НАРХОЗ-ға Тұрардың аты қайта берілуі керек
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың дүниеге келген күні. Қазақтың басына төнген аштық қырғынын ашық сынап, Кеңес үкіметінен сол нәубетке қарсы қомақты қаржы бөлдірген Тұрар туралы не білеміз? Рухани жаңғыруды мақсат тұтқан біздің қоғам сол зиялыларға лайықты құрмет көрсете алды ма?
2016 жылдың наурыз айында Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы ұлттық экономикалық университеттен Тұрардың есімін алып тастады.Сөйтіп, Кеңес кезінен қалған НАРХОЗ атауын қайта берді. Мұны университет басшылары НАРХОЗ атауының қоғам санасында мықтап орын алуымен түсіндірді. Олардың айтуынша, осы атау болған кезде ғана университет бизнестің биік шыңдарын бағындырыпты-мыс.
Алайда, Тұрар Рысқұлов қазақ халқына еңбегі сіңген үлкен тұлға. Әрине, оны университеттің сол кездегі басшысы Кшиштоф Рыбиньски түсінбеуі мүмкін. Бірақ, универсиетті әлемдік стандартқа сай жасақтаймын деген ректор неге кеңестік ескі атауға жабысып қалғаны түсініксіз. Және, НАРХОЗ — орыс тіліндегі “халық шаруашылығы” сөзінің қысқартылған түрі. Бұл атаудың экономикамен байланысы да шамалы. Сондықтан, бұл оқу орнына Тұрардай тұлғаның есімі қайта берілуі қажет!
Мектеп оқулықтарында “Қызыл жебе” романынан сәл ғана үзінді берілген. Онда, бала Тұрардың әкесімен бірге түрмеде отырғаны тұстары баяндалған. Одан кейінгі “Қазақстан тарихы” оқулығында ХХ ғасырдағы нәубет пен сол кездегі зиялылар туралы еңбектер де аз. Ал, университеттердегі тарих сабағы Тәуелсіздіктен бергі кезеңдерге басымдық береді. Демек, жастар өздігінен оқып, ізденбесе, Тұрардай тұлғаларды бүгінгі кезең аса көп дәріптеп жатқан жоқ.
Ол кісінің әсіресе, ашаршылық кезіндегі халыққа жасаған қамқорлығы ерекше. Ол туралы Шерхан Мұртаза:
“…Ашаршылық жылдары елді аштықтан, өлімнен құтқарып қалған адам. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отырған Сталиннің алдына барып, халықтың жағдайын түсіндіріп, ашаршылықтан құтқарудың жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен адам. Оған батылы барып айтудың өзі қиямет. Сталин сияқты адамға кетіп жатқан қателікті түсіндірудің өзі… Жүрегінің түгі бар адам ғана айта алады ол заманда” дейді.
Ол аштық мәселесімен жүйелі түрде күресу үшін денсаулық сақтау халық комиссары қызметінен кетіп, ашаршылықпен күресетін комиссия құрады. Сөйтіп, Рысқұловтың басшылығымен жетім балалар үйлері, жұқпалы ауруларға арналған емханалар, қоғамдық тамақтандыру орындары ашылады. Кеңес үкіметінен аштыққа қарсы қомақты қаражат бөлінеді.
Сонымен қатар, ол кеңес билігінің Алаш зиялыларына жасаған қастандығына қатысты: “Біз үшін ең маңызды нәрсе коммунистік партияның билігі мен оның идеологиясы емес, біз үшін маңыздысы ұлттың бірлігі және болашағы” деген ой айтқан. Демек, ұлттың бірлігі мен болашағы жолында қызмет еткен Тұрар Рысқұлов егемендік алған тұста ескерусіз қалмауы керек.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының еңбегі мен атқарған істері туралы жан-жақты насихат қажет-ақ. Ол үшін, осы тұлғалардың өмірі мен атқарған қызметтері туралы фильмдер мен қойылымдар көрермен назарына ұсынылса. Әсіресе, Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасы бүгінгі театрларда сахналанса, ұлттың мәдени өміріне қомақты үлес қосылатын еді.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/