Қалған қазақ пен қашқан қазақтың тағдыры
Жетпіс-сексен жылдан кейін туысын тапқан, туған жеріне қайтқан… осындай тағдыр қазақта өте көп, басқа халықтарда ондай шетін нәрсенің бар-жоғын білмеймін. Содан өзім куә болған көптеген жағдайлардан қызықтырақ екеуін өте қысқаша баяндайын:
1997-жылдары шеттегі қазақтардың көшіп келуіне кең мүмкіндік ашқан, түпнұсқасы қазақша жазылған «Көші-қон заңы» іске асқан кез еді. (Комиссия жетекшісі мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ, мүшесі қоғамдық белсенділер оралман зиялылары Алмас, Қайрат, Рахым т.б.) Сол кездегі қаржы министрі (Көші-қон департаменті соның құрамында) Каржова ханым шеттен қайтқан қазақтарды өзі қарсы алып көші-қон саясатын қолдаушы ретінде қатты көзге түсіп жүрген кез.
Сондай тағы бір жолы Ираннан келетін оралмандарды әуежайда министр ханым өзі қарсы алатын болып, біз «Қазақ елі» газеті атынан (Бас редактор Бақыт Сарбалаұлы) ере бардық. Көп күттірмей ұзын ақ көйек киіп, басына сәлде ораған еркектер, оранып-шымқанған әйелдер, ала-құла киімді балалар шұбырып шығып келді. Министр келгендерге арнап ресми құттықтау айтып, жылы лебіз білдірді. Көздеріне жас алып, қуаныштан қобалжып тұрған қандастарымызға қарап біздің де көңіліміз толқып тұрды.
Солардың ішінде шамасы сексенді еңсерген болса да әлі де ширақ қозғалысты үстіне қазақы қамзол киіп, басына ақ жаулық салған әжеге көзім түсті. Жетіп барып, қолын алып амандастым. Жақын орындыққа тізе бүктіріп, тілдесе бастадым. Қолымда диктафон әженің ауызынан шыққан әр сөзі жазылып жатыр.
Бірден таңдандырып назарымды аударған жағдай қария жастағы әженің сөз әуенінің ғажап қазақылығы, құлаққа сонша жағымдылығы! Сөз саптауы бала кезімнен өз апамнан құлағымда қалған өзгеше көнелігі, қазіргі қазақша «говордан» мүлде бөлектігі! Бірақ, маған сондай түсінікті, жаныма етене жақын сөздер еді. Сол кезде тоқсанға қайқайған кәрі әже он алтыншы жылдың аласапыранынан кейін бас сауғалаған әулетімен бірге, бүлдіршін бойжеткен шағында бөтен елге ауған екен. Қызылорданың оңтүстік батысынан бастап қиын-қыстау сапармен Түркіменді басып, Иранға жетсе керек. Естеліктері тасқа қашағандай есінде сол қалпы сақталған, қым-қуыт оқиғаларды сол кездің сөзімен, сол кездің уақытымен дәл қалпында төгілдіріп айтып отыр. Әттең, уақыт қысқа болды да әңгімеміз шорт үзіліп, келген оралмандар автобусқа отырып орналасатын жаққа жүріп кетті.
Менің көкейімде қазақтың 70-80 жыл бұрынғы сөйлеу мәнерін сап қалпында қалың қазаққа қайта әкелген қарияның ғажап зердесі ұмытылмай естелік болып қалды. Әрі, арасы алты айлық қашықтағы шығыс қазағы мен батыс қазағының сөз әуенінің айна-қатесіз ұқсастығы тіліміздің қаншалықты бірегей екенін де менің есіме тағы бір салғандай болды. Ал, міскін әже артта қалған туған-туысын тапты ма, жоқ па оны тектеуге мұрша болмай бұл оқиға да ұмыт бола бастаған-ды. Бірақ, қашқан қазақтың артта қалған халқына қаншалықты адал екенін көрсеткен елеусіз бір тарихи тұлға қалай ұмытылсын!
