Өнер-білімге құштарлық һәм кісілік қасиет

0

Әл – Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде тектілікке қатысты зерделенген он екі қасиеттің бірі өнер-білімге құштарлық. Тарихымызға, адамзат тарихына қарайтын болсақ,  мемлекеттің, оның мүддесінің дамуы халықтың өнер-білімге деген құштарлығынан бастау алып отырған. Көне заманнан келе жатқан адамзат мәдениетіндегі бұл үрдіс халықтың, жекелеген тарихи тұлғалардың рухани қасиеттерінің бірі болып табылады. Әл – Фарабидің сөзімен айтсақ, зиялы адам, өнер білімге құштар болуы, оқып үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын  еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы шарт[1.156 б.].

Ойшыл бабамыздың зерделеп отырған өнері мен білімі қандай дүние? Біздің бүгінгі адамзат әлемінен байқайтынымыз өркениет сатысы биіктеген сайын  өнер мен білім ұғымының өрісі мен шеңбері тарылу  (өзгеру) үстінде. Бұрынғы заманда өнер-білім деп адамның қабілетімен ұштасқан нәрсені айтқан. Адамның өнер мен білімге құштарлығы, осы жолдағы ізденісі мен қажырлы еңбегі даналықпен ұштастырылып отырса, оның болмысының мәдениетпен ажырамас қырлары да айқындала түспек. Соның бірі (адам болмысының төл мәдениетімен ажырамасы қырларының негізі) тектілік.

Өз ұлтының мәдениетін қалыптастырып, нығайтуда, ел мүддесінің болашағын жасауда аға ұрпақ буынның қажырлы еңбегінің қашан да тарихтан өзіне лайықты орынды иеленіп отыратындығы ақиқат. Мұстафа Шоқай жазып кеткендей, «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат -мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат –мақсаттары төңірегінде жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтықсыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» [2.175 б]. Шыныменде тарихымыздағы, кез келген ұлттың тарихындағы  ел, халық, ұрпақ игілігі жолында ізденген, соған дұрыс қызмет ете білген, білімі терең тәжірибелерін қалыптастырып кейінгі ұрпаққа ұсынып отырған, халықтың сенімінен шыққан зиялы адамдардың бойында тәрбие, білім, діни сауаттылық және кісілік жатыр. Бұның тұтас бейнесін зиялылық дейміз.

Тұлғалық деңгейдегі өнер-білімге құштарлық, ізденіс кемеңгерлікпен көрінеді. Кемеңгер адам ақыл-ойдың биігін еңсерген адам. Бұндай деңгейге ие адам өзінің бас пайдасы үшін ізденбейді. Ел болашағы үшін ізденеді. Нағыз зиялы адамдардың ізденісінің арғы жағында кісілікке итермелейтін рухани күш, яғни рух жатады. Адамның тұлғалыққа жетелейтін бұндай рухтың бейнесі неден білінеді?

Уақыттың қиыншылығына қарамастан адамзатқа ортақ игіліктерді танып білу, қоғамына пайда әкелетін дәрежеге ие нәрселерге қол жеткізуді және халықтың берген тәрбиесін, қабілетін, білімін игеруде мәдени дүниелерді жасаған, жаңа нәрселерге халқының қолын жеткізген адам шын мәніндегі өнер иесі болып табылады. Рухани өмірде биік мәртебеге ие құндылықтарға адамның қолын жеткізетін қабілет, тәрбие және білім.

Жеке адамның өнер дүниесін жасауда, ұлттық өнер түрлерін жетілдіріп отыруда, ұлт мәдениетінің, сол арқылы адамзат мәдениетінің дамуына үлес қосуында көзге түсіп отыратын нәрсе интеллект. Адамның жан дүниесінің ерекше құбылысы саналатын интеллект дегеніміз Аристотель, Әл – Фарабидің сөзімен айтсақ туа біте даритын қабілет, тәрбие арқылы жүре бара даритын білім. Қазақ жастың бойындағы қабілетті тәрбиелеуде оның жан әлеміндегі қасиетке ерекше мән берген.

