Нұрсұлтан Назарбаев әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді
Кездесуді ашқан Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды және еліміздің бүкіл әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.
Қазақстан Президенті көп балалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, бұл көмектің көлемі біртіндеп арта беретінін атап өтті.
– Негізінен, бұл қолдау шаралары табысы төмен көп балалы отбасылар үшін әлеуметтік көмекті күшейтуге бағытталатын болады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі артып, бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы өседі, тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпақты тәрбиелеу ісінде әйелдердің айрықша рөл атқаратынын айтты.
– Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта есеппен, бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала – бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе көп балалы аналар, ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен отбасылық өмірдің құндылықтары мемлекеттің берік негізі саналатынын атап өтті.
– Қарқыны күшті әрі жаңашылдыққа толы заманда сіздер ел игілігі үшін өз әлеуеттеріңіз бен қабілеттеріңізді табысты жүзеге асырып келесіздер. Түрлі салалар мен бағыттарда жаңа белестерді бағындырып, маңызды нәтижелерге қол жеткізіп отырсыздар. Менің жаңғыру жөніндегі идеяларымды іске асырудың бастауында әйелдер қауымы тұр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің ел өміріне белсенді атсалысып отырғанын атап өтті.
– Бүгінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің үлесі 70 пайызға жетсе, қаржы және сақтандыру мекемелерінде 60 пайызды құрайды, ал ауыл шаруашылығында – 45 пайыз. Бизнесте, шығармашылық саласы мен спорт әлемінде зор табысқа қол жеткізген әйелдер аз емес. Бізге, яғни еркектер қауымына, сіздерден қалып қоймау үшін ойланатын кез келді, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің әйелдер қауымы өміріміздің айнасы екенін әрі халқымыздың мінез-құлқын айшықтайтынын айтты.
– Біздің міндетіміз – сіздер үшін жасампаз бастамаларыңыздың толық жүзеге асуына жағдай жасау, – деді Елбасы.
Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, «Астана-Зеленстрой» АҚ бригада жетекшісі Н.Ермолина, Алматы облысы Алакөл ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Дүйсебаева, краншы А.Асмағамбетова, Қостанай облысы Мичурин ауылдық округінің әкімі В.Клочко, «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының басшысы А.Жансерікова, ақын, «Жетісу» газетінің тілшісі М.Тәжмағанбетова, «Кішкентай» әлеуметтік ателье» жобасының жетекшісі А.Мұстафина, онколог-дәрігер В.Юн, ұстаз Н.Садықова, «Назарбаев Университеті» ДББҰ Ғылым және технологиялар мектебінің ассистент-профессоры А.Сандығұлова, көші-қон қызметінің инспекторы А.Әбішева, «Нұр» шаруа қожалығының басшысы С.Маутеева, «ДАНА» жеке білім беру мектебінің бас директоры К.Батырбекова, актриса С.Еслямова, «Life4job» ЖШС директоры А.Бақтығалиева, Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің жетекші солисі К.Төленбаева қатысты.
Abai.kz