Екінші оқиға бұдан мүлде бөлекше. Ұлт апталығы «Ана тілі» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде Моңғолиядан көшіп келген Сағидан деген қария, үйімізге қыдырып келіп жүріп, әбден сарғайып қырқылып түсуге аз қалған бір бет жазулы қағазды қолыма ұстатты. «Әй, Абай балам! Мына қағазда менің әкемнің осы жақта қалған аға-інілерінің аты жөні бар. Жетпісінші жылдары Қазақстаннан Моңғолияға кеңесшілікке келіп жүрген бір қазаққа беріп едім. Ол еш хабарсыз кетті. Сен газетте жүрсің ғой, жазып көрші!» деген-ді. Қағаздағы аты-жөндерге көз тоқтатқан соң, қариядан сұрастырсам жағдай былай болған екен:
Сағидан қарияның әкесі Байзікір деген кісі бозбала жігіт кезінде Қазан қаласындағы діни медреседе оқып жүріпті. Қызыл төңкерістен кейін қожа-молдаларды қудалау басталғанда Байзікір үйіне оралады. Әке-шешесімен қоштасып, олардың ықыласын алып бас сауғалау үшін Ресей шекарасы арқылы Моңғолияға өтеді. Сол елдің Қобда аймағына қарасты қазақтардың ортасына сіңіп кетеді. Білімі жеттік молдалығы үшін ондағы қазақтар кірме жігітті бауырына тартқан. Сонда, бас құрап, үйлі-баранды болады. Қобда аймағының (кейін Баян-Өлгей) Бұлғын өлкесіндегі қалың елдің құрметіне бөленіп, бала-шағасы енді ғана есейіп, дер жасындағы жігіт ағасы бола бастағанда Моңғолияда 1938-дің «эсірку ұстау» (төңкеріске қарсыларды ұстау) нәубеті басталады. Байзікір имам да бұл құрықтан құтыла алмаған. (Қобда аймағынан төрт мыңдай қазақ, Моңғолия бойынша жетпіс мың лама ұсталып атылған) Сонда үйінен ұсталып бара жатып, үлкен ұлы Сағиданға Қазақ еліндегі Семей жерінде қалған төрт ағасы, бір інісінің атын жаздырып, күндердің күні заман түзелсе ұмытпай жүріп, туыстарыңды тауып аларсың, деп аманат сөзін айтып кете барған екен.
Ал, мен Сағидан қарияның осы аманатын бүтін Қазақстанға жеткізу үшін жазу өнерімді салып, бәрін анық-қанық қылып «Қайда екен, қайран туысым?» деген мақала жазып сол кездегі таралымы ең көп «Халық кеңесіне» апарып бердім (Журналист замандасым Әділғазы Қайырбековпен танысып қолына тапсырып едім). Мақала газетке жарияланды.
Бір ай шамасы уақыт өткен болу керек. Бір күні таңертең ерте үйімізге Сағидан ақсақал кіріп келе жатты. Жүзі қатты қуанышты. Сөйлей кірді: «Абай, шүйінші! Туысым табылды!» дейді. Талдықорғанның Сарқан ауданында дәрігер болып істейтін баласы Бураханның мәшинесімен келіпті. Жүк қорабына салып әкелген тірі қойы бар. Қуанышты әңгіменің ұзынырғасы былай болып шықты.
Аудандық дәрігерханаға Бураханның атына Есік қаласынан бір хат келіп түседі. Ашып оқыса Қайранбаева Нұрила деген кісіден екен. Бурахан өзі қанық аты-жөннен әкесінің немере қарындасы екенін бірден түсіне қояды. Үйіне қарай құстай ұшады. Сақаң қуанышты хабар құлағына тигенде сексен жыл бойы тоң болып жатқан сағыныш жасы ақсақалдың сақалына ағады. Дереу Есікке телегамма салады. Шұғыл жолға қамданады. Есік қайдасың деп алты жүз шақырым қашықта жатқан Сарқаннан жолға шыққан беті осы.