Өнер ұғымы адамзат дүниетанымының  бастапқы қалыптасу кезеңінің өзінде  жалпыға ортақ құндылыққа айналып отырған. Көне дәуір ойшылы Сократ «өмір сүре білудің өзі өнер» деген.  Ойшылдың бұл тұжырымына қарап өнердің де, білімнің де интеллектуалдық дүние екендігін түсінеміз. Демек, өнер бұл жоғары деңгейдегі таным өнімі, дұрыс өмір сүрудегі ұстаным, рухани өмірдегі адамның рухани қызметінің жалпыға ортақ мәнін негіздейтін кісілік қасиеттердің бір үлгісі, тұлғалық немесе кісілік деңгейдегі ойлау, ақылдылық, көркем мінез, түсінік, рухани тереңдік. Жаңа айтып өткеніміздей, халықтың ортақ дүниесі өнер құндылықтарын жасаушы және таратушы жеке адамның болмысындағы өнер феномені осыны аңғартады. «Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. – деген Жүсіпбек Аймауытов, — жанның тәрбиеленетін үш түрлі сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, осы үш сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі әрі данышпан болады. Ол адам ісінде байыпты, табанды болып көп қате жібермейді. Егер ақылы шамалы адамның үш жан сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол адам өзіне өзі қанағатшыл, өміріне ырза, орташа тығынды кісі болады»[3.4 б.].

Әрбір тарихи уақыт ұрпақтан белгілі бір дәрежеде білімді, қабілетті, елдікті, кісілікті, ізгілікті талап етіп отырады. Осы жолда өнер арқылы немесе өнер түрлерін иеленуші, қалыптастырушы адамдардың болмысындағы қасиеттер, құндылықтар (білік, түсінік, қабілет, білім, сезімталдық, естілік және т.б.) арқылы әр ғасырдың шеңберінде мемлекетке, оның қоғамына (мәдениетіне), елдің болашағына, адамзат мәдениетіне  қажетті дүниелер қалыптасып отырады. Әл-Фараби айтқандай, адамның тұлғалық болмысының ерекшеліктерін негіздейтін қасиеттердің бірі өнер-білімге құштарлықтың негізінде ұлтының төл өнерін игеру, иеленіп сақтап отыру, адамзаттың білімін бағындыру, білімнің өркендеуіне бар мүмкіндігінше үлес қосу, соның негізінде ел мәдениетінің өрісін кеңейту, тарихтағы ұлттық мәдниетінің даму жолын жаңа уақыт кеңістігінде орнықтыру  принципі жатады. Әрине бұл үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бірақ тарихта ұлтымыздың және зиялыларымыздың бұл деңгейге қол жеткізгендігі белгілі. Өткен ғасыр басында қазақтардың әні мен күй үлгілерін халық арасынан жинақтап, қағазға түсірген өнертанушы ғалым А. Затаевич жазғандай, қазақтар өзге халықтар секілді адамзаттың рухани мұраларына интеллектуалдық дүниелерімен өз үлесін қос алады [4.21 б.] Ұлтының игілігіне айналатын руханият жолындағы қиындықтардан сүрінбей өткен адам тұлғалық деңгейге ие болады.

Қазақ мәдениетіндегі зиялылар дәстүрінде өнер-білімге құштарлық жатыр. Ұлттық болмыстың рухани ұйытқысына айналған батырлық, шешендік, жыраулық және күйшілік өнер үлгілері қазақ мәдениетіндегі зиялылар дәстүрінің ерекше құбылысқа ие өнімі болып табылады.

Даналық иелерінің білімімен шешендік өнері арқылы қоғамға тарайтын білім үлгілері баға жетпес дүние. Кез келген адам өркениет заманында білім ала  алады, бірақ тұлғалық өнер иесі болу сирек кездеседі. Мәселен «өнер алды қызыл тіл» деген ұғым бар қазақ руханиятында. Бұл өнерге құштарлық өнегеден, тарихтың тәжірибесі мен тағылымын ұғынудан, тәрбиеден басталады дегенді меңзейді.

Даналық Аристотель жазғандай, терең мәнге ие практикалық білімдердің жиынтығы, яғни тарих өрісінде сақталатын, мәдени құбылысты иеленетін (иеленген) ақиқатты білімдердің биік шоғыры. Даналық білімді әрбір ұлт тарих өрісінде қалыптастырып, мәдениетінің өзегіне айналдыруда  түрлі тәсілдер мен рухани тәжірибелерді иеленіп отырған. Әл-Фараби іліміндегі өнер ұғымының мағынасы осы шындықты негіздейді.

Қазақ мәдениетіндегі даналықты, даналық білімін игеру мен қоғам бойына таратудың, осының нәтижесінде ұлттық бірегейлікті, ұлт болмысының рухани негіздерін сақтаудың, өрісін кеңейтіп отырудың тәсілі шешендік өнер болған. Өнер білімге құштарлық бағытындағы тектілік сөзге терең болудан білінген. Себебі тіл қашанда ұлттық болмыстың өзегі.

