Өлікке таласқандар немесе өлген соң құның қанша?

0

Күмбезді зират салып, қымбат құлпытас қою бәсекесіне  2015 жылдан бастап назар аударылды.  Салттық кызмет көрсететін құзырлы орын басшылары БАҚ беттерінде өз пікірлерін айтты. Ел арасында қызу талқы басталғанда шектен тыс ысырапшылдыққа нүкте қойылар деп үміттенгенбіз. Бірақ, бұл да мазар салу бәсекесіне тосқауыл қоя алмады.

Қаңтар айының соңында Астана әкімдігі коммунальды шаруашылық және жылу энергетикасы кешені басқармасының бастығы Игорь Алексеев өткен жылы  Астана қаласында Ұлттық пантеонда жерленген 8 адамның басын көтеру  үшін 80 млн теңге жұмсалғанын айтты. Ол, сондай –ақ мұны Астана әкімдігі қаржыландырғанын, оның  жерлеу рәсімдері, мәйітті жеткізу және жерлеуге жұмсалғанын айтты. Сөйтіп, Астана әкімділігі қалаушыларды ақырғы сапарға аттандыру шығынын 10 млн теңгеге бағалап отырғанын жалпақ әлемге паш етті:

Біз өз кезегімізде тізімге ілінгендер емес, қарапайым пенделердің жерлеу шығынын есептеп көруге тырыстық : Салттық қызметтер – ақылы. Және оның арнайы тағайындалған бағасы бар:

Көріп отырғандарыңыздай, қарапайым адамдар мен мемлекеттік қайраткерлердің жерлеу шығындарының бағасының арасы жер мен көктей: Және соңғысы мемлекет қалтасынан,  алғашқысы марқұмның артында қалған отбасының бюджетінен төленеді. Бір есте сақтайтын фактор –бұл мемлекеттік баға:  Бұл баға шынайы өмірде еселеніп,   10 млн теңгенің ширегін шамалап қалуы әдбен мүмкін. Себебі бір ғана өздерін Алматының өзінде салттық қызмет көрсететін мекемелердің  филиалдарымыз деп таныстыратындардың саны 300 ден асып кеткен.

– Жақындарына қаралы хабар жетпей жатып-ақ, о дүниелік болғандардың есігін жекеменшік рәсім компаниялары қағып тұратын болды. Олардың жанкештілігін анам дүние салғанда өзім де көрдім. Алдыңа мәйітті жуындырудан бастап жерлеуге дейінгі мәзірді дәмханадағыдай түгел ұсынып тұрады. Бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік, тіпті министрлік деңгейінде баяндама жасадық. Бұл жерде рәсім бизнесінің басында сыбайлас жемқорлықтың тұрғанын көреміз, – дейді Алматыдағы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.

Оның айтуынша, «қара агенттіктер» аурухана қызметкерлерімен келісіп, белгілі бір сомаға қайтыс болған адам туралы ақпаратты сатып алып отырады екен.

– Бұл ақпарат бұрын 5 мың теңге тұратын, қазір 100 доллар тұрады-мыс, – дейді ол әңгіме арасында.

Марат сөз арасында  «Клиентке» таласып қалатын жағдайлар болғанын тілге тиек етіп өтті.  Деректерді сатып алудың да, клиент үшін таластың да себебі түсінікті. Оның үстіне, қаралы үй саудаласпайды. Ел ішінде «қара агент» деп аталып кеткендерге ықпал етудің заңды тетіктері жоқ.

Монополияға қарсы ведомство олармен айналыспайды. Оларда лицензия да жоқ.
– Бұл мәселені Астанада министрліктердің бірлескен мәжілісінде айтып, қалыптасқан мынадай жағдайға жоғарыда отырғандардың назарын аударуға тырыстық. Адамдардың туыстарын жерлеу үшін банктен несие алатынын да анықтадық. Тіпті тіркелмеген бірнеше заңсыз компанияны білемін. Олардың қолында ақпарат берушілердің телефоны жазылған сим-карта ғана болады. Катафалкты басқалардан 25 мың теңгеге өздері жалға алып, қаралы үйге 40 мыңға жалға береді. Бағасы 22 мың теңге тұратын ең қарапайым табытты 80 мыңға дейін көтеріп сатады. Қордайдағы мәрмәр тасты қашап, Алматыға әкелу 30 мың теңгенің айналасында болса, «қара агенттіктер» оны 80 мың теңгеге сатып жүр, – дейді Алматы әкімдігіне қарасты рәсім қызметтерін көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.

