Нұр-Сұлтанда саябақтың құны 8 млн тг. болатын 66 көше шамы ұрланды (ВИДЕО)

0

Нұр-Сұлтанда Триатлон саябағынан 66 көше шамы ұрланған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті өкілдері мәлім етті.

Полиция мәліметіне сүйенсек, Триатлон саябағындағы шамдарды екі ай бойы көше және саябақ жарығына жауапты ЖШС-нің үш қызметкері ұрлап келген. Олар түнгі уақытта саябақ аумағына кіріп, екі метр тіректерге шығып, шамдарды бұрап алған.

Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, келтірілген шығын сомасы шамамен 8 миллион теңге.

«Түнгі уақытта тұрақты түрде саябақ ауданына кірген қызметтік автокөлік жедел уәкілдердің қызығушылығын тудырды. (…) Ұрлық жасады деген күдікпен полицейлер ЖШС-нің 32, 49 және 50 жастағы үш қызметкерін ұстады.

Анықталған дерек бойынша «Ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында заттай дәлелдемелер шамды сатып алушыдан ішінара алынды», — делінген хабарламада.