Оларға 400-500 желтоқсаншы санда бар, санатта жоқ тобыр ма?

0

Соңғы кездері желтоқсаншылар туралы әңгімелер көбейді. Әуелі, С. Лепесовтың мақаласы Abai.kz ақпараттық порталы мен «Жас алаш» газетінде жарияланды. Ал, 23 қарашада Г. Тойболдинаның «Көзіңді аш, еңсеңді көтер, желтоқсандық бауырым!» атты мақаласы «Abai.kz»-те шықты. Бұл екі мақала да «Желтоқсан ақиқаты» Қоғамдық Бірлестігінің жұмысын сынға алған. Осы қоғамның төрағасы  ретінде Желтоқсан күндері өткенше сабыр сақтауға бекінген едім. Алайда, өзін осы қоғамның құрылтайшысымын деп жүрген Г.Тойболдинаның соңғы мақаласынан кейін – шындықты күтіп отырған желтоқсаншылар алдында үнсіз қалуды жөн көрмедім…

Алдымен,  аталған екі мақалада да «Құрымбаев Желтоқсан көтерілісіне жасақшы болып барған. Ол сол кезде де биліктің адамы еді» деген «айып» тағылыпты. Алдымен соған жауап берейін: Ол кезде мен мединститутты бітіріп, Сейфуллина мен Шолохов көшесінің қиылысындағы №6-шы дәріханаға провизор болып орналастым. Қосымша дәріханалар басқармасының спорт секторы қоғамдық жұмысты атқардым. Көтеріліс басталғанда бастығымыз Алматы дәріханалар басқармасының басшысы Сыбанқұлова Зүрият Нұрәліқызы шақырып алып: «Спортшысың, алаңға  «жасақшы» болып барасыңдар. Көптің арасына кірген соң – еріктерің…» деді. Міне, менің алаңға «жасақшы» болып бардым дейтінім сол. Ал, Зүрият Нұрәліқызының «сақтануы» түсінікті шығар… Әрине, алаңда қызыл шүберекті тастап, көптің арасына кірдік! Таяқты да жедік көппен бірге. Осының өңін өзгертіп, мені «жасақашы», яғни «халық жауы» көрсету қаншалықты дұрыс − төрелігін өздеріңіз айта жатасыздар…

Енді, жазылған хаттарға жауап бермес бұрын, өзіміз үшін «Желтоқсан көтерілісіне деген қазіргі көзқарастар қандай?» деген сұраққа жауап беру тиіс деп санаймын. Ондай көзқарасты бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Желтоқсан көтерілісін Тәуелсіздік бастауы деп санай отырып, «елімізге тәуелсіздік әкелген біздерді мемлекет ерекше қамқорлығына алуы тиіс» деген. Әрине, мұнда үлкен шындық бар, әрі, солай болуы да тиіс. Бірақ, мұндай көзқарас Желтоқсан ұйымдарының мақсаты мен мүддесіне толық сай емес дер едім. Себебі, қазіргі желтоқсаншылардың ардагерлік статусқа ұмтылыс талабы тек қана тұрмыстық мәселелермен шектелмеуі керек.

2. Желтоқсан ұйымдары арқылы желтоқсаншыларды алға сала отырып, оны өз мақсаттарына (беделі мен атағына) қолдану әрекеті. Бұл да көзқарастар қатарында тұр. Себебі, ондай әрекеттердің бар екені рас. (Ол туралы төменде сөз болады).

3. Желтоқсан көтерілісін қазақ халқының азаттық жолындағы соңғы көтеріліс деп қабылдау. Сондықтан, қоғамда Желтоқсан құндылығын орнықтыру, оны Қазақстанның ғана емес, барлық КСРО халықтарының Тәуелсіздік бастауы ретінде қалыптастыру. Яғни, бұл − Желтоқсан құндылығын қазіргі желтоқсаншылардың көзі тірісінде ғана мойындау емес, бұл – оны Қазақстан мемлекетінің тарихына басты құндылықтар қатарында енгізу болып табылады.