Кеуделеріндегі шер болып қатқан туыстық сағынышпен жолыққан кездегі әпке-інілердің көрісу көз жасы үш сағат бойы тиылмапты. Бұған қарап тұрған бала-шағалары, жақын көршілері қазақ үшін туыстың қаншалық қымбат екенін бір ұқса керек… Сексен жылдан кейін табысқан туыстар жата-жастана бастан өткен өмірлерін айтысқан қалың тарихтың ең қысқашасы, тағдырлық кезігудің хикметі былай болған екен:
Алматы қаласының шығысындағы алмалы өлке Есіктен Жетісудың тағы бір алмалы мекені Сарқан өңіріне хат жазып отырған зейнеткер ұстаз Қайранбайқызы Нұрила әкесі ұсталып, жесір қалған шешесі тіршілік тауқыметінен көз жұмып бес жасында тұлдыр жетім қалған. Бөтен адамдар келіп «деддомға» алып кетеді. Қаршадай Нұриланың есінде қалғаны біреулер келіп ұстап әкеткен әкесінің елес бейнесі, аурудан әлде аштықтан көз жұмған шешесі ғана. Семейдегі Бірлік деген туған ауылының аты жадында жатталған екен…
Сағынышпен зулаған есепсіз күндер де сырығып өтіп, есейіп бойжеткен болып мұғалім мамандығын алып шығады. «Әттең, шіркін бір туысымды тапсам!» деп, көкейінен бір сәт кетпеген үміт жетегімен өзінің туған жері Абай ауданындағы Бірлік ауылына барады. Ауылдағы селсоветтің көмегімен тағы қаншама шырғалаң іздеумен жүріп, аталас туысы Демеухан деген қарияны тауып алады. Әбден қаусаған қария қыздың аты-жөнін білген соң жылап көріседі. Бұлардың үйінің жұртын көрсетеді. Нұрилаға қазір бір-неше қыздан басқа еркек кіндікті қалмаған үлкен әулетінің тарихын да түгел айтып береді. Нұриланың атасы Емберген деген кісінің алты ұл, Батиқа, Қабиба деген екі қызы болыпты. Әкесі Қайранбаймен тете Әубәкір, Көпілтай, Көпесбай деген көкелерінен кіші Байзікір, Бизікір деген ұлдары болған. Атасы осы ұлдарына арнап кезінде Арғын салтымен алты ақ отау дайындап тіккен екен, сол кезде маңайындағы жамағайын елі «Алты отаудың» ауылы атандырып кетсе керек…
Заман аласапыран болып, адамның қара басы аман қалу-қалмау талқыға түскен кезде Емберген атасы ғұламалық білімге ерте сусындаған ұлы Байзікірдің аман қалу жолын бөтен елге бас сауғалап кету деп шешіп, ал қалғандарымыз елмен бірге көрейік десе керек. Бірақ, Демеухан қарияның айтуы бойынша, қызыл төңкерістің қанды құйынында Байзікірден кіші кенже інісі Бизікір ағамды тауып алам деп хабарсыз кеткен, қалған төрт азаматтың бірі Қытайға ауған елге еріп шекарада оққа ұшқан, бірі аштықтан өлген, бірі отыз жетінің ортасында «халық жауы» деп ұсталып Сібірге айдалып кеткен екен. Қарияның айтысында Емберген әулетінен бірлі-жарым қыздардың тірі қалғаны, егер аман болса, сол Байзікірден үрім-жұрағат қалса қалған шығар деген үміт сөзі Нұриланың көз жасын тамыза отырып жазып алған блоканатында қаншама жыл сарғайып жатқан еді…
Солайша, туысты іздеумен, елеңдеумен жылдар да жылжып өтеді. Нұрила да тұрмысқа шығып қызды болып, ол қызы да ұзатылып зейнеткерлік жасқа келгенде туған күйеу баласының қолында тұрады. Әлдебір күні үйдің пошта жәшігіне келіп түскен «Халық кеңесі» газетіндегі «Қайда екен қайран туысым?» деген тосын мақала көзіне оттай басылады. Қуаныш пен қатты таңданыстан көзі жасқа толып баяғы ескі блоканатын ашып қарайды. Барлық көкеленің аты айна-қатесіз жазылған. Әсіресе, баяғыдағы Демеухан қарияның «бір аман қалса сол қалар» деп, айтқан бөтен елге бас сауғалап кетті дейтін Байзікір көкесінен тараған әулеттің аты-жөні көз алдында сайрап тұр! Ол кісіден тараған Сағидан, Мәуладан деген кісілерден өскен үлкен әулет түгел аман-есен Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келгені және осы елде қандай бір жақын туыс табылып жатса деп, Сарқан аудандық дәрігерханада ортопед болып істейтін Сағиданұлы Бурахан деген жігіттің жөні ап-анық жазылыпты.
