Күн сайын қоқыс полигонына 300 тоннаға дейін қоқыс тасылады екен
Қазіргі уақытта 120 жаңа жәшіктер қалаға әкелініп, орнатуға дайындалуда деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйене отырып.
Осылайша, облыс орталығында ғана емес, қала маңындағы ауылдық округтерде де қоқыс алаңдарының болмау мәселесі шешілмек.
«Арнаулы автобаза» ЖШС басшылығының айтуынша, қазіргі уақытта қалада 700 алаңда 3600 қоқыс жәшіктері орнатылған. Күн сайын қоқыс полигонына екі ауысымда 300 тоннаға дейін қоқыс тасылады.
— Атырау қаласының әкімдігі 222 жаңа еуро стандартты қоқыс жәшіктерін сатып алды, бүгін олардың 120-ы қалаға әкелінді және орнатуға дайындық жүріп жатыр, ал қалған 102 жәшік осы аптаның соңына дейін қабылданады. Біз оларды облыс орталығының орталық көшелерінде орнатуды жоспарлап отырмыз. Ескі қоқыс жәшіктері жөнделіп, қала маңындағы ауылдық округтерге орнатылды, — деп мәлімдеді «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.
Атырау қаласын санитарлық тазалаумен айналысатын кәсіпорын «Арнауды автобаза» ЖШС-де 280 қызметкер жұмыс жасайды және теңгерімде 150 арнайы техника бар, оның 50-і қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен және шығарумен айналысады.