Мақсат Тәж-Мұрат. Жер – әлемді шарлаған қазақ әні
немесе «Бағы бармен таласпа»
Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Төменде оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынып отырмыз.
Өткен 2018 жылдың соңы еліміздің рухани өмірінде ерекше орын алған бір уақиғамен айшықталды. Ол — белгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің ҚХР-дің Хань-Янь аралығындағы Санья қаласында желтоқсанның 8-і күні «Әлем арулары — 2018» конкурсының жабылу салтанатында өзі шығарған «Ұмытылмас күн» композициясын (сөзін жазған — ақтөбелік ақын Орал Байсеңгір) басынан аяғына дейін түпнұсқа тілде, яғни қазақ тілінде орындауы. Miss World байқауының ақтық сынына 117 елден келген арулардың алқауында (дефиляциясында) шырқалған бұл әннің түсірілімі конкурсты ұйымдастырушылар хабарлағандай, дүние жүзінің 200 еліне трансляцияланып, оны миллиардтан аса телекөрермен тамашалаған. Сөйтіп әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын көзі қарақты осынша аудитория Димаштың таза сезім, аппақ ниеттен туған әніне бір мезгілде жүректерімен тебреніп, «Аңсап күткен арманым сен» деп басталатын мәтіндегі 60 қазақ сөзін бір сәтте құлақ құрышынан өткерген.
Әлбетте, қазақ әнінің өзге құрлықта шырқалуы бұл ғана емес. Әдетте осы өредегі әңгіменің атақты Әміре Қашаубаев есімімен басталуы заңды, себебі осыдан жыл бұрын кезінде «қазақ Карузосы» деген ат алған әнші өзінің табиғи be canto-лы «асқан күшті дауысымен» Еуропа жұртшылығын жалт қаратқаны белгілі. Соңғы кезде ЮНЕСКО-дағы Қазақстан Өкілдігінің зерттеулері нәтижесінде 1925 жылдың жазында Парижде оздырылған Дүниежүзілік әшекей өнері көрмесінің аясында Әміре берген он бір концерттің өткен орны да анықталып отыр, ол — Сан Жорж көшесінде (rue Saint-Georges, 51) орналасқан Salle Comoedia концерт залы болып шықты. Өкініштісі, сол жолы профессор Юбер Перно қазақ әншісінің орындауында фонографқа жазып алған жеті әннің фоножазбалары әлі күнге табылмай отыр. Сонымен қатар тақырып ыңғайында Әміре Қашаубаевтың 1927 жылы Майндағы Франкфурт қаласында өткен Дүниежүзілік музыка көрмесінде өнер көрсетуін қосқанда әншінің Еуропадағы қос концерті негізінде қазақтың ән мәдениетімен Кәрі құрлықты таныстыруы үлкен екі қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегацияларды және қала жұртшылығын ғана қамтығанын айту жөн.
Есесіне дүние жүзіне «Балқадиша», «Дударай», «Қараторғай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз аршадан» да кеңірек танымал болған бір қазақ әуені бар, ол — атақты орыс композиторы Александр Бородиннің белгілі «Князь Игорь» операсындағы «Қыпшақ биі» («Половецкие пляски»), дәлірегі, операның 2-ші көрінісінде осы атпен енген балеттік фрагменттің 11-ші сахнасында келетін тұтқындағы қыпшақ қыздары хормен айтатын әуен. Кейін «Улетай на крыльях ветра» деген басқы жолымен аталып, көпке тарап кеткен бұл әнді арғы тегі қыпшақ композитордың қыпшақ фольклорынан алғаны дау-дамайсыз шындық, бірақ дәл қай елде тұратын қандастарынан еншілегені ғана анық белгілі емес. Бородин өмірін зерттеушілердің бірқатары композитор өз операсына музыкалық материалды венгриялық мажарлардан алған десе, енді бірсыпыра зерттеушілер мұны тікелей қазақ даласымен байланыстырады. Айтуларынша, Бородин операға әзірленіп жүріп, қазақ сахарасына шығып бара жатқан бір фольклорлық-этнографиялық экспедицияға қазақ қыпшақтарының төл әуен-музыкасын жазып әкелуді тапсырып жібереді, осы орайда әлгі тілекті орындаған Рыбаков дейтін жидашының аты-жөні айтылады, ол Рыбаков петербургтік белгілі эпос зерттеуші ме, әлде Торғай аймағында жидашылығымен белгілі болған крестьян начальнигі С. Рыбаков па, оны анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Кім болса да, экспедиция сол жолы Ақмола маңындағы бір ауылдан қазақ келіншектері бала уантып отырып айтатын бесік жырын жазып алып, композиторға әкеп береді. Сірә, қыпшақ рулы қазақ ауылы, – ол кезде де, қазірде де Ақмола маңында шоғырымен отырған қыпшақтар мекені аз емес, мысалы, экспедиция қазіргі Астанадан 18 шақырым жердегі, Қажы-Мұқан туып-өскен ұзын қыпшақтардың ауылында болуы да мүмкін ғой.
