саны 82%-ға жеткенін жариялаған еді. Бұл — статистика. Енді осы статисканы сараптап, сөйлетіп көрейік.

Сонау Тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақ топырағындағы қазақ тілділердің саны 37% болса, 2015 жылы Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергендер 76,3%-ға жеткен. Ал 2016-2017 жылдың көрсеткіші бойынша 82,3%-ды құрапты. Есесіне, орыстілді азаматтардың саны 0,6%-ға азайған. Президент Назарбаев 2025 жылы Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы тиіс екенін айтты. Яғни, 2025 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер саны 95%-ға жетеді. Бұл дегеніңіз Тәуелсіздіктің 34-жылында қазақ тілі доминант тіл дәрежесіне жетеді деген сөз.

Қазір де ресми көрсеткіш көз қуантады. Мемлекеттік тіл ҚР Білім саласында да қарқында дамуда дейді сарапшылар. Әсіресе, қазақ мектептерін тәмамдаған түлектер саны еліміз бойынша 70%-ға жетіпті.

Қазақстанда 7024 мектеп бар екен. Бұл 2018 жылғы дерек. Енді былтыр елімізде қанша оқушы қазақ тілінде білім алды? Оны да айтайық. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше қазақ тілінде білім алған мектеп бітірушілер саны 90 800 болса, орыс тілділер — 39 300, басқа тілде — 6100 адам білім алып шыққан.

Демографиялық көрсеткіш те әлсіреп тұрғаны шамалы. Сарапшылардың пікірінше, 2035 жылы Қазақстанда тағы бір миллион тұрғыны бар қала пайда болады.

Қазіргі демографиялық жағдайға қарағанда 2035 жылы Алматы халқы 3 миллионға жетеді. Ал дәл сол кезде Ақтөбе қаласында адам саны да миллионға жетіп, Қазақстандағы миллион тұрғыны бар бесінші қала болады деп күтілуде.

Қазір миллион халқы бар Қазақстан қалалары мыналар: Алматы – 1 806 833, Астанада – 1 060 835, Шымкентте – 1 010 514 адам.

Тақырыпқа тұздық болсын, 1991 жылы еліміздегі орыстардың жалпы саны 5,9 млн болған. Қазір 3,7 млн орыс қалды. Орыстардың саны 2 млн-ға азайды. Қазақ ұлтының демографиялық үлес салмағы артып, моноұлттық мемлекет қалыптасып келе жатқанының көрінісі бұл.

Ол аз десеңіз, міне тағы дерек. 2018 жылдың наурызында Астанада Үкімет отырысы өтті. Сол жиында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындысын шығарған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда қазақ тілін меңгерген тұрғындардың саны 83 пайыздан асқанын айтты.

«Жыл сайынғы жүргізілген зерттеулер нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрады. 2016 жылы көрсеткіш біршама төмен болатын. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 22,3 пайызды құрады», — деді министр.

«Сонымен қатар республикада 89 аймақтық мемлекетті тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Оқыту орталықтары Тіл туралы заңға сәйкес Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруі мақсатында оқыту курстарын ұйымдастырады. Осы мақсатта өткен жылы тіл оқыту орталықтарында 58348 адам мемлекеттік тіл оқыту курстарынан өтті. «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2017 жылы тестілеуден өткендердің жалпы саны 94458 адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны — 22837 адам», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ендеше осындай үстемдікке ие болып отырған қазақ тілі, мемлекеттік тіл неге жойылуы керек? Халықта сұраныс бар. Сөйлеп те жүр. Сөйлемей жүрген кім?

Сөйлемей жүрген — қазақ тіліне қырын қарайтындар. Маригиналданған бизнес-элита мен саяси элита.  Өйткені үш тілге үйір билікке қазақ тілінің доминант тіл болғаны қауіпті.

Түйіндейік. Өткенде ғана кәрісүйек коммунистердің желіктіруімен ешкімге керексіз қалған комсомолдың 100 жылдығын атап өтуге арнайы келген Иманғали Тасмағамбетов көптің сынына қалған еді. Сол кезде, көп жұрт Имекеңді, әлдекімдердің арандатуының құрбаны болды деп болжам айтқан еді. Біз де, билік өгейсітсе де, елдің ықыласы ерекше осы бір азаматтың артық қылығына көз жұма қараған едік. Енді міне.

Өкінішті, әрине. Осыдан тура 2 жыл бұрын, Иманғали Нұрғалиұлы Үкіметте болды. Кіші премьерлікте жүріп, Астанада өткен Республикалық Жастар форумына қатысқан еді. Сол кездегі мына сөзі қазір ойымызға оралып отыр.

«Біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек ғана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар. Тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Сондықтан тіл мәселесіне келгенде бар сенетініміз — жастар, сіздер», деген еді.

«Тіл бар жерде қазақ та бар. Тіл жоқ жерде қазақ та жоқ». Өзі айтқан осы сөзді Елшілікте жүрген Имекеңнің есіне тағы бір мәрте салғымыз келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz