Мәдениеттен жұрдай жандарға мінбер беруге болмайды

0

Мені кейінгі кездері қазақ тілді портал оқырмандарының бірі-бірімен пікір алмасу, қазақша айтқанда айтысу мәдениетінің тым құлдырап кеткені қатты алаңдатып жүр. Егер пікірталасты автордан тек өш алып қалуға айналдырсақ, онда біз құзардан құлағандай етіп, төмен қарай құлдырай береміз де, оқырмандар емес ештеңенің исі мұрнына бармас, таза тобырға айналамыз ба деп қорқамын.

Мен, әрине, бәрін бірдей кінәлағалы отырған жоқпын. Олардың көпшілігінің парасаты биік, ортаға салған қандай да келелі мәселелерге келісті пікір, толғамды ой, толғақты тұжырым айтып, таза жанашырлықпен пікірталасқа қызу кірісіп кетеді. Мұндайларды оқығанда жаның жай тауып, көңілің көтеріліп, тағы да жаза беруге деген құлшынысың артатыны сөзсіз. Шіркін, көтерген мәселеңнің көкжиегін одан сайын кеңейтіп, оған тағы да жаңа фактілер қосып жатқандарға айтар рахметің де бөлек қой. Қандай да қазақ порталының осындай болғанын қалайсың. Алайда, әттең, көңілге кірбің әкелетін, бар ынта-жігеріңді құм ететін, негізінен ашу-ыза мен таза жалаға құрылған, кей-кейде кекесіннен де ада емес пікірлерді оқығанда қолыңдағы қаламың жерге сусып түсіп кеткендей жағымсыз күйде қалатыныңды қайтып жасырарсың.

Біреулердің көңіліне келсе де айтайын,  мына орыс тілді порталдардағы комменттерді оқығанда риза болмасқа амалың жоқ. Онда қандай да пікірін сол факті төңірегінде қозғап, айтарын да сол мәселеден ауытқымайды. Әрине, келісетіндері де, келіспейтіндері де. Тіпті келіспейтіндері де көптеп кездеседі. Алайда олардың ішінен ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығатындарын кездестіру қиын.

Ал бізде ше? Бір мақалаға үн қосқан он пікірдің ішінде ұялғаннан бетті басатын пікірсымақтар биттей өріп жүреді. Өзгесін былай қойғанда, өткенде менің «Мұның аты — арандату» деген мақалам шыққан. Онда мен көршіміз Ресейдің өзінің шынайы досы дерлік Қазақстанға ашықтан-ашық қарсы бағытталған және ол түгелдей өтірік пен өсекке толы, таза арандатушылық мақалаларды жиі басатынын жазғағанмын. Мәселен, солардың бірінде олар «Қазақстанда орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін (Ол қандай мәртебе?) алып тастап, ол тілді мүлде жойып жібермек» деген дені дұрыс адамның айтпайтын пәлесін бізге бағыттапты.

Содан не болды дейсіздер ғой. Обалы не, оқырмандардың көпшілігі бұл мәселенің дұрыс көрсетілгенін, мұндай жымысқы әрекетке тойтас беру керек екенін айтып, шынайы жанашырлық танытты. Ал қалған біреулері адам аузына алмас былатып сөздерді боратып бақты. Бара-бара «бұл екі елдің арасына жік салу, күні ертең басымызға күн туса осы Ресей бізді қорғайды» деген ешбір қисынға келмейтін, мұндайды тек сол елдің шынайы жанашырлары айтатын ақылға сыймайтын уәжді алға тарты.

Сонда дейміз-ау, мені екі халықтың арасына жік салды деген не байбалам? Мен не, орыстарды елден қуу керек деген арандатушылыққа жол беріппін бе? Мен болсам тек қана көршіміздің баспасөз құралдарының кейде тым қырын кетіп, ешбір тексерместен, сарапқа салмастан, тек өсек-аяңға құрылған мақаласымақтарды порталдарға шығарып отырған достық емес, қастық ниетін әшкереледім емес пе? Егер менікі қате болса, неге сыпайы түрде нақты дәлел келтіре отырып, былқ етпейтін уәжді алға тартып мақаламды неге түкке алғысыз қылмайды? Олай етсе алғыстан басқа айтарым жоқ болар еді. Өйткені ол маған болашаққа сабақ емес пе? Жоқ, оның орнына диванда жатып алып, «Үйде батыр, түзде қатынның» кейпін киіп,  өзінше «жанашыр» бола қалыпты. Және кімнің жанашыры болды десейші.

Жалпы, мұндай анайы да әдепсіз қылықтар басқа да мақалаларда кездесіп қалады. Мәселен, ондағы «хайуан», «надан», «не оттап отырсың» деген боқтықтардан көз сүрінеді. Мен бұл жерде екі сөздің бірінде айтылатын «оңбаған» деген сөзді тіпті сыпайылыққа бағалап отырмын.