Хош, не керек, Бородин әлгі нота жазбасын, бәлкім фоножазбаны өз операсындағы князь Игорь мен қыпшақ князі Құншақ кездесетін көріністердің біреуіне пайдаланады. Айтылмыш операның (балеттің) тарихын зерттеушілердің «У Бородина Восток в музыке подлинный, стихийный» деуіне қарағанда, композитор фольклорлық нұсқаны пәлендей өзгертпей, ажарламай пайдаланған сияқты. Бірақ, ғажабы сол, композитор әлдеқашан аяқталған туындысын сахналамай, әлдене себептермен ұзақ жүріп қалады да, ақыры 1879 жылы жазылған «Князь Игорь» композитор қайтыс болғаннан кейін он бір жыл өткенде барып императрица Мария атындағы театрда бір-ақ қойылады. Бородин операны, соның ішінде «Қыпшақ биін» көзі тірісінде оркестрге түсіріп кеткеніне және өзі «Каспийдің ар жағынан келген тұтқын қыздардың әні» деп қадап айтқанына қарамастан Римский-Корсаков бастаған қоюшы топ балеттік фрагменттің музыкасын білгендерінше өзгерткенге ұқсайды (соның ішінде олар композитор пайдаланған қыпшақтық материалдарды да ғылыми айналымға түсірмей, көп көзінен таса ұстайды). Әйтеуір, не керек, «Қыпшақ биі» қойылымға «партитура бойынша оркестрге бағындырылды» деген желеумен едәуір өңделіп, өзгертіліп шығарылады (шығыстық минордан батыстық мажорға көшіріледі). Бородин жазған опера либреттосы да «Игорь жасағы туралы жырға» сәйкестендіріліп, соның ішінде «Қыпшақ қыздары хорының» мәтіні де сондай өзгертулерге түссе өзі білсін, мысалы, текстегі грузин еліне тән «буырқанған теңіз», «жүзімдік» деп келетін сөздер кейінірек қосылған интерполяция — жамау-жасқау)болуы әбден мүмкін (Ресейде жалпы қыбылданған нұсқа бойынша Бородин грузин қыпшағынан шыққан дидибула — князь Гедеваншивилидің баласы, деп есептеледі, сірә, бастарда, сонымен бірге арғы тегі — Руське қыпшақ даласынан келген бектің тұқымы деген де пікір бар).
Бородин операсы дала музыкасына тұнып тұр: жоғарыда аталған «Улетай…» хорынан өңге тұтқын қыпшақ қызының рөліндегі солистка айтатын бөлек ария, Құншақ қызы (Кончаковна) шырқайтын кавантина, қыпшақ жігіттері мен қыздарының биі (чета), половянкалардың орындауындағы және бір хор әні – «На безводье, днём на солнце», Құншақ қызы мен хор қосылып орындайтын «Подруги-девицы, напоите пленников» әні, Құншақтың «Здоров ли князь» ариясы. Алайда опера көрінісін 1906 жылы Дягилев жеке балетке айналдырып, Еуропаға әкеп қойғанда, осы көп музыканың ішінен тек біреуі – балетте No.17. Introduction: Andantino, 4/4, A Major деп белгіленген «Улетай…» хореографиялық сюитасы ғана соңыра орыс өнерінің Батыс Еуропадағы салтанатты шеруіне кесек үлес қосып, еуропалық өнердің дамуына айтағалсын шапағатты әсерін тигізеді. Шынында да, қанша өзгертсе де, табиғатынан түркілік минор тональдылығы есіп тұратын осынау тамаша әуенде оны тыңдаған адамның жүрегіне мұңды шуақ құятын өзгеше бір киелі тылсым, өнер магиясы бар еді, ең бастысы, ұшы-қиырсыз дала мұхитының еркіндігі сезілетін. «Улетай на крыльях ветра, / Ты в край родной, родная песня наша, / Туда, где мы тебя свободно пели, / Где было так привольно нам с тобою…» деп зарланады қапастағы дала бұлбұлдары (объективті түрде композитордың өзі), ал бір сәт әннің осы вербальдық жағын алып тастап, әуенін ғана тыңдасаң, құлағыңа қазақ аналары бесік таянып отырып айтатын «әлди, бөпемнің» әуезі келер еді. Онда яһуди композиторы Гершвиннің «Порги мен Бесси» операсындағы «Клараның бесік жырында», сондай-ақ біздің Мархаба Сәби айтатын «Құстармен қоштасу» әнінде бар кейбір ноталар естіледі. Осынау мүлтіксіз музыкалық әуен-әуезінің арқасында Бородин тірілткен қыпшақтың (қазақтың) бесік жыры арада өткен ғасыр ішінде әлемдік суперхитке, яғни жұрт жаппай айтатын, қолданатын композицияға айналды. Қазақтың бесік жыры әдетте жоқтау сияқты, қимыл-қозғалыссыз, яғни бисіз, вокальдық жанр – а капелла түрінде жеке орындауда айтылады, Бородин болса соны вокальдық жанрдың басқа түріне – хор шығармасына көшірген. Ал қазіргі орындаушылар болса әнді бастапқы қалпына, соло орындауға қайыра келтіріп отыр, осының өзі ән әу баста жеке айтылатын бесік жыры болғанын қосымша айғақтап тұрғандай. «Улетай…» осы күйінде бірқатар қазіргі орындаушылар мен джазмендердің, атап айтқанда, француз пианисі Ричард Клайдерманның, ресейлік саксофоншы Алексей Козловтың репертуарынан берік орын алып отыр. 1953 жылы «Кисмет» мюзиклі қойылғанда «Улетай…» негізінде әзірленген ағылшын тіліндегі Strander in Paradise композициясы кейін Тони Беннет тарапынан жеке сингл болып шықты. Кейінірек ол синглді The Four Aces тобы, атақты Сара Брайтман және Тони Мартин, Рэй Коннифф, Наталья Морозова сияқты әншілер орындады. 1998 жылы американ рэпері Warren G (9) сопрано дауысты норвег «жұлдызы» Sissel Kyrkjeb-пен бірлесіп The Rapsody Overture жинағын жаздырған шақта рэп пен классикалық музыканы қосып, «Улетай…» музыкасына рэп те айтқаны бар.