Біз, қазір «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының жұмысын «Желтоқсан көтерілісін» қоғамның басты  құндылығы ретінде қалыптастыру қажет дейтін  стратегиялық  мүддеге қарай бет бұрғызуға күш салып жатырмыз. Әрине, ол желтоқсаншылардың бүгінгі қал-жағдайы назардан тыс қалады деген сөз емес. Оны біз ағымдағы жұмыс ретінде үздіксіз атқарып келеміз. Олардың балаларына оқу ақысын жеңілдету,  газ, су, әлеуметтік жеңілдіктер бойынша жергілікті билік пен мекемелермен, оқу орындарымен байланыста тұрамыз. Мысалы, көптеген оқу орындары ректорларының біреуі де желтоқсаншылардың балаларына жеңілдік беру туралы ұсыныс хаттарымызды кері қайтарып, бізді жерге қаратпады! Мүмкіндігінше қолдау көрсетуде. Ал, 2017-2018 жылдары Алматы әкімшілігімен және мәслихатымен  сауатты әрі заңдылық тұрғысында келіссөздер жүргізе отырып, қалалық транспортта тегін жүрудің «Оңай» билетіне қол жеткізу де оңай болған жоқ. Оған қазіргі біреулердің, «Мен жасадым!» деп кеуде соғатын «жекебатырлардың»: «анаған өйттік, мынаған бүйттік» — деп жүрген жолымен емес, Билік пен Желтоқсаншылар арасындағы ұзақ келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді. Сөйтіп, қазіргі кезде қоғамдық ұйым мен әкімшіліктер, мекемелер арасындағы қарым-қатынас мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Онсыз бола ма?

Енді Г.Тойболдинаның мақаласындағы маған тағылған екінші «айыпқа» тоқталайын. Ол: «Құрымбаев желтоқсаншыларға жіберілген үкіметтің адамы. Өйткені, Лепесовтың мақаласына жауап бермеді. Биліктің адамы болған соң үндемей отыр» дейді. Шындығында, Лепесовтың мақаласында мен туралы бір-екі ауыз сөз болғанымен, онда негізінен «жалған желтоқсаншыларды ақтау» және «оны жасаушы «Желтоқсан ақиқаты» құрылтайшыларының бірі Бейсенбай Құспеков (қазір Сайфолда)» екені айтылады. Сондықтан, мен Лепесовтың мақаласы шығысымен құрылтайшыларға: «Құспековтың мәселесін талқылап, шешімдеріңізді жазбаша беріңіздер» деп сұрадым. Бірақ құрылтайшылар әріптестері Сайфолданы «арашалауды» маған жүктеп, өздері тасада қалғысы келді. Мұндағы ойы неде? Меніңше, сірә, олар «егер, жоғарыдан тексеріс болып, мақалада жазылған  дерек расталып жатса, онда оны арашалап жүрген «Желтоқсан ақиқаты» төрағасы Құрымбаев Болат та қатысты» деп, орнынан ала саламыз деген жоспар құрған деп ойлаймын.

Олардың «неге жауап жазбайсың?» деп шүйлігулерінің де бір астары осы ма деймін. Егер, Лепесовтың жазғаны жалған болса, онда Сайфолданың өзі неге үнсіз? Ол үшін мен неге ақтер-көктер болуым керек? Одан қалды, мен С.Лепесовтың айыптауын жоққа шығармаймын! Өйткені, бұл әңгіме арамызда бұрыннан көтеріліп келеді. Ал бұған дейін онымен (ақталу мәселесімен) Б.Құспековтың (Сейфолда) тығыз айналысып келгені өтірік емес… Мұны тексеру құрылтайшылар үшін түкке тұрмайды.

Осының бәрін біле тұра,  Г.Тойболдина «желтоқсан ұйымы құритын болды» деп байбалам салып,  мәселені мен жаққа бұрғысы келеді. Неге? Оның себебі енді анық болды: жақында үш құрылтайшы «шешім» шығарып,    «Желтоқсан ақиқаты» төрағасын орынан алып, төрайымы етіп Г.Тойболдинаны тағайындапты. Сонда бұл «құрылтайшылар үштігінің» (Г.Тойболдина, Ж.Жексенбаев, Ж.Бейсембаева) «шешімі» ҚР Заңдарынан да, қоғамның Жарғысынан да жоғары тұрғаны ма?

