Мамандар: Бүгінде жалаңаштану үрдісі қыздардың бойындағы ауытқушылықтардан хабар береді
Қазақ қоғамында тәнін жалаңаштаған қыздар көбейіп барады. Байзақова бастаған топтың қатары артып, бойжеткендер бірінен соң бірі шешінуді әдетке айналдырды. Дүйім жұрттың алдында ұятты жиып қойған олар, денесін жарқыратып қана қоймай, небір ерсі қылықтарға барып жүр.
Мұндайлардың жерге қаратар әрекеті ғаламторда толып тұр. Күллі халықты күйіндірген нәзік жандарды киіндіру оңайға соғар емес. Бұндайларды түзу жолға қалай салуға болады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Шешінуден алдарына жан салмай жарысқан қыздар көбейіп барады. Тіпті, бір-бірімен келісіп алғандай елді шулатуда. Ұятты жерлерін көрсетуден тайсалмаған олардың қатары күн санап артып келеді. Бұған ел де алаңдаулы.
«Дұрыс емес сияқты әлеуметтік сананы өзгертуде және анау өсіп келе жатқан жастардың санасын кішкене бұзып жібереді де мысалы».
«Дұрыс тәрбие бермеген ғой үй іші. Сол тәрбиеден басталады ғой ең бастысы».
Бұл күнде жұрт алдында шешіну танымал болудың ең оңай жолына айналғандай. Ұлттық әшекеймен әрленіп, әлеуметтік желіде ойына келгенін істеген Шырын Нарчаева аз уақыттың ішінде көпшілік жазбай танитын жанға айналды. Алайда, бұл қылығы көптің қытығына тиді.
«Білесіздер ме? Мен бұл нәрсеге бір ай бойы назар аудармауға тырыстым. Ал қазір маған төнген қауіп шектен тыс көбейіп кетті. Қазір маған және менің жақындарыма қауіп төніп жатыр, біреулер менің тұратын жерім туралы ақпарат таратып жүр. Бүгін тіпті, біреулер менің артымнан аңдып, сыртымнан суретке түсірді» – деді Шырын Нарчаева.
Жұртқа жалаңаш тәнін көрсеткен Астана қалалық жастар мәслихатының депутаты, модель Динагүл Тасованың қылығы жат түгілі, жақынына да жақпаған еді. Бұған шамданған жігіті тіпті оған жұдырық жұмсаған. Алайда, бойжеткен бұл әрекетін шығармашылықпен байланыстырып, ақталған болатын.
«Әркім өзінің ойына қарай, көріп жатыр ғой. Мысалы, біреулер таза жалаңаш денені көріп жатса, біреулер творчествалық үлкен дүниені көріп жатыр да. Мен міндетті түрде сұрадым, оның астынан бірнәрсе кием ба, деп сұрадым. Бірақ маған оны осылай киетінімді айтты» – дейді модель Динагүл Тасова.
Әнші Бүркіттің қарындасы Әсел Асқар да жұрттан қалысар емес. Төстартқышпен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жүктеді. Соңғы уақытта жартылай жалаңаштанып жүрген ару бұндай суреттерді жариялауға ағасының рұқсатын алғанын алға тартқан еді. Бірақ, бетімен кеткен бойжеткендердің бұндай қылықтары ғалымдарды да бей-жай қалдырмады. Олар қалай болғанда да “бұл қыздарға ұлтымызға озбырлықтың тән емес екенін ұғындыруымыз керек” – дейді.
«Ұрып-соғып оны неғылып қана емес, біз олармен бүкіл мемлекеттік деңгейде үлкен шаралар жүргізуіміз керек. Содан бұл қыздардың жасап отырған тірлігі біздің қоғамның бір сипаты ғана. Көрінісі ғана менің ойымша. Жастардың көпшілігі өздерін-өздері көрсеткісі келіп тұрған сияқты. Өздерін итермелеп тұрғаны өздерін-өздері көрсету мәселесі ғой. Сондықтан, бұны басқаша да көрсетуге болады» – дейді филилогия ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсен.
Ғалымдардың пікірінше, жаһандану дәуірінде жастарға әсер ететін факторлардың көптігі сонша, ақ пен қараны ажырату қиын. Десек те, “жастарды энергиясы мен уақытын ұтымды пайдалануға итермелеу қажет” -дейді.
«Қоғамдағы жастарға деген сенімді біз ешуақытта төмендетпеуіміз керек. Бақылауды да үнемі күшейтіп отыруымыз керек. Өйткені оларға әсер ететін нәрселер өте көп» – дейді профессор Рақымжан Тұрысбек.
Шешіну синдромға айналған қоғам үлкен жараға ұқсайды. Алайда, оны қаси берсең қанай беретіні сөзсіз. Сондықтан, “мұндай жат қылықтың жетегінде жүрген жастарды жазғырудың орнына жұмсақ сөйлеп сабасына түсірген жөн. Ата-ана тарапынан кіршіксіз көңіл мен назар жетіспей, тәлім-тәрбие тапшылығынан да жастар осындай бассыз әрекеттерге барады “- дейді дін өкілдері.
«Өз денесін жалаңаштап көрсету, ол – арсыздық. Бұл қазақтың мәдениетіне де, халқымыздың менталитетіне де және мына асыл дініміздің қағидаларына да қайшы келетін іс. Қазақ әрқашанда есті қыз етегін жияды немесе жаңағы қыз қылығы түзде, қызға қырық үйден тыйым деген сияқты сөздермен қыздың тәрбиесіне көп үлкен мән берген» – дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, бойжеткендер көптің назарын өзіне аудару үшін шешінуге бел буады. Ал, кей жағдайда бұл тек әлеуметтік желідегі тіркелушілерін көбейтіп, ақша табудың жолы ғана. Алайда, бүгінде қоғам дертіне айналған жалаңаштану үрдісі қыз-келіншектердің бойындағы ауытқушылықтардан да хабар береді. Сондықтан мамандар “денесін ғана емес, бүтін ұлттың арын жалаңаштап жүргендерге шұғыл түрде тосқауыл қажет -дейді.