Осылайша жер-әлемді шарлап кеткен әуеннің қазақ әні екендігін бүгінде бірен-саран мамандар болмаса, қалың көпшілік, соның ішінде өз қазағымыз да біле бермейді. Өзге түркі халықтары болса оған кәдімгідей көңіл бөледі, мысалы, қарашай-балқар оркестрі Yoshlar Simfoniyasi «Улетайды…» өз тілдеріне аударып алып, хор қосып орындайды, өзбек әншісі Сардор Милано ресейлік «Голос» реалити-шоуының финалында сопрано дауыста шырқады. Сол конкурстардың бірінде орыс әншісі Анастасия Кашникованың қыпшақ қызынша киініп айтып шыққаны да ерекше әсерлі болды. Ал өзіміздің жерімізде, – егер қателессем кешірім сұраймын, – «Улетайды…» Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі 2017 жылы жазда, Астанадағы ЭКСПО кезінде хор қосып орындағанын ғана білеміз. Өз басым қарашай-балқар бауырларымыз жасағандай өз тілімізге аударылып айтыла ма деп күткен едім, әттең, үміт ақталмады.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы. Айналып келгенде, әңгімемізге тиек болған, әлемнің миллиардтан аса тұрғынын таза қазақ әнімен бірінші рет таныстырған Димаш әні де қазақ қоғамы үшін пәлендей жаңалық болып танылмағаны, күткендегідей жаңғырық туғызбағаны да рас қой. Коммуникация құралдары да, әлеуметтік желілер де, жалпы қоғамдық пікір де осы фактіні әдеттегі ақпараттық фантомның бірі ретінде қабылдап, сүйінші сұрады да қойды, осынау ұмытылмас күнді тарихқа айналдырып таңбалаған үлкен, өнжеулі сараптамалық мақала жазылмады, арнайы хабар да берілмеді. Хань-Яньнан түсірілген бейнероликтің астында жарияланған ондаған үнқосу комменттері бұл ретте алып бара жатқандай ауа-райын жасай алған жоқ. Ал біле-білгенге, сол пікірлерде ой саларлық талай әңгіме бар және олардың көпшілігі өзге халықтардың өкілдеріне тиесілі.
Ермек Жамаш: «Қазақша ән салып тұр. Жігітсің!»
Қанат Түркпенбаев: «Жер планетасы қазақтың музыкасын тыңдап жатыр. Димаш, Алла разы болсын саған».
Erlik Erlik: «То чувство, когда родился казахом и ты горд этим! Спасибо, Димаш!»
Мисс Ника: «Миллиард жителей Земли слушают казахскую песню. Это сверхграндиозно!!!»
Galina G: «Спеть на «Мисс мира – 2018 песню на казахском языке дорогого стоит! Я кореянка, родилась и прожила 59 лет в Казахстане! Очень горда!»
Елена Бардус (Украина): «… Я хоть и не казашка, но я так счастлива, что Он спел на родном, казахском языке».
Дил Эгенберди: «Баурум, казагым, сен учун куанычымда чек жок».
Имя Фамилия: «Всем на зависть казах на «Мисс Мира» поёт казахскую музыку. Да, казахи — красава! Скоро весь мир завоюете как Чингиз Хан, Золотая Орда, только мирным путём, конечно».
Наталия Бочкарева: «Это круто, когда Димаша попросили спеть на своём родном языке. Это исключение из правил, по-моему. Потому что он – суперталантище!»
Майра Касен: «Димаш – халық батыры».
Жанар Зубаирова: «Молодцы, китайцы! А Родина любит молча…»
Қоғамның негізгі бөлігі жұмған аузын ашпағанымен, есесіне әлгі уақиғадан кейін тура жарты ай өткенде Елбасы қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Димашқа және бүгінде Еуропада өнер көрсетіп жүрген солтүстікқазақстандық опера әншісі Мария Мудрякқа арнайы тоқталды: атап айтқанда, «Қазақ мәдениеті әлемге не бере алады және қандай да бір қазақстандық брендтің дүние жүзіне танымал болуы шындыққа айналуы мүмкін бе?» деген журналист сұрағына жауап бере келіп, Қазақстанда қазірдің өзінде ондай брендтік адамдар бар, мысалы, Димаш Құдайберген деді. Одан әрі Мария Мудряк пен Димаш сияқты «дара тауарларға» көмектесу, осындай таланттарды қолдап, өсіріп отырудың қажет екендігін ескертті.
Әдетте мәдениеті озық елдерде талантты ұл-қызын алдымен өз жұрты іздейді, жұрты іздегесін мемлекеті іздейді. Бұл жолы басқашарақ болған сияқты: мемлекет басшысы өз жұртының әлем мойындаған ұлын іздеді.
Елбасы журналистермен желтоқсанның 27-ші жұлдызында әңгімелесті. Ал дәл сол күні «TALK LIKE Ютуб жобасы» бейнеарнасында «Ринат Зайытов Димаш Құдайберген жайлы шындықты айтты» деген атпен бір бейнесұхбат жарқ ете қалды. Ертесіне оны ProjectKazakhel бейнеарнасы «Ринат Зайытов Димаш Құдайберген жайлы, ол Қытайдың инструменті» дейтін атаумен көшіріп жариялады. Дәл сол, 28-желтоқсан күні «Жас алаш» газетінің сайты «Димаш Құдайберген Қытай саясатының таза құрбаны» деген тақырыпта әлгі бейнероликтердің мәтінін мазмұндап берді.
Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтың Димаш жайында елдің құлағын көтеріп әңгіме айтуы бір бұл емес. Оның 2013 жылы «Саз әлемі» телеконкурсында Димашқа «еркекке тән емес дауыспен шыңғырып ән айтқаны» үшін төмен баға қойып жібергені Құдайберген шығармашылығына ынта білдіруші кімге болсын мәлім. Сол Димаш үш жыл аралатып Singer ән конкурсында бүкіл Қытайды шулатып жатқан шақта әншінің фанаттарының «Саз әлемінде» болашақ өз кумирлеріне сын айтқан Бағым Мұхитденова, Сұлтана Қаражігітова сияқты жюри мүшелеріне қоса Ринатты да әбден табалағанын ұмыта қойған жоқпыз. Солардың біреуі – белгілі блогер Мұрат Телібековтың ашынып отырып: «У меня до сих пор перед глазами лица членов жюри на казахстанском конкурсе певцов, где выступал Димаш: кривые усмешки, презрительные фразы, чванство и высокомерие. Они делали всё, чтобы втоптать его в грязь», – деп жазғаны есте қалыпты. Шынында да сол жолғы бас салып жабылу әншіге пайда беретін сын айтуымен емес, кісіні өшіретін үкім шығаруымен музыканы бағалай білетін адамдардың көңілін қатты жабырқатып тастағаны рас, бірақ соның өзінде де «Саз әлемінде» орын алған жағдай жас әнші үшін бастан аяқ Голгофа болды, немесе Берлин Иришев образды түрде жазғандай, өнер сахнасы қолдарына бір-бір балта ұстаған сарапшылар таланттардың тамырын қырыққысы келген эшафотқа айналдырылды деп айта алмас едік. Оның себебі, дәл осы жағдай, басқа да елеулі себептермен қоса алғанда, жас талантты қайрап, жігерін жанып, алдағы асқаралы асуларға салуымен де Димаштың бүгінгі табысына объективті түрде септескендігін ескеруіміз керек (бұларды өнер тілінде «продюсер-мотиватор» деп те атайды). Мұндайда қазақ «Сүйеніп емес, сүрініп жеткен тау биік» дер еді.
