Мира Шүйіншәлиева. Үш төмпешік
әңгіме
– Апа, тоңып барамын. Тоң-ы….
Есімнің даусы естілер-естілмес болып жалынышты шықты. Құлақшынын бастыра киген қоян бөркінен жел, аяғындағы қысқа қонышты байпағынан ызғар өтіп барады. Әмір мен Әлпеш беті-қолы домбыққан кішкентай Есімді қолтығынан демеген болады. Бірақ өкпені тұншықтыра қысқан қаңтардың өткір желі мен дүлей бораны үшеуіне де әл берер емес. Интернаттан шыққанда мақтадай ұлпа қарды сызып отырып, құлыншақтың құлағының түбі де терлеп үлгірмейтін қырлықтағы боз үйге әп-сәтте жетіп баратындай көрінген оларға. Енді, міне, көңілдегі тәтті қиялды аяқ астынан соққан аласапыран адастырып жіберді. Жапырақтай үлбіреген үшеу әбден титықтады. Құлақтарының түбінен гу-гу еткен жел тәрбиеші Қабира апайдың түсте айтқан әр сөзін қайталағандай болады. Интернаттың бөлмесінде қаннен-қаперсіз отырған бұларды желіктірген де сол Қабира апайлары еді.
– Қарақтарым-ай, – деген ол. – Неге келдіңдер? Балалардың бас-аяғы түгел жиналғанша қайда әлі!
Сосын бөлмеге кіріп-шығып:
– Мына пеші құрғыр кешке дейін жылынса жақсы. Әлгі кәшағар жігітке шелек-шелек көмірді салғызып жатырмын. Тас түсті ме ішіне, жылынбайды, не кереметі барын?! Егер жақын маңайда тумаларың болса, барып, жылынып қайтыңдар!– деп және рұқсатын бергендей болған.
Сол бойда:
– Біреудікінде не бар соншама? Одан да мына тұрған өз үйімізге
кетпейміз бе?– деп, бала қиялы темір кереуеттен қарғып тұрып еді. Он бес күн бойы қысқы демалыста еркін аунап-қунаған қайран жылы ұяның құшағы өзіне тартпай қойсын ба?
Олардың интернатқа келгені де бүгін ғана еді. Таңертең Дүйсен балаларын осында өзі әкеліп тастады. Ат шананың үстінде тонға оранған әкесі мен үшеуін түк ауырсынбай, түнде жауған жұмсақ қарды тұяғының ұшымен лып-лып басып, жүйтки жөнелген торы ат орталыққа жылдам жетті. Әншейінде бет қаритын аяз да кенет біртүрлі сынып, күн көзі бұлт арасынан жарып шыққандай болды. Сол ауа райының түс ауар-аумастан кенет құбылып шыға келерін, бала түгілі, ересектер де білмеген. Үш бала орта жолға енді ғана жете бергенде, аяқ астынан жел көтерілді. Мамық қарды құйындата аспанға ұшырып, соңы боранға ұласты. Тентек табиғат адуын мінез танытып, үшеуін сым бойына қонақтаған торғайдай ерсілі-қарсылы дөңгелетті. Әл берсе көрейін?! Әншейінде есіз далаға ес беріп, қарқ-қарқ ұшатын қарғалар да зым-зия. Бәрі де қатыгез бораннан қорқып, қуыс-қуыстарға тығылып қалғандай…
– Әкем мал қарауға шықпас па екен?
– Малды ендігі қораға да қамап тастаған шығар.
– Апамның да сыртқа шығып, бізді қарап тұратыны бар еді бір.
– Үйден кеткеніміз мана емес пе, енді кімді күтсін!
Әмір мен Әлпеш тым ауыр демалып, сөйлеп келеді. Ығы мен ықтасыны жоқ қу далада олардың даусы желге ұшып кетіп жатыр.
– Апа, шаршадым. Тоң-ы… барам!
Есім қайтадан қыңқылдай бастады. Екі беті ақшыл-боз тартып, әбден ісіп кеткен.
– Әмір, енді не істейміз? – деп жыламсырады Әлпеш. – Есімді үсіріп алатын болдық-ау!
– Боран басылғанша сөмкемізді басымызға салып, жата тұрайық?!
– Қасқырдан қорқам.
– Осы боранда қайдағы қасқыр?
– Сөйтсек, сөйтейік онда, – деді амалы таусылған әпкесі Әлпеш тістері сақылдап, қалш-қалш еткен Әмірдің сөзін жерге тастай алмай. Сөйтті де, кітап толы сөмкелерін қаз-қатар тізіп, үшеуі суық қардың үстіне бүрісіп жата кетісті. Боран басылмады. Қыстың тұсамыстай келте күні ұясына кірді. Бір-біріне тығылған үш денені ақ қар тегістеп жаба берді…
***
– Дүйсеке, енді қайдан іздейміз?– деп дағдарды үш күннен кейін интернатта жоқ, үйлеріне қайтып оралмаған балаларды іздеп жүрген топ.