Тіл өмір мен адамның ақыл-ойының тәжірибесінен құралған сөз арқылы ұлттың қасиетін, құндылықтарды, дүниетанымдық білімдерді, өмір сүрудегі елдің тұрмыс тәжірибелерін ұлттың болмысының бойында біріктіріп отырады. Сөздің құрылымындағы мәнмен көрінетін ұлттың ана тілінің қызметі ұрпақ танымында ұлттық зерде ұғымдарын қалыптастырып, сақтап отыруында. Мәселен атамекен, тарих, ұлттық мүдде түсінігі, елдік, ұлттық бірегейлік, естілік, ұлтжандылық, ұлттық сана сынды қасиеттер  ұлт руханиятының бойындағы ұғымдарды түсінуден шығады. Алдыменен төл мәдениетіндегі ұғымдарды зерделей алған, меңгерген адам ғана ұлт ісіне құштарлықтың биігіне жетеді. Ұлт ісіне құштарлықтың биігіндегі құндылықтар Әл-Фараби данамыз айтқандай, игі нәрселерді тани білу, қоғамға ізгілік пайда әкелетін нәрселерге ұмтылу. Елдің мүддесіне, халыққа қайырымды істер атқарудан білінетін зиялылықтың бұндай белгілері орын алған жерде (ортада) қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайрымдылық пен шынайылық қатар жүреді.

Адамзат мәдениеті мен жекелеген ұлттардың мәдениетінде зиялылардың ағартушылық қызметтері мемлекетінің болашағын айқындаушы күшке айналып отырған. Жоғарыда айтып өткеніміздей тұлғалық деңгейдегі өнерге деген ұмтылыс ұрпақтың тектілігінен шығып отырған. Зиялылықтың адам болмысының ерекше рухани құбылысын негіздеп отыратын қасиет екендігі бәрімізге белгілі. Егер зиялылықтың құбылысы тарихта бұлай орын алмаса ұлт ісіне батырларымыз, ойшылдарымыз бір кісідей жұмылмас еді. Ар, ұят, намыс, абырой, түсінік, кемел мақсат сынды дүниелер адамның ішкі әлемінің ерекше құбылысқа ие болуынан шығып отырған.

Өнер-білімге құштарлық қашанда халықтың ортақ түсінігіне, қоғамның ортақ ұстанымына айналуы тиіс, егерде бұл ұстаным қалыптасқан жағдайда әділеттілік, шынайылық, талантты іріктей баптау принципі қоғамнан (қоғамдық психологиядан) тысқары қалмауы керек. Бұған қатысты Әл-Фараби былай деген: «қайырымды қала надан қалаға, өнегесіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы. Сондай-ақ мұндай қалаға жеке адамдар-осы қалалардың өкілдері де қарсы болмақ»[1. 160 б.]. Өнер -білімге құштарлық негізінде білінетін тектілік адамдардың деңгейімен білінбек. Үлкен мақсат жолына түсе алған, қоғамына күш беретін нәрселерді күні бұрын ойлайтын және оны бағындыруға ұмтылатын адам уақытты, білімді және еңбектенуді қатар бағалап, қатар пайдалана біледі. Осының нәтижесінде жеке адамның психологиясы және қоғамның көзқарасы, талғамы терең болмақ. Яғни өз ісіне адалдық, жауапкершілік жүрген жерде адам өз пайдасын ойлап қоғамға, болашағына пайда әкелмейтінін біледі.

Өнер де, білім де халыққа ортақ дүние. Бұны пайдалану арқылы байлыққа, дәрежеге жетемін дейтін түсінік мәдениеттілікке жатпайды. Сондықтанда ойшыл ілімінде тілегі мен мақсаты бас пайдасынан аса алмаған адамдардың ортасы «надан қала тұрғындары» деген теңеумен өлшенген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, «надан қала дегеніміз – ешқашан да бақытты көріп білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіріп шықпаған тұрғындар қаласы. Олар мұны ешқашан бастан кешіріп те көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес» [1. 160 б.]. Бақыт дегеніміз ұлттық және азаматтық бірегейлікті негіздейтін ұғым, ортақ идея. Тарихта осы бір игілік жолында өткен зиялылардың барлығы да игілік туралы ортақ идеяны қара бастың қамына бағыттамаған. Елдің рухани өмірімен етене аралысып өскен адам ұлттық идеяның шын мәніде не нәрсе екендігін терең біледі. Ұлттық тәрбиедегі өнер мен білімге, зиялылыққа бағыттайтын үгіт насихаттың өзі осы деңгейден шығады.