Ринат Димаш тақырыбына миллиардтық Қытай Dimash дейтін торнадо астында жығылып жатқанда екінші рет айналып соқты. Соққанда да тілші қыздың Димаш жайлы фельдфебелдік ыңғайда тіке қойған сұрағына «Ол – конкурстық әнші ғой» деп қысқа ғана жауап берді, бірақ одан әрі тереңдемеді. Әңгіменің мәнмәтінінде әнші жайында айтқан әуелгі пікірінде қалатынын аңғартты. «Еркек!» – дегенбіз сол жолы, оның кейбіреулер сияқты тауық бір шақырғанша пікірінен үш танатын тайғанақтыққа берілмей табандылық танытқанына сүйініп. «Айтылған сөз – атылған оқ». Тіпті осы жерде, асылында, вокальдық өнерде конкурстық әнші, конкурстық емес әнші деп бөлу болмайтынын, конкурстарға қатысу әншінің әншісін анықтап беретін және түрлі сын-сынаққа сала отырып мықтыларды таңдап шығаратын аса қиын өнербәйгесі екендігі жайлы дау-пікірімізді де ішке бүккенімізді енді айтуға ықтиярлымыз. Қайткенде де пікірді құрметтеу керек және осы өреде сын пікірін өзгертпеген жалғыз Ринат қана емес қой, мысалы, Бағым Мұхитденова да кейін бір телесұхбатында өзінің «Саз әлеміндегі» айтқан сөзінен қазір де қайтпайтынын, әлі де кәдуілгі әнге «классикалық пищалкаларды» қосуды диссонанс деп есептейтінін мәлімдегені есімізде. Талғам тексеретін бұл «полиция» шыңғырулар мен «пищалкаларды» қандай «термометрмен» өлшеп білгені бөлек әңгіменің сыбағасы, бұл жердегі гәп адамдардың принципті көзқарастарында, дұрысы, соларға біздің көзқарасымызда. Димаштың талантына табынушылар ойдай мін етіп көрсетіп жүргендей, Ринат музыкадан бейхабар, яғни ол саланың маманы болмаған күннің өзінде де біз осыны айтамыз, – демократиялық қоғамда әр адам өзінің ой-пікірін, соның ішінде аз уақытта танымал тұлғаға айналған өнер иесі жайында не ойлайтынын білдіруге ерікті, әрі құқылы.
Осындай себептермен айтыскер ақынның Димаш тақырыбына сол 2017 жылғы көктемде үшінші рет оралуына тағы да еріксіз назар жыққан болатынбыз. Бұл жолғы әңгіме бір қаладағы (сірә, Ақтөбедегі) концерт залында шығармашылық жастармен өткен кездесуде залдан берілген сұраққа жауап ретінде өрбіді және оның барысында суырыпсалма ақын Димашты әнші ретінде неге қабылдай алмайтынына алғаш рет кеңірек тоқталды. Ықшамдап, кейбір жерін мазмұндап келтіргенде әңгіме мынаған сайды.
«Қазір Димаштың төңірегінде айқай-шу көп. Бірақ біз қазір екі рет Олимпиада чемпионы Илья Ильинді де ұмыта бастадық. Бір жылдан кейін көреміз. «Балапанды күзде сынайды». Бір жылдан кейін не болатынын көреміз. «Ойбай, Димаштың арқасында дүние жүзі қазақты тани бастады» дейді. Димаш не, қазақтың шапанын киіп, домбырамен ән салып, қазақты танытты ма? Жақсы, қазақтың баласы өзін миллиардтарға мойындата бастағанына қуанамын. Медет Шотабаев деген әнші бар. Ла-Скалада ән айтып жүрген әнші. Әлемдегі гонорары жоғары жеті тенордың біреуі. семейден. мен Димаш сияқты әншілерден қорқам деп неге айттым? Біз эстрада арқылы не еркекше екенін, не әйелше екенін білмейтіндерді алға шығара бастадық. Димаш – үлкен қару. Өзінің талантымен ол – үлкен саяси қару. Кезінде Криштиану өзінің гомосексуалист екенін мойындағанда мен… (осы жердегі бірнеше сөз түсініксіз). Неге? Қанша балалар Димаштай болғысы келіп жүр. Сол сияқты Димашты бауырымыз сияқты көтергіміз келсе, ол соған лайық еңбек етуі тиіс. Ол телевизордан үнемі қазақша айтуы керек, халқын жақсы көретінін көрсетуі тиіс. Мен өз қатесі үшін кешірім сұраудан арланбайтын адаммын, бірақ бәрін де нәтижесі бойынша бағалау керек. Бірақ ол бір конкурста бас жүлде алды екен деп… (бұдан кейінгі сөздер түсініксіз). Ерлан Рысқали деген дәстүрлі әнші бар, домбырамен айтады, Европада гран-приді жеңіп алды, оны тыңдап отырып Пласидо Домингоның өзі жылаған. Алайда ешкім осыны ескермейді, ешкім осы әншінің жағдайы қалай екен, қалай тұрып жатыр деп сұрамайды. Ал сендер бұл сұрақты қоя бересіңдер, кейбіреулерің жерлес ретінде көтергілерің келіп, ал кейбіреулер… (тағы да түсініксіз сөздер).