Мұнда да мәселе тереңде болса керек: Біріншіден, осыған дейінгі өткен әр жиналыста Г.Тойболдина «Біз құрылтайшылармыз, сендердің жұмыстарыңды бақылап отырмыз, көңіліміз толмаса алып тастаймыз» деп айтудан жазған емес. Біз құрылтайшыларға талай рет: «Бұл қоғамдық ұйым. Қоғам өз жұмысын өзі жоспарлайды. Егер қоғам жұмысы Қазақстан Республикасы заңдарына, адамдардың конституциялық құқына қарсы келмесе, қоғамның Жарғысы аясында болса, онда құрылтайшылардың қоғамдық ұйым жұмысын доғаруға, не болмаса, қоғамдық ұйым жұмысына құрылтайшылар тарапынан цензуралық бақылау орнатуға заң тиым салады. Құрылтайшыларға ондай құқық берілмеген. Қоғам бес-алты құрылтайшының айдауымен жүріп, айтағына еретін жекеменшік фирма емес. Мұнда барлық мүшелердің құқы тең. Құрылтайшыларға басымдық беру заңмен шектеледі» деп айтып келдік. Бұл жағдай ҚР «Заңды тұлғалар туралы» заңында атап көрсетілген!

Бірақ, біздің құрылтайшылар заңды  мойындауға мүдделі емес сияқты. Оларға керегі атақ пен бедел ме деймін. Аталған «құрылтайшылар»  осыған дейін «желтоқсаншылар мүддесі» дегенді  бетке ұстап, қоғамның жұмысына кедергі келтіруден басқа  тірлік жасаған емес. Біз үнемі: «Сіздер қоғам айнасысыздар,  ұсыныстарыңызды айтыңыздар, бірігіп жұмыс жасайық» деген демократиялық жолды ұсынамыз, олар бұған «жауап» ретінде «Құрымбаевты байытып отырсыңдар, жарна жинамаңдар, жарнадан бас тартыңдар» деп желтоқсаншыларды үгіттеп, қоғамдық ұйымға қарсы жұмыс жүргізеді. Оны күнделікті көріп отырмыз. Ұйымның жұмысы жарнаға тіреліп тұрғанын біле отырып, әдейі осылай жасайды. Бұл қоғамдық ұйымды біржола тұралату амалы емей немене? Әрине, өздері де ешқашан жарна төлеген емес!

Олардың өзге де «ерліктері» бар. Мысалы,  жиналыстарға ішіп келу, жиынның ту-талақайын шығару – олар үшін әдеттегі жағдай. Әр жиналыста төрт-бес «құрылтайшы» мінберге жұлқына шығып, ешкімге дес бермей, өздерін осы ұйымның қожайындары сезінгендей: «Қоғамдық ұйымды біз құрғанбыз! Біз бақылаушымыз! Қалай етсек те айтқанымыз болады!» деп, бүкіл ұйым мүшелерін мылқау тобыр санап жүргендерін ешкім жоққа шығара алмайды. Енді, оларға бүкіл Республика атынан құрылған, еліміздегі мыңдаған желтоқсаншыларды біріктірсек деп мақсат қойған бірлестіктің төрағасын үш адам «жиналыс» жасайды да, конференция сайлаған төрағаны орнынан алып тастай салу да түкке тұрмайтын шаруа болыпты! Сонда оларға қоғамдық ұйымды ұйым етіп отырған 400-500 желтоқсаншылар  басыбайлы, санда бар, санатта жоқ тобыр ма? Олай болса, мүшеліктегі барлық желтоқсаншылар олардың бұл «әлімжеттілігімен» келісе ме екен? Олардан соны сұрайық алдымен!