Өмір бойы өзегі тала армандаған туысының табылғанына сенерін де, сенбесін де білмей, тәуекел деп Бураханның атына өзінің мән-жайын баяндаған хатты жолдап жіберген. Бірақ, бұл жағдайды қызына да, күйеу баласына да ләм деп айтпаған. Хат жолдаған күннен бастап көңілінде үміт пен күдік арбасып, әлгі туыстарының аттары жазылған көзіне қуаныш періштесіндей көрінген газетті жастығының астына жастап, әлсін-әлсін көзіне жас тола, көкелерінің атына күрсіне қарап әлденеше күнді өткізеді.
Тағы бір күні жұмыстан қайтқан қызы қолына телегамма ұстап, саңғырлай сөйлеп кірді: «Мама, Талдықорғаннан сіздің туыстарыңыз келе жатырмыз, деген телеграмма! Мама, бұл не ғажап сіз ешқандай туысым жоқ, деуші едіңіз ғой!?»
Сүйінші хабар әкелген қызын Нұрила бас салып құшақтай алып, еңірей жылады. «Я, Құдай көз жасымды көрген екенсің ғой!» деп. Қызының қолына газетті ұстатты. Үйлерінде дүбірлі тарихи оқиға болғандай күйеу баласы мен қызы әлі көрмеген, ешқашан кезікпеген қымбатты туыстарын қарсы алу дайындығына кірісіп, зыр жүгірісті. Көрші-қолаң да, дос-жарандар да түгел құлақтанды. Нұрила әже жетпіс жыл күткен туыстарын енді жеті минөт күтуге тағаты қалмағандай қолына бір жапырақ телеграмма парақшасын ұстаған қалпы, ауласының алдында жасқа тола бұлдыраған көзін батыс жақтан алмай таңнан кешке дейін тапжылмай тұрды… Міне, қилы тағдырдың ең қысқаша тарихы осы.
Туыстар түгел қауышқан соң, Байзікір әулеті Нұрила апайларын ертіп баяғы қара мекен Семейдегі жұрттарына да барды. Үйленген көкелерінен алты-жеті жасында жетім қалған Зәбира, Бәтила атты апайларына да барып, жаңа табылған туыстары оларды да қуанышқа бөледі. Өз әулеттерінен еркек кіндікті қалғанын көрген кәрі қыздар ескі қасіреттерін ұмытып «енді, өлсек те арманымыз жоқ» десті… Бурахан аталарының жұртынан тауып алған ескі қазанның сынығын көненің көзіндей, күйікті тарихтың өзіндей етіп төріне әкеп қойды…
Бұл мақала негізінде, сол кезде жазылу керек еді, «Халық кеңесі» газетіне рахмет те жолдау қажет еді, алайда көп себептермен сол кезде жазудың сәті түспей қалған-ды.
Кеш болса да жазылған осы әңгіменің түйіні ретінде айтарым, советтік қызыл қырғыннан жан сауғалап қашқан, құр қашып қана қоймай халқының қаймағын қалқып, қанын ағызған жауыз өкіметтің жандайшаптарымен арыстанша алысқан қаһармен қазақты кінәлаған аяр идеология да күні келгенде күйреді.
Ал, «елім-жерім» деп, қайта оралған отаншыл қазақтардың қазір іргесін бүтіндеп жатқан елімізге қаншалықты қажет екенін аз ақылы бар кісі де пайымдап, түсінетіндей күнге де жетіп қалған секілдіміз.
Міне, «қалған қазақ пен қашқан қазақтың» мыңдаған мысалынан бір мөлтек хикая осындай.
Абай Мауқараұлы
Abai.kz