Мен қазақы емес әншілерден қорқам. Кейін Димашқа еліктеген, беттерін бояп, шаштарын елбіретіп, «иһ-иһ» деп шығатын балалар көбейсе, не боламыз?! (залда күлкі, қол шапалақтау).
Azat Bekeev дейтін блогер тарапынан You Tube бейнехостингіне 2017 жылғы 25 сәуірде шығарылған бұл түсірілім едәуір қаралым және эмоцияға толы біраз комментарий жинады ― нақты айтқанда, бір жылдың ішінде оны 102 мың адам қарап, мың қаралы пайдаланушы өз пікірлерін қалдырған. Осы жерде айта кететін бір жағдай, соған дейін жарияланған этнорэпер Ерболат Құдайбергеннің Димашты әйел әншілерге тән сопрано дауыспен «шиқылдап» айтады деп кінәлаған бейнесұхбатын көрген жұрт бірауыздан Димаш жағында болып, ақыры сыншыны жария түрде кешірім сұрауға мәжбүр етсе, бұл жолғы пікірлер Димашты және Ринатты қолдаушылар болып екіге бөлінді. Тұтас алғанда оның біріншісін мынадай бірнеше тармақ бойынша топтауға болады: а) пікір білдірушілердің басым көпшілігі айтыскердің сөздері болғандай олақ, біртүрлі болып келетінін, ой-пікірінде белгілі бір қисын, логикалық жалғастық жоқ екендігін атап көрсетеді және сөз өнерінде жүрген адамның осыншама қарабайыр сөйлейтініне таңданыс білдіреді; ә) жалпы өнерпаздарды қатар қойып бір-бірімен салыстыру өнікті тәсіл емес, себебі, өнерде әркімнің өз орны бар, бұған қарағанда бір кезде өзі менсінбей, аяққа таптағандай болған адамның осы күнде әлемдік даңққа бөленуі айтыскер ақынның ұйқысын қашыратын сияқты, мұндайда абзалы шын талантты мойындау еді ғой, дәл сол секілді өз қатесін біліп арылу да кісіден үлкен жауапкершілікті қажет етеді, ал адам бұл үдеден шыға алмаса, онда ішін қызғаныштың уыты жалап бара жатқандығы; б) сыншының өзі соншама мықты болса, тым құрыса бір елге барсын да, домбырасымен өзін, елін мойындатсын; в) Ринаттың өзі де өнердің, сахнаның адамы, «сахналық образ» дегеннің не екенін бір білсе сол білуі керек еді, бірақ ол әдейі өзін сахна ерекшелігін білмейтін адам етіп көрсетеді, соған қарағанда ол жаман актер болмауы керек; г) Ринат ― ән мәтіндерінің авторы ретінде өзі қаламақы бөлісетін той әншілерінің итаршысы, ал Димаш болса Ринат сөзін жазған әндерді өлсе де айтпайды, әлгіндей әндер Димаш үшін деңгей емес, мұның өзі айтыскердің шамына тиетін сияқты; д) айтыскер ақынға сенсең, мына дүниеде өзінен ақылды адам жоқ, ал ішіне әншінің талантын құрметтеушілер және Димашқа батасын берген Президент те кіретін миллиондаған адам ақымақ екен де; е) Димаш ешкімге ештеңені де дәлелдеуге міндетті емес ― ол әнін айтып жайымен жүрген жігіт және сол өнерімен сапалы, тәуір музыканы аңсаған миллиардтаған халықтың рухани қажетін өтеуде; ж) өмірдің, өнердің өрін көздеп, өз еңбегімен өрлеп келе жатқан қылқандай жас жігіттің аяғынан шалып, етегінен тарту тәрбиесіздік қана емес, сорақылық; з) осының барлығының астарынан Димаштың атын пайдаланып, өз атағын шығарғысы келген теріс пиғыл аңғарылады, себебі бүгінде жастар айтысты қарамайтын болды, айтыс ақындарының күні еңкейді, сондықтан олардың арасындағы базбіреулер қоғамда сұранысқа ие тақырыптардың, ал бұл жерде әлем мойындай бастаған Димаш тақырыбының жалына жармаса бастады.
Қорыта келгенде, Димашты қолдаушылар екі нәрсені бөліп айтады: олардың пайымдауынша, қоғам, жұртшылық қай салада болсын жаңаны, жаңалықты қабылдап үйренуі керек; сосын Димашты ұнатып, бағдар тұта бастаған жастар бұрыс жолға түседі деп кесіп-пішіп айтуға болмайды, себебі, басқа-басқа, ал Димаштай оңды жігіттен жамандық шықпайды.
Енді Ринатты қолдаушыларға келейік.
