Пенжім ауылындағы төбелес: Бір топ адам үй мен көліктердің терезесін сындырды (ВИДЕО)

0
2334

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Пенжімдегі жағдайдан кейін бірнеше көлік пен үйдің терезесі сынған.

«27 қазан күні сағат 20:00-де 102 пультіне Пенжім кентінде мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысушылардың бірінің үйінің жанына 30-ға жуық адам жиналғаны туралы ақпарат келіп түскен. Бір топ адам бірқатар жеке үйлердің әйнектерін, сондай-ақ бірнеше автокөліктің терезесін сындырған»,- делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ сағат 22:45-те Панфилов аудандық полициясының кезекші бөліміне Пенжім кентіндегі жаңа салынған үйлер орналасқан жердегі үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт орнына аудандық полиция бөлімі мен ТЖБ кезекші жасағы келді.

Үй иесінің айтуынша, өрт пеш жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен тұтанған. Сағат 23.30 шамасында өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ.

«Бұл өрттің болған оқиғаға еш қатысы жоқ. Кентте қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауда» деп мәлім етті полиция.

Алматы облысының полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Бұған дейін Алматы облысының Панфилов ауданы Пенжім ауылында жаппай төбелес болып, бір жасөспірім ауруханаға түскенін хабарлаған едік.