Қазір Алматы­ның күншығысы Қабірстанға ай­на­лып кеткені айтылып та, жазылып жатыр. Қорымдарға деп 773 гектар жер телімі бөлінген. 2014 жылға дейін 41 қорым бар болатын. Қазір олардың саны 69-ға көбейді.

Райымбек даңғылы бойындағы Орталық зиратта ине шаншар жер жоқ. Тек ертерек орын алып қойғандарға ғана мәйітті жерлеуге рұхсат. Кеңсай-1 толғалы қашан, Кеңсай-2 жыл санап кеңей­іп келеді.

Адам жерлеу туралы сөз болғанда, қорымнан жер сату мәселесі де шығады. Алматыдағы рәсім қызметтерін көрсету комбинаты – Алматы әкімдігіне қарайды. Қаладағы 70 зираттың бәрі солардың қарауында.
– Жерлеу мен рәсім қызметтерін көрсету дегенді бөліп қарауымыз керек. Жерлеу құнына көр қазу, мәйітті түсіру, бетін жабу, құлпытас қою. Тағы бір айта кететіні – ҚР Жер кодексіне сәйкес, зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста, Қазақстан азаматтарына да, азамат еместерге де тегін беріледі. Жұрт тек жерлеу құнын төлейді. Жер үшін ақы алуға ешкімнің қақысы жоқ.

«Кеңсайда жер тегін» деген сөзіміз біреулердің күлкісін келтіруі мүмкін. Бірақ шынымен солай.  Сөйте тұра көптеген марқұмдардың туыстары қорымнан жер алу үшін ақы төлеуге мәжбүр болған.

Кеңсай – алматылықтардың түсінігінде тек қалталылардың Қабірстаны.

Арнайы комбинат директорының орынбасары түсіндіргендей, бұл да – заң жоғын пайдаланып табыс тауып жүрген «қара агенттіктердің» жымысқы тірлігінен туындаған түсінбестік.
– Былтыр «Кеңсай-2» қорымында бір кісілерге жер көрсетіп, «мынаның бағасы былай» деп саудалап жүрген жекеменшік компания өкілдерін ұстап алдық. Жұрт мынаны білуі керек: жекеменшік компаниялар бізге келіп, жерлеу құнын төлейді. Ал, соның үстінен «жер үшін» деп алатын ақысы біздің бақылауымыздан тыс, біз өзгелердің қылмысы үшін жауапты емеспіз, – дейді Марат Исмаилов.

Марат Исмаилов жерлеу, салттық рәсімдерге қатысты заңның не себептен кешігіп жатқанын түсінбейтінін айтты.  Бұл саладағы көлеңкелі бизнестің тек Алматыдағы жылдық айналымы – миллиардтардан асып кетуі мүмкін. Оның зардабын халық көріп отыр.

Адамдар заңды білмегендіктен, ақыреттік орындарын да сатып алып жатыр

– Бізде тірілердің құқын қорғайтын заң көп. Мұндай заң марқұмдардың да туыстарына салмақ түспеуі үшін керек. Марқұмдарың басындағы белгі бәсекелестіктің көрігіне айналды, – дейді Марат Исмаилов.

Реті келгенде Марат Еуропа және Араб елдеріне іс-сапармен жиі барады. Ол жақта бос жүрмей, зираттардың құрылысын зерттейді екен.

Әлемде бізден басқа бірде бір елде мәйіттерін елден ерекше, жұрттан бөліп жерлейтін ел жоқ дейді ол.

Сауд Арабиясы королдері көзі тірісінде байлығының үштен бірін көмекке мұқтаж жандарға бөліп беріп, өлген соң өзін қарапайым зиратқа жерлеуді аманаттап кетіпті. Олар көз тартатын күмбез көре алмаушылыққа себеп болады, әруағын мазалайды деп қауіптенеді екен.