Бұл топты шартты түрде екі партияға бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы ― негізінен Димаштың өнерін, әсіресе оның қазақ мәдениеті мен қазақ тілін насихаттауға қосып жүрген үлесін оң тұрғыдан бағалайды, сөйтсе-дағы ешкім де сыннан тысқары тұрмауы керек, сын Димашқа қатысты түрде де тек пайда әкеледі деп есептейді. Ал реципиенттердің қалған, қомақты бөлігі еш алайдасыз Ринат жағынан табылды. Айтуларынша, а) шынында да Димаштың сыртқы түрі де, дауысы да әйелге келіңкірейді, содан да оны ұнататындардың денін әйел адамдар құрап отыр; Ринат бір нәрсені дұрыс айтқан ― бүгінде еркектер, тіпті жас балалар әйелге ұқсап барады, тіпті соларша боянып, сән қуалайтын болды; қазақ жігіттері қайткенде де еркек болып қалуы керек; ә) Димаш қарақан басының қамын күйттеп жүр, сол үшін де ол Қытайға барып, атағын шығарып, сонда қалып қойды, түптеп келгенде туған халқының басындағы ауыртпалық пен қиыншылық оның қабырғасын қайыстырмайды; б) Димаш даусыз талант, бірақ оған патриоттық рух жетіспейді, себебі ол Қытайдағы конкурс кезінде 14 турдың екеуінде ғана қазақша ән айтты; в) Ринат қазақтың болашағын ойлап айтып отыр, себебі қазірде жастар, балалар өзара Месси, Роналду болып бөлініп ойнайтыны, Қанат Ислам яки Бейбіт Ыстыбаев болып ойнамайтындары рас қой, оның себебі, соңғы екеуі теледидардан азар болса жылына бір-екі рет қана көрінеді; г) бұрын балалар батыр болсам, жауынгер ер болсам деген арманмен өсетін, қазіргі балалардың есіл-дерті әнші, әртіс болу, ал қазақ жерін сақтап қалған әнші-әртістер емес, батырлар мен жауынгерлер еді ғой ― бүгінгі қаптап кеткен мияубике «попса», әйелдің алдында жүрегін қолына ұстап қылғынып тұратын жасық әндер қазақ жігіттерін еркектік қадір-қасиеттен айырып, әйелдердің біз өкше топлиының астына тастады; д) Қытайда ұзаққа қалу Димаш үшін белден зиян, ол қазірдің өзінде тамырынан ажырай бастады, мұнда саясаттың, ақшаның салқыны бары анық; е) Димаш жеке мүддесімен Қытайды байытып жатыр, ал бұл ел қазаққа ата жау, онда қандастарымыз қиыншылыққа ұшырауда, ал ол болса сондай жауымызбен құшақтасып ән салып жүр; ж) Димаш әлемді емес, Қытайды мойындатты деу дұрыс болады, ал бұл елдің бізге түкке де керегі жоқ; оның Қытайдағы миллиондаған фанаттарының Димаш үшін Қазақстанға көшуге бармыз деп мәлімдеуі жайдан-жай емес, түпкі ниеттері белгілі ― соны желеу етіп, елімізге, жерімізге жым-жырт кіріп алу, сондықтан Ринаттың Димашты саяси қару деуі дұрыс. Қысқасы, Димаш елім десе, жерім десе кейін қайтсын, туған елін аралап концерт берсін…
Құдайшылығын айтайық, осынау дай-дай айтыста пікір айту мәдениетіне тән емес асыра мақтау да болмай қалған жоқ, анық-қанығына жетуге де тер төкпей, жалпылама, жадағай айып тағумен біраз жайды былықтыру да бар. Соған қарамастан ол күндері дәл осы мәселені өршітпей қоя салу жағында болғанбыз. Онымызға үш жағдай себеп болған-ды. Біріншіден, халқымызға тән шүкіршілік айту, іштегі қоқысты сыртқа шығара бермеу. Екіншіден, артық-кеміне қарамастан, айтылған пікірлердің қоғамдағы ахуалды барынша дәл сипаттап беретін ұжымдық сыншы ретіндегі маңызы, яғни әлеуметтанушылық мәнінің бар екендігі. Үшінші себеп – Ринат айтқандай, шынында да соңыра, бір жыл өткенде не болатынын күту еді. Осы күні айтыскер жігіт әлгі сөзді сол сәттердегі өз түйсігіне сүйеніп отырып айтты ма деп ойлаймын. Неге десеңіз, Ринат «шөже санайық» деп отырған сәуір, жалпы 2017 жылғы жазғысалымғы уақыт Димаштың Singer жобасындағы жеңісінен кейінгі, бәріміз аяғы не болар екен деп мазасыздана күткен алмағайып кезеңнің басы болатын. Себебі, жас әнші үшін ол күндері өз бетін табу жолында бұлтаққа түсіп іздену уақыты басталған. Сонымен бірге әншінің адам айтқысыз ұзаққа (төрт айға) созылған конкурстан кейін қатты шаршағаны да білінген. Бірақ алынған биікті бекіту ниеті және шоу бизнес заңдылығы жөндеп тынығуына да мүмкіндік бермеді, оған фанаттар мен БАҚ-тың үнемі назарында жүру машақаты, барынша тығыз жұмыс кестесі, құрлықтар арасын жол қылған әуесапарлар сүркілі қосылып, физиологиялық жағынан ғана емес, көңіл-күй жағынан да кері әсерлерін тигізе бастаған-ды. Содан да әнші кейбір жоғары регистрлі орындауларында, әсіресе өзінің мәшһүр контертенорлық вокализдерінде нотадан тайып кеткен сәттер де болды, оның үстіне қас қылғандай тіпті мақтаулы Еуропаның өзінде музыкалық шаралардың техникалық жағынан әзірлену деңгейі ойдағыдай болмай, концерт залдары мен алаңдары Димаштың нотадағы әр дыбысты музыкаға айналдыратын вокалдық талабына жауап бере алмады. Сонымен бірге әншінің орындаушылық партиясының басым биіктік деңгейіне (тесситурасына) сай келетін әндердің тапшылығы да байқалды. Ринат қанша айтқанмен өнер адамы ғой, осындай-осындай кібіртік-сықырларды жұлынтұтамымен сезді ғой деймін. Бірақ соның барлығының да түбі хайыр – шамамен 2017 жылдың күзінен бастап Димаштың вокалдық формасы қайыра қалпына түсті, оның даусына келетін әндерді таңдап алу талабы да жоғарылады, Димашқа арнап алғашқы әндер де жазыла бастады, солардың бірегейі – Skreaming әнші шығармашылығында жаңа кезеңді бастап берумен қатар Димаштың уақыт сынынан абыроймен өтіп, өнерде өз бетін тапқанын да паш етті. Мамырда Шеньжень қаласында өткен әншінің жеке концерті поп стиліндегі осы композицияның атын иеленуі, оның араға ай салып Asian Music Chart чартында сайысқа түскен Top 35 әннің арасынан топ жарғаны тегін емес-ті. Ал жазда Интернет кеңістігі арқылы таралған әншінің үш тілдегі алғашқы аудиодискісінің тағы да Skreaming аталуы және композицияның орындаушының стилін сипаттайтын сингл түрінде дискіні бастап тұруы ендігі жерде Димаштың эксклюзив ән айту мәнері Skreaming (еркінірек аударғанда «Шығандап айту») деген ат алатынын мәлімдеп тұрғандай еді. Осы арқылы әнші соңынан тұз қосқан бытырамен қуалай атып қалып жататын сынампаздарға ірі патрон оқпен оқсатып тұрып жауап бергендей еді. Бұдан соң оның мына табысы уақытша, даңқы барып-барып шырқау биігіне жеткен сәттен бәсеңси береді деп үміттенген базбіреулердің аузына құм құйылуы тиіс-ті. Оның үстіне сыншылар айтты-айтпады, күн санап жаңбырдан соңғы қозықұйрықтай қаулап өсіп жатқан әнші талантына табынушылардың қалың қатарынан аяқ тартуы да логикалық тұрғыдан күтілген жәйт еді. Соның ішінде Ринатқа қатысты түрде айтатын болсақ, жоғарыдағы оның пікіріне байланысты өзіміз келтірген контент-талдаудың ішінде біз бүгіп қалған тым қатты сөздер де болған еді, яғни, «Ринат, сен өзің ауыл-үйдің ұсақ әңгімесінен аспаған бәдіктің бірі екенсің» яки «Бақа жұтқан балықтай қабарып, түкірігің шашырап…», «Көзің сүңгуір қайықтың су астынан шыға келген перископы құсап…» деп келетін жеке басқа тиісулерден өңге кейбір әйел адамдардың осы жерде қаламға алуға келмейтін лағынеттеулерге де барғанын енді айтуға мәжбүрміз. Осыларды ескере келгенде, Ринат бұл тақырыпқа ендігәрі орала қоймас, егер ішіне сыймай бара жатса, Димаш жасы кіші бауыры ғой, бір иінін келтіріп, өзіне жеткізер деп ойлағанбыз.
Қателесіппіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, айтысып үйренген ақын желтоқсанда Елбасымен жарысып, 45-ші инелі ескі пластинкасын қайыра, осымен төртінші рет ойнатты. Не дейді, сонда бұл мүжіліңкіреп қалған көне күйтабақ?!
Әкетіп бара жатқан жаңалық жоқ – негізінен баяғы «әлеулай», ескі сарын.
«Талант пен ұлтқа қызмет ететін адамның ара-жігін ажыратып алайық»,– деп бастайды да, одан әрі: «Неге Димаш ән айтқанда мен «Бұндай әншілерден қорқам» дедім?!» деп алып, өзінің бұл риторикалық сұрағына былай деп жауап қайтарады: «Біздің қазақтың онсыз да болмысы европаланып бара жатқан кезде дәл сондай феномен шығатын болса, мен толық білдім, біздің жастар соның артынан еретінін. Ал Димаштың сахналық образын қалыптастырған кім, қай ұлт қалыптастырды? Қытай қалыптастырды ма? Неге қытайлықтар оны шығарды? Біз қытайлар қазақша үйреніп жатыр дейміз. Олар біздің баланы бізге қарсы пайдаланып жатыр. Дәл осылай болатынын мен білгем. Өйткені ол болған практика. Димаш «Саз әлемінде» жүргенде оны бір адам сол жаққа сүйреді ме? Жарқ етіп шыққанда мақтандық. Біздің министрліктің басы істесе «Славян базарынан» кейін Димашты қазақ операсының паспорты ретінде оны керісінше қоюы керек еді. Димаш Құдайберген Қытай саясатының таза құрбаны».
Осынау ұзақ тираданың жайына сәл кейінірек ораламыз, енді бір сәт сұхбат беруші мен тележүргізушінің диалогына құлақ түрелік.
Оның бір жерінде, Ринат Димаштың талантын, қазақты шетке танытқан еңбегін мойындағандай болып отырғанда жүргізуші әншіге атақ беру мәселесін қозғайды. Айтыскер бұл сұраққа күмілжіңкіреп барып: «Беру керек. Бізде қандай атақтар бар өзі. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы ма?!» – деп, одессалықтарша жүргізушінің өз сұрағын өзіне қайырып тастайды. Одан әрі өзін әлгі өзі айтқан «басы істемейтін министрліктің» орнына қойып жібергеніне ыңғайсызданғандай әңгіменің бетін басқа арнаға бұрады. Яғни ойын «Қазақты дүние жүзіне таныстырып жатқан Ерлан Рысқали, Қанат Ислам, Геннадий Головкин» деп өрбітеді. Осы жерде …иә, осы тұста сұхбатты жүргізіп отырған Аман Тасыған бар болғыр әңгімеге киіп кетеді және жай кимелемейді:
– Олардың қатарына Димаш Құдайбергенді қоса алмаймыз, ә?! – деп, қазан қайнатар ашуға қаралай тамызық тастайды.
«Перископқа» керегі де осы екен, бағжаң ете қалады:
– Димаш Құдайбергенді қай жағдайда қосамыз біз? Егер Димаш бір концертінде шығып, микрофонын жерге тастай сап, «Менің ұлтымды осы мемлекет қорлап жатқанда мен бұл жерде ән айтпаймын» деген ерлік жасайтын болса, біз сонда Димашқа ескерткіш қойсақ та артық емес.
Атжалман Аман да дайын отыр екен:
– Ондай ерлік жасауы мүмкін бе? – деп лып ете қалады («Ағатай-ау, Қытайда туып-өскен Қанат Ислам олай етпегенде, Димаш неге ондай ерлік жасауы тиіс?!» демейді).
Тағы да «перископ»:
– Неге мүмкін емес?! Жасасын. Ер-азамат қой. (Тележүргізуші бұл жолы да «Сіз де ер-азаматсыз ғой… Мен де…» демейді, десе де ішінен «деген» болар)…
Қырық төрт минуттық бейнесұхбат осылай-осылай барып-барып, басқа тақырыптарға ауысып жалғаса береді, соған қарамастан хабар «Ел қамын жеген Едіге – Ринат Зайытовтың заман хақындағы мұң-зары яки күйікті ойлары» деп аталмайды, тизерге бадырайтып, сұхбаттың бір бөлігі ғана арналған Димаштың аты шығарылады. Түсінікті жағдай ғой. Ойлағандарындай, әлгі «вирусты» материалды үш күннің ішінде ғана 368 мың адам көріп, оның 4600-і коммент арқылы пікірлерін білдірген. Осылайша «мұратына» жетіп марқайған айтыскер жайында ютубтағы әлгі комменттер не дейді?