Дүйсен ақсақал зілдене сөйледі.
– Өзім бір тірлік қылмасам, сендердің ештеңемен істерің жоқ екен. Шабанның баласы кімге керек болған, Құдай-ау?!
– Біз қайдан білейік, Дүйсеке. Оларды қырда жатқан шығар деп жүрсек? Тәрбиешіге де ескертпей кетіпті.
Мектеп директоры Рақыш мысық мұртының астынан естілер-естілмес күңк-күңк етіп ақталғансыды.
– Тәрбиешіні жұмыстан шығардық кеше.
– Маған оның бір жерге кірген-шыққаны текке де керек емес, шырағым. Балаларым керек! Бәріне сол тәрбиешілерің кінәлі! Есі дұрыс кісі осы қыстың қақаған суығында оларды бөлмеден шығара ма?
– Ол байғұс қайдан білсін?
– Білмегенде ше… Сендер осы мал бағып отырсыңдар ма, әлде жан бағып отырсыңдар ма?!
Осымен бесінші күн. Сорлы Дүйсен әр басшының алдына бір барып, бұрынғыдан бетер күдер үзіп шығады. Еш жерден табылмаған үш баланы кешеден бері совхоздың бар тракторы енді қалың қардың астынан іздеп, даланың сай-саласын жол-жол қылды.
Тұла бойы қалшылдап, ашуға булыққан Дүйсен біреуге кіжінгендей, ұзын сапты қамшысымен кілем төселген еденді ұрып-ұрып жіберді де, сары плащын сүйретіп, сыртқа беттеді. Жүрегі мидай езіліп, есалаң болды байғұс. Астындағы атын самарқау қамшылап, тағы да тракторлар қайықша жүзген маң далаға бет бұрды.
Көңілін тілгелеген ой мен мұң қора толы малға да, тіпті суық хабарды естігелі нәр татпай, пеш түбінде бүк түсіп жатқан әйелі Бәтимаға да бұрылтар емес. Көз алдында интернатқа барған сайын: «Әке, енді қашан келесіз?» – деп мөлтілдей қарайтын үш сәбиі. Үш құлыны – Құдайдың қиып берген үш тамыры. Үзіп берген үш жапырағы – үш сәулесі.
Баяғыда, жаңа-жаңа шаңырақ көтерген кезінде Бәтимаға назын айтып: «Мен кіндіктен жалғызбын. Әкемді соғыс әкетіп, шешемді ерте жер жұтты. Ұл демеймін, қыз демеймін, артымнан ілесетін шарана берсе, Құдайға құлдық!» — дейтін. Сол тілегін Тәңірі естіп, құндыздай бір қыздың соңынан тетелес қос құлыншақ сыйлап, көңілін көкке жеткізді. «Тірлік, тірлік!» деп тырбыңдап жүргенде, сол балаларының көз алдында қалай тез өскенін мұның өзі де байқамай қалды. Кейде Бәтима:
– Біреудің малы егіз туса, әкең тіріліп келгендей қуанасың. Ал сәбилеріңмен ісің жоқ! – деп өкпелегенде, бұл оның ашуына қолын бір сілтеп жүре беретін, шаруасын күйттеп. Әттең, алдамшы дүние-ай! Совхоздың бір тышқақ лағы жоғалып, қотыр қозысы арам өлсе, «қайда қарадың?» деп, жетіп келетін өңкей шолақ әкім немелер мұның өмірін рәсуа қылғанына қуанбаса, қайғырмаған секілді. Кешқұрым, асыңды аузыңа ала бергенде, жалпақ галстүгін жапырайта тағып, «мал санауға келдік» деп, мәшинадан түсіп жататын білгішсымақтардың ауылдың қақ ортасында тұрып та мұның боталарына көз қырларын салмауын қарашы! Ақпар толтырған болып, қораның есігінен бірер ғана мойындарын созып, содан кейін таң бозарғанша киізді сабалап, карта ойнап, құдайы қонақ болып, бас жеп, төс мүжитіндер: «Дүйсеке, сәл шыдаңыз, осы жаз қыстақты орталыққа жақындатамыз. Сонда ұл-қызыңыз мектепке үйден қатынайды. Қойға да қасқыр шаппайды», - деп арқадан қағып, құрғақ уәде қылғандарына алдана беріпті.
– Мынау жылтыр темірді бұл жолы да сізге сыйлаймыз, Дүйсеке. Осы маңда сізден асқан шопан-малшы жоқ, – дейтін көлгірсіп олар.
– Берсеңдерші анау жастарға! Төрдегі жаман кілем медәлдан майысатын болды, – деп, бұл жиналысқа барған сайын бешпетінің омырауын темірге шұрқ тестіріп қайтатын.
– Бәтима! Әй, Бәтима! – дейтін сосын үйге келіп. – Мә, мынаны іліп қой, тағы берді.
Мінезі біртоға тұйық бәйбішесі қашанғы қуансын:
– Темірді үйге бергенше, мәшинә берсе қайтеді, ең болмаса орталыққа барып, қант-шәйімізді әкеліп тұратын, – дейтұғын кейіп.