Бұрындары құрылтайшылар өз арасынан Ж.Жексенбаевты «төраға» сайлаған. Бірақ оның жұмысында береке болмады. Соңында маған қолқа салды. Көп ойланып, келісімімді бердім. Қайта тіркелдік. Қоғам жұмысы жандана бастады. Бірақ, жоғарыдағы атап өткен көзқарастар бойынша, құрылтайшылардың «айтқанымен» жүруді қаламадым. Жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, барлық мәселелерді ұжым болып шешуді қолға алдық. Нәтижесінде, санымыз да көбейді, белсенділігіміз де артты. Жиналыстарға зал толатын деңгейге жеттік.  Тәртіпті қатайтып, желтоқсаншылар этикасы ережесін қабылдадық. Қоғамға мүше қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды. Бірлікті нығайту үшін «Мемлекетіміз – Қазақстан, Еліміз – мәңгілік, Ұлтымыз – қазақ, Руымыз, жүзіміз – Желтоқсан!» деген ұран көтердік. Зиялық қауым өкілдерінен «Ақылдастар алқасын» құрдық. Міне, мұның бәрі де Желтоқсан көтерілісін Қазақстан халқының Ұлттық құндылығы қатарына қосу, оны тарихта қалдыру әрекеттері. Ертең, келер ұрпақ та осы қастерлі құндылыққа бас иетін болсын дейміз.

Міне, сөйтіп, қоғамның осылай − тәуелсіз жұмыс істей бастағаны − құрылтайшыларға қатты ұнамады. Біздің қойған мақсаттарымыз ашық. Г.Тойболдина «қоғамды құртатын болды» деп бағалайтын мақсаттар мыналар:

*Қоғам болған соң билікпен, мейлі, ол қандай болмасын − әріптестік жағдайда жұмыс істеуге тура келеді (бұлар айтқандай «бірігу» емес). Мақсат – әлеуметтік мәселелерді шешу және түпкілікті нәтижеде статусқа қол жеткізу! Өйткені, мыңдаған желтоқсаншылардың мүддесі статусқа келіп тіреледі.

*Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын мойындату үшін біз өз мәдениетімізді қалыптастыруымыз керек. Біз, ардагерлер санатына көшудеміз, сөйтіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне араласа бастаймыз. Сондықтан өзіміз де оларға үлгі болатындай болуымыз керек.

Біздің бұдан басқа да құрған жоспарларымыз жеткілікті. Олардың әрқайсысында желтоқсаншылар ұйымының қоғаммен тығыз байланыста болуы жоспарланған. Сол арқылы біз қоғамда «желтоқсаншылар» деген намысшылдық пен қайсарлық образын, оларды «тәуелсіздік күрескері» дей отырып, қоғамдық санада халқымыздың тарихындағы ұлттық азаттық көтерілістердің алар орнын, маңыздылығын дәріптейтін түсініктер қалыптастыруды көздейміз.

Осындай − қазақ халқының Ұлттық намысы мен мәртебесіне қатысты іргелі істерді, оны іске асырушы желтоқсаншылардың қоғамдық ұйымдарын (қозғалыстар, бірлестіктер) өз айтар ойы жоқ, не, нақты іс-әрекеті жоқ шөкімдей ғана байбаламшыл топтың қолына өткізіп беру, әрі-беріден соң, барлық желтоқсаншылардың намысын аяққа басу болып табылады. Біз ондайға жол бермейміз.  Желтоқсаншылар ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге еңбегін сіңірген. Енді, кім көрінгеннің қолжаулығы бола алмайды. Олар өз мәселелерін алдағы келе жатқан конференциясында өздері шешетін болады!

Сөз соңында еліміздің барлық желтоқсаншыларын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Бірлігіміз нығая берсін!

(Құрметті желтоқсаншылар, оқырмандар!

Ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді мына эл.поштаға жіберулеріңізді өтінеміз — zheltoksan.akikaty@mail.ru)

Құрымбаев Болат Тоқтабайұлы, Патриоттық Қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасы  

Abai.kz

              

Дереккөз: https://abai.kz/