Әлбетте, «Алтын домбыраны» ала алмай қалған кекті ақынның өздерінің сүйікті әншілерін төртінші рет мінеген сөздері бұл жолы да қатары мың-мыңдап саналатын фан-қоғамдастықтың орынды ашу-ызысын тудырған, ал ол ашу-ыза өз кезегінде кекті ақынның кегін қуғандардың да орынды ашу-ызасын қоздырмай тұра алмаған. Осы жерде құрметті оқырмандарымыздың алтын уақытын жемес үшін солардың бірнешеуін ғана рет-ретімен келтіре кетейік.
«Өнер мен саясаттың бір-біріне еш қатысы жоқ».
«Не надо смешивать политику и искусства».
«Неге микрофонын тастай салып айтпайды дейді. Айтпайды, өйткені өз жерінде сіз сияқтылар оны аяқтан шалып, артқа тартты. Ал Қытайда өнерін өнер деп бағалады. Димаш өте тәрбиелі, өнегелі бала. Ол су ішкен құдығына түкірмейді. Өйткені оны солай тәрбиелеген ата-әжесі».
«Димаш 2017 жылы «Мен әншімін» байқауына қатысқанда қазақтар ол жақта еркін жүрген болатын. Димаш ол елмен келісім-шартқа отырды. Енді ол шарттың мерзімі біткенше, сөзін берік ұстайтын, бір сөзді болуы үшін микрофонын жерге қоя алмайды. Ол өз ісіне өзі жауап беретін саналы азамат! «Буынсыз жерге пышақ ұру жарамайды».
«Димаш арқылы Қытай бізді қалай жаулайды, егер қытайлар мұқым стадион боп қазақша ән салып жүрсе?!»
«Қытай Димашсыз-ақ қаптап кірген…»
«Димаш Ресейге барып орысша ән айтып жүр, сонда «орыстандырып жатыр» дейміз бе?!»
«Димаш «Қазағымды әнім арқылы әлемге танытам» деген бала күнгі арманын орындап жүр».
«Қазақстан деген мемлекетті картадан тауып алып, Димаш үшін қазақ еліне келіп жатыр, сонда олардың да біздің жерге көздері түсіп отыр ма?..»
«Сіздер Ринаттың сөзін дұрыс тыңдамағансыздар, не дұрыс ұққан жоқсыздар. Ол «Димаш талант иесі, бірақ біз сол талантын кеш бағаладық. Димаш Қытайды мойындатып еді, бізді де мойындата алды…» деп отыр… «Қытай құрбаны» дегенге келсек, Димашты біз Қытай арқылы танығанымызды мойындайық. Ринат соны меңзеп отыр!»
«Сам же в Китай Димаша отправил, а теперь всякую хрень про него говорит».
«Ринат Заитов, вы не имеете морального права что-либо говорить о Димаше!»
« 1. Димаш қазақ тілін шетелде насихаттап, қорғап жүр. Бұл – тілді сүю, ұлтты сүю. Димаш ұлтын сүйеді. Дәл осы уақытта қандас бауырларымызды Қытай еш жазықсыз түрмеге қамап жатыр. Жарты млн қазақ азап шегіп, түрмеде жатыр. Ал осындай Қытайдың мемлекеттік арнасында ән салу ұлтты сүюге қайшы келеді. Димаштың бұл жағдайда өз пікірін білдіруі азаматтық позициясы болмақ. Бірақ саясат емес. Ал әлдекім оның еркіне қарсы Қытайға қарсы сөз айтқызбаса бұл саясат болмақ.
2. Ешқандай «әлем адамы» статусы ұлтты сүюді жоққа шығармайды, ұлттық парыздан босатпайды. Әлемдік практикада да сондай. Ресей күш көрсеткенде Грузиядағы В. Кикабидзе неге оның марапатын алмады? Кеше Украинадан С. Ротару неге «Жыл әніне» келуден бас тартты? Қытайдың зорлығын бүкіл әлем біліп отырғанда Димаштың әлемге ұлттық намысы жоқ, тамырсыз тірі пенде болып көрінгенін қалайсыздар ма?»
«Жарты әлемді Қазақ еліне ынтыға қаратқан, жарты әлемнің Қазақ еліне, тіліне деген қызығушылығын оятқан Димашты қазақ өнерін дамытты деп айта алмайды екен. Ал Лондонда бір рет шығып өлең айтқан, Димаштың қазақ үшін істеген істерінің бір ғана пайызын істеген адамды, яғни Ерлан Рысқалиевты қазақ өнерін дамытты дейді…»
«Ринат Рифхатұлы Заитов – ұйғыр, сосын да ұйғырлардың сойылын соғып отыр…»
«Димаш – Евразиялық группа және Қытай компанияларының проектісі деп пікір білдірген ақылды адамдар».
«Ринат, на дворе 21 век. Это вам не 2000 год, где вы только берёте домбру и поёте. Стране нужно что-то новое, что-то другое, молодёжное. А вы застряли в том веке, где можно только петь на айтысах»…
Жә, осымен қояйық комменттегі пікірлерді. Әңгіменің негізгі ауаны белгілі болды ғой. Бұл жолғы гәп та үшінші мәрте шығып сөйлеуден және оған берілген комментарийлердің төңірегінен аса алмапты. Айтыскер тек қазақ жастарының құлқын бұзатын Димаш феномені туралы ойын одан әрі дамытқан. Осы орайдағы жалғыз өзгешелік, бұрынғы айтқандарын Қытай тақырыбымен тұздықтайды. Бұған дейін өзі мансұқ еткен «бетін бояп, шашын елбіретіп, «иһ-иһ» деп шығатын» сахналық бейнені енді Қытайға апарып жапсырады. Мұнысы – 25-сәуірдегі айтқандарына үн қосушылардан еншілеген «таза творчествосы».
(Жалғасы бар)
Abai.kz