Жерлеудің шектен тыс шығындарынан бас тартып жатқандар Ресей, Өзбекстан қалталыларының арасында да жиі байқала бастаған.

Бақылау болмаған соң, біздегі жағдай мүлдем шектен шықты. Көпшілік Астанадағы ұлттық пантеондағы бағаға қарап, жерлеу ақылы деп ойлап қалуы және болмаса да ұқсап бағуы әбден мүмкін.

Марат Исмаилов Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, тіпті Түркменстанның өзі бұл мәселені әлдеқашан заңдастырып алғанын айтты. Бізде тек нормативтік құжаттардан әзірге «Халыққа рәсімдік (жерлеу) қызметтерін көрсетуді жобалау, ұйымдастыру және елді мекендердегі зираттарды ұстау реті туралы» ереже ғана бар.

Оның өзі әділет органдарында тіркелмеген болып шықты. Заңдық күші жоқ.

Марат Исмаилов марқұмның басын қарайтудың бәсекеге айналуын уақытша құбылыс деп айтып өтті.

– Кеңсайдың ең биігіндегі мына зираттағы ескерткіштің қаржылық сметасы 500 мың АҚШ долларынан асып кетеді. Француз дизайнерлері жасаған. Алғашқы бес жылда күндіз-түні арнайы күзет күзететін. Қазір келушілер сиреді. Туыстары немесе ата-анасы марқұмның басына зәулім ескертіш қою арқылы өздерінің жаралы жанына дауа іздейтінін білемін. Бірақ, бәрі өткінші. Біз де сол жолдан өтеміз. Марқұм болған әке-шешені, бауырды перзенттері, көзін көрсе немерелері, бірге туғандары іздейді. Содан кейінгі толқынға олар – жат. Бұл – табиғаттың заңы, – дейді ол.

Марат Исмаилов әңгіме арасында Еуропада, Батыс елдерінде 50 жылдық тарихы бар зираттардың сүрілетінін, мәйіт уының сол уақытта толық залалсызданып бітетінін айтты.

– Алматыдағы Абылайхан, Райымбек, Әл-Фараби көшесінің орнында, ең ірі саябақтарда бұрын үлкен қорымдар бұзылған кезде зираттағы сүйектерді жинап та үлгермеді. Тас жолдың астында қалды. Біз Алматыдағы Райымбек даңғылы бойындағы Орталық қорымды ұлттық саябақ ретінде сақтау туралы ұсыныс бердік. Өйткені, онда Мұхтар Әуезов бастаған қазақ зиялылары жатыр. Ал, таудың бөктерінде орналасқандықтан Кеңсайға сүрілу қаупі төне қоймас. Бірақ заң шықса, 50 жылдық тарихы бар зираттар тегістеліп, орнына басқалары көтеріледі. Алдағы 50 жылда Алматының зираттарынан қанша мәрмәрлардың қоқыс алаңына тасталатынын елестетудің өзі қиын, – дейді Марат Исмайлов.

Қабір басына қойған белгілерден бәсекеге қабілеттілікті емес, дарақылықты көреді.   Әлем­де ғана емес, мұсылман әлемінде де қабірге қойылған ескерткіштердің биіктігі мен бағасының қымбат­тығы жөнінен алдына қара салма­ған ел – біз ғанамыз.

Меккеде пай­ғам­барымыздың сахабаларының басына қойылған кірпіштей ғана белгі бізге ой салар емес. Тіпті, көр­ші өзбек пен қырғыз, түрікмен елін­де де мұндай дарақылық сон­шалықты тамырланған жоқ, – дейді Марат Тоқашбаев.

Марат Тоқашбаев қазақтың ет бауыр жақынынан, ата-анасынан бірдеңені аяп қалған кезі аз дейді. Ғасырлар тезінен сынын да, маңызын да жоғалтпай, қасқиып тұрған маңғаз тарихи ескерткіштер соған куә.

Айта кету керек, зираттарды жобалауға, күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормалары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 маусымдағы N 476 бұйрығымен бекітілген.

Одан бері 8 жыл өтті.

Рауан Ілиясов