Тыныштық, тұрақтылық, әділеттілік пен азаматтық бірегейлік бар жерде ұлттың өмірі, оның болашағы сақталады. Ізденуге, жаңа дүниелерді бағындыруға мүмкіндіктер туады. Қай уақытта да жеке адамның түсінігі, көзқарасы, ұстанымы елдің мүддесімен ұштасып отыруы керек. Адамның қоғамдық өмірдегі рухани қызметі мен жетістігінің таразысы ұлттық сана болуы тиіс.

Надандықтың екі түрі болады. Біріншісі, түсінбей, білмей істелетін әдеттер. Мәселен күншілдік және т.б. Екіншісі біле тұра жасалатын әдеттер. Бұл парақорлық, жемқорлық, сатқындық, екі жүзділік және т.б. Ең қиыны надандықтың осы түрі. Бұнда адамның барлық мүмкіншшілігі жеке басының пайдасынан аса алмайды. Жеке басының қамын күйттеуде бұндай адам дүниеқоңыз әдеттен әрі озбайды. Бұның бұрыс әдет екенін білсе де пендешілік мінез оған әл бермейді.

Надандық қай кезде де болған. Адамзат өркениеті ілгерілегенімен қоғамдық сананы тежеп отыратын керітартпа әдеттер қай уақытта да кездесіп отырады. Бұған қатысты ойшыл өз еңбегінде тағы да былай дейді,  «игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы нәрселерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен, денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады» [1. 160 б.].

Тектілік адамды елмен, қоғамымен біріктіріп отыратын қасиет. Ел мүддесі жолында адамның рухани деңгейі арқылы көрініп отыратын тектілік қасиетте имандылық, шынайы ұлтжандылық, қанағатшылдық бар. Адамның өнер-білім, яғни қоғам игілігі жолындағы тектілігі неден білінеді?  Біріншіден бұндай дәрежедегі адам өнер мен білімді халық игілігіне ортақ дүние деп таниды. Екіншіден, бойында бар қабілетті халықтың игілігіне бағыттайды. Үшіншіден, рухани жолда жеткен жетістігін ұлтының жетістігі деп санайды. Төртіншіден өнер мен білім жолында атақ, даңқ дәрежесіне ұмтылмайды. Керісінше өзін ұлт, тарих алдында қарыздар санайды. Бесіншіден, рухани өмірде, өнер мен білім жолында бойындағы қасиеттер мен қол жеткізген құндылықтардың елдің мүддесімен ұштасса ғана игілікке айналатындығын біледі. Алтыншы, тәкәппарлықты ерсі санайды және халықтың әрбір рухани дүниесіне тегістей құрметпен қарайды.

Адамның қам қарекеті  бүгінімен шектелмей болашақпен жалғасқанда ғана өнер мәдени дүниеге, адамның білімі ілімге айналатындығын зиялы адамдар қашанда терең білген. Нағыз зиялы адамның қанағат ететіні де осы. Олар үшін айтылған сөз, атқарылатын іс елдің игілігіне жарауы тиіс. Кезінде бұны алаш зиялылары да айтып кеткен.

Рахатсыз өтсе де өмір-жасым,

         Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.

         Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,

         Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!

 

         Су да болар ол жолда, тау да болар,

         Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар.

         Мынау пайда, мынасы зиян демек,

         Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?! [5.197 б.] — деген алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов.

Сонымен Әл-Фараби данамыз сомдап кеткен он екі қасиет түрлері қоғамның болашағын тарихтың тағылымы деңгейінде зерделей білген ұрпаққа бағыт сілтейтін дүние. Барлық нәрсе, қоғамға, адамға қатысты мәселелер оның қасиетіне келіп тіреледі.Қоғам мен адам тұлғасындағы қасиет оның танымының, ой өрісінің белгілері  болып саналады. Осы себептен өнер-білімге құштарлық адамның ұмтылысы ғана емес, көркем мінезін, ой өрісін, қасиеттерін, білігін, түсінігін, талғамын, азаматтық ұстанымын көрсетіп отырады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету ісінде тарихты білуге, өнер мен білімді иеленуге құштарлық зиялылықтың бірінші шарты. Сонау көне заманнан бастап мәдениет өрісіндегі халық өкілдерінің қажырлы ізденістері руханият жолындағы тұлғалық дәстүр тәжірибелерін сақтап отырмақ.

 

Әдебиет:

  1. ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» — Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.
  2. Шоқай М. Таңдамалы. Алматы: Қайнар, Т. 1. — 1998. -512 б.
  3. Аймауытов Ж. Ұлтты сүю // Ақиқат. – 2013. — №6. 4-5 бб.
  4. Затаевич А.В. 500 песен и кюев казахского народа7 Алматы:Дайк-Пресс6 2002.-378 с.
  5. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003.-208 б.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы, философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/