Бұл болса, ызаланып:
– Немене, аш отыр ма едің? – деп ішінде не бар, не жоғы белгісіз, ала дорбаны мұның қолына ұстата салады.
Барға қанағат қылған көңіл-ай! Соның бәрі бір күндік дүние екенін ол кезде біліп пе? Төрт кластық қана біліммен қара жұмыс біткеннің түбін түсірген қасқа басы өткен күзде құдай көршілері Құсайын мен Хисмет келіп, «Социализм» фермасының орталығына көшейік дегенге де көнбеді ғой.
– Дүйсеке, шамның жарығымен біраз жыл мал бақтық. Еңбегіміз сіңді үкіметке. Ұл-қыз есейіп келеді. Орталыққа – ел жиірек қонған ауылға қарай жылжиық. Балаларды өз үйінен өргізейік. Кісі есігі қиын болар, – деп кетпей қойған-ды олар. Сонда бұл үркек қояндай көршілерінің ұсынысынан ыршып түскен-ді.
– Отырған жерлеріңнен су шықты ма? Не жамандық көрдіңдер бұл маңнан? Көзімді ашқалы кемпірім екеуміздің көргеніміз мал. Онсыз күнелтіс жоқ бізге, – деп жері жазық, шөбі шүйгін дала төсін қимай қалған еді.
Содан не керек, осы маңдағы екі-үш үй ауылға үдере көшті де, бұл болса, иесіз қалған үйлерді жас туған төлге қора-қопсы жасап, көшкен ел-жұртында қала берді.
Өткен-кеткенді еске алған сайын көңілі құлазып, жаны жүдеген Дүйсен атының басын тракторлар даусы шыққан жаққа бұрды. Сонау жолдың оң жақ қапталында оқшауланып тұрып қалған төрт-бес тракторды көріп, «Бұлар неғып тұр екен?» деп таңданды.
«Бәлки, боранның ығымен адасып барып, біреудің үйіне кезікпесе…» деп күбірледі іштей. Кенет құлағына әлдекімнің аңырап жылаған даусы естілді.
– Қапыда сөнген жарықтарым-ай! Ажалға көнген құлындарым-ай! Ақ сүтімді емген сәбилеріммен бірге менің де жанымды неге алмадың, Құдайым-ай?!.
Қапелімде не істерін білмей, сасқалақтаған Дүйсен астындағы атын ұрғылап жіберіп, жиналған жұртты ортасынан қақ бөлді де, келе трактордың тұмсығына ілінген жалпақ жез қанаттың үстіндегі үш денеге етпетінен құлады.
– Тірі ме десем?! Тірі ме десем?!
Ол табаға құйған қорғасындай мұз денелерге көз жасын төге берді, төге берді…
– Сүйектері болса да табылды ғой… Шүкір ет, қарағым.
– Қасқыр жеп қойса, қайтер ек…
Ауылдың үлкен-кішісі басу айтқанмен, еңіреген қос мұңлының құшағын мұздай сүйектерден ешкім айыра алмады. Жылы ұяда күні кеше көрісіп, маң далада бірі өлі, бірі тірі күйінде өбіскен денелерді көріп тұра беруге шыдамы мен дәті жетпегендей, қою қоңыр бұлттар да сол сәт басқа бір шалғайға үдере көшіп бара жатты…
***
Содан бері көп жылдар өтті. Талай уақыттың басы мүжіліп, сағы сынды. Ұзатылған қыздай сыңсып күз келді. Мұңайып жаз өтті. Қабағын шытып кәрі қыс, мазасыз көктем – ешқайсысы да жаралы қос жанды, қос жүректі жұбата алмады. Сол баяғы бұйығы тірліктің тамырына балта шабуға батылдары жетпей, сорлы кемпір-шал осы қыстақтың басында тұрақтап отыра берді. Бірі белі екі бүктетілген кемпір, бірі жылай-жылай көзіне ақ түскен қара шал болды. Екеуінің сонау жылдардан бергі бар тірлігі – күнелтіске бола амалсыз бағып отырған екі сиыр, бірер жандығы. Сосын анау жатаған үйдің қарсы бетіндегі ескі мола. Онда көздерінің ағы мен қарасындай Әлпеші, Әмірі, Есімі жатыр.
Төрт құлағында төрт сыңар айдың бейнесі қалқиған сол молаға аңдаусызда ешкі мен сиыр мүйіздерін қасып, сүйкене қалса, сорлы Бәтима етегіне сүріне-қабына жүгіреді.
– Тәйт, былай, жетпегірлер! Мына кең жер жетпей ме сендерге!
Ал сорлы Дүйсен:
– Аруақтардың сүйегін шошытты-ау! – деп аллалайды.
Сөйтіп, әбден сорлаған сол кемпір-шал әрбір күннің атқан арайымен, батқан көлеңкесімен үш сәбиі – үш төмпешікке айналған қу моланы ойша құшып барып, кірпіктерін іледі.
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/