Мұның бәрі біздің айтысу мәденің өте төменгі деңгейде екенін айқын байқатады. «Сыбырлағанды құдай естімей ме?»  дегендей мұндай сүйкімсіз қылықтар тіпті мүйізі қарағайдай дейтін ақын-жазушылардан, атағынан ат үркетін адамдардан да  кездесіп қалады. Мен, мәселен, бірқатар  мақалаларда Олжас Сүлейменовты «Алжас Амарович» деп жазғандарына мүлдем қарсымын. Бұл ешбір дәлел емес. Бұл алдымен өзін, қала берді әкесін қорлау деп түсінемін. Ау, мәдениет пен сыйластық қайда? Жарайды, Олжас қазақтың тіліне қарсы екен. Бір жағынан мұны да түсінуге болар. Білімді орысша алды, жолдастары да орыс. Тағы да сорлап қалғанда өмірлік жары да орыс емес тіпті, еврей жұртынан еді. Ендеше одан не күтуге болады? Тіпті соның өзінде,тіпті қазаққа ашық жау болғанда да сыпайылық пен инабаттылықтан сырт айналмаған жөн. Біріншіден, одақ кезінде ол әлі келгенше  қазақты таныта білді. Оны мойындауға тиіспіз. Әйтпесе әділетсіздік болады. Иә, қазір қателесті. Жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің аяғынан шалып, өмірде өз орнын алуға кедергі келтіріп бақты. Соның өзінде таза қазақи байбалам салмай, «Олжас Омарұлы, біз сіздің кейбір көзқарастарыңызға түбегейлі қарсымыз. Өзі онсыз да әлсіз қазақ тілін қайта таз қалпын келтіруді қолдап жүрсіз. Осы жағдайды біле тұра орыс тілін өркендету туралы айтқаныңыз өзіңізді өмірге әкелген халқыңызға жасалған қысастық деп білеміз. Жасыңыз болса, келіп қалды, райыңыздан қайтыңыз» деп бұлтартапас деректер мен қисынды уәжді алға тартқа әлдеқайда пәрменді, әлде қайда мәдениеттілік болмақ.

Ал таза боқтау мен келекелеу, әжуалау мен намысқа тиіп сөйлеу өзара түсіністікке емес, таза жауласуға алып келеді. Осыны ұмытпалық. Азат елдің ары таза азаматтары болайық. Былайғы жұртқа үлгі болуға тырысалық. Менің айтарым осы. Қанша дегенмен ненің жөн екенін қазағымның өзі жақсы біледі, жақсы мен жаманды, лас пен тазаны ажарата алады. Ал ашуын монитордың ар жағында жатып алатындарға ешбір дауа жүрмейтінін де түсінемін.

Егер мәселе тек мен жайында ғана болса «Надан адам не демейді» деп қоя салар ма едім. Жоқ, мұның өзі кейінгі кездері жаман құбылыс, қауіпті үрдіске айналып барады. Мәселен, өткенде ғана осы сайтта Әділет Шынболаттың «Генаны мықты санап жүргендер — құл болған құлсаналар» деген мақаласы жарық көрді. Әрине, бұл материалда көпшіліктің келіспейтін жайттары да бар шығар. Алайда кейбір оқырмандар мұндай пікірлерін боқтықтан да асып түсетін талай анайы сөздермен «әдіптеп» бағыпты. «Калбит» деген біреу «Сен Генаның боғына да татымайсың» десе, сол деңгейлес екінші бір «Алдияр» дегені «Сендей нақұрыс надан» деген адам аузы бармас қоқысты боратса, ал «Санат» дегенінің деңгейі «дебилдің» маңайы көрінеді. Ал енді мұны да аз десеңіз Зікірия Жандарбектің «Жарқын Жет — қандастар арасындағы уаххабитлік бағыттың көсемі» атты мақаласына да былапыт сөздерді қардай боратқан. Бәрін тізбелемей-ақ қояйын, осындағы дивандық батырлар қыза-қыза келе порталдың  өзіне бас салған. Әркімнің де пікірін ашық жариялап, екінші жақтың айтары болса оған да орын беріп, демократиялық ашықтықты бағыт етіп ұстап отырған порталымызды «ұятсыздардың» қатарына қосып қойыпты. Бұл енді мұндағы ең бір сыпайы, ең бір мәдениетті сөз.

Осы орайда бізден де бір ұсыныс. Қандай портал  арасында боқтық пен мәдениетсіз сөздер кездесетін пікірлерді біржолата алып тастаса жақсы болар еді. Одан ұтпасақ ұтылмаймыз, Бұлардың көңілге қонатындай ойлары ешқашан болмайды. Ендеше мәдениеттен мүлде жұрдай, білім деңгейі боғауыздан аспайтын жандарға мінбер беріп қойғанымыз заңға да, адамгершілікке де томпақтау келер.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

Abai.kz