Қарағандыдағы «Древный Римде» не болды, не болып жатыр?
Түнде Қарағандыда жүздеген азамат көшеге шығып, Жаңа жыл күні кісі қолынан қаза тапқан қазақ жігітін өлтіргендерді қатаң жазалауды талап етті, — деп хабарлайды Абай-ақпарат.
2019 жылдың 1 қаңтарында таңғы сағат 8-15-те Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданында орналасқан «Древный Рим» мейрамханасынан (қаза болған жігіттің әкесінің айтуынша мәйітті мейрамхана ауласына лақтыра салған) 1995 жылы туған Жансейіт Р.Б атты азаматтың мәйті табылған. Аталған азаматты сол жақ сан етінен пышақтап өлтірген. Жансейіт Р.Б «Шұбаркөл көмір» АҚ күзетші болып жұмыс істеген екен.
Осы оқиғаға байланысты 01.,1.2019 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабының 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір «қылмысты жасады» деген күдікпен 1996 жылы туған Нурулу Юсиф Асиф оғлы және 1993 жылы туған Нурулу Васиф Асиф оғлы атты ағайынды азаматтар іздестіріліп жатыр.
Бақытжан, қайтыс болған жігіттің әкесі әлеуметтік желіде тараған бейнежазбасында «Маған баламды өлтіргенімен қоймай, бұлардың баламды ресторанның жанында пышақтап өлтіріп, шарбақтың сыртына апарып қарға лақтырып тастағаны қатты батты. Ертеңіне қанның аққан ізімен өзім тауып алдым» дей келіп, ешкімнің кешірім сұрап келмегенін айтады.
Әдеттегідей, бұл оқиғаға байланысты ІІМ-і ресми ақпаратты кешіктіріп жатыр. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі бейнежазбалар тарап, халық түрлі ақпараттың ақ-қарасын анықтай алмай дал болуда.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, Жансейіт Р.Б еліміздегі армиян диаспорасының өкілдерінің қолынан қаза тапқан. Осыған байланысты ұлтаралық араздық тумауы үшін ІІМ барын салып жатса керек. Десе де, мұндай мәселеде ақпарат ашық болмаса, ел арасы бүлінуі мүмкін екенін ескертіп, Қасымов басқаратын министрліктен ақпаратты дер кезінде таратып, істің оң шешілуін талап етуге тиіспіз.
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/