Менің Пантеоным  (немесе халық пен билік хақында)

0

Халық бөлек, бұл күнде билік бөлек,
Жағу үшін билікке қулық керек.
Шамам келсе басымды имес едім
«Шалқайғанға шалқайғын, илікпе» деп.

Амал қанша, мен оны күнде көрем,
Үлде көрем үстінен, бүлде көрем.
(Бұл халыққа ескерткіш қою керек,
Бәріне де шыдаған, үндемеген).

Оның бөлек асы да, астауы да
Көзін сүзіп тоқалдың жастауына.
Той жасаса, құдай-ау, шаш етектен
Құлайтындар шалынып шашбауына!

Шамасы да жоқ елдің, шарасы да
Не айтамын баламның баласына?
Астауы да, асы да бөлек еді
Енді бөлек болады моласы да!

Ең алдымен ел-жұртын, халқын ойлар
Туады әлі, туады ҰЛ алтын айдар!
Есімдері ерлердің сақталатын
Ел жүрегі дейтұғын ПАНТЕОН бар!

Сол ПАНТЕОН ешқашан шөп баспайтын
Ал қалғаны бос тірлік боққа аспайтын!

Әбубәкір Смайылов

«Қамшы» сілтейді