Көзіңді аш, еңсеңді көтер, желтоқсандық бауырым!

0

27-қыркүйекте Abai.kz ақпараттық порталында сайтымыздың тұрақты авторы Сайлау Лепесовтің «Олар…жалған желтоқсаншылар…» атты мақаласы жария болды. Бүгін редакциямыздың электронды поштасына аталған мақалаға қатысты белгілі журналист Гүлмира Тойболдинадан жауап хат келіп түсті.  Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Сондықтан, біз Тойболдина ханым бастаған азаматтардың сөзіне мінбер ұсынғанды жөн деп таптық.

Редакция.

«Қарсы тараптың айтары болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз» деген екен «Абай.кз» сайты. Біз қарсы жақ емеспіз. Арашашы да, арағайын да емеспіз. Бірақ толғағы жеткен тақырыпты қозғаған С.ЛЕПЕСОВТІҢ мақаласынан соң, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы да, құрылтайшылары да үнсіз қала алмағанын жеткізе отырып, өз үнімізді қосуды жөн санадық.

Өткен аптаның соңында (17 қараша)  жиын өтті. Жиынды  «Желтоқсан ақиқаты» (Мұнан әрі  «ЖА») Бірлестігінің құрылтайшылары шақырды. Бұған себеп  – биылғы жылдың қыркүйек айында республикалық басылымдарда («Жас алаш», «Абай.кз»)  жарияланған «Олар… жалған желтоқсаншылар» атты мақала (авторы – желтоқсаншы С.Лепесов)  болатын.

Оқырманның есінде болса, мақала авторы: «Елім, жерім, тілім, қазағым”- дегенде өз  қоңынан  ет кесіп  берер, тәуекелден  тартынбас тарланбоздардың ірілік  пен  кісілік  көрсетер  жерде  тартынған кездері жоқ. Алайда осындай  тектілікті  тексіздіктің  тасасында  қалдырып, “күріштің арқасында су ішетін күрмектер” көбейіп, “желтоқсандық” деген киелі атты кірлетуде» дей келе,  «ЖА» ұйымындағы Б.Құрымбаевтың (ұйым төрағасы), Б.Құспеков (қазір Сайфолда), М.Елеусізов (Алматы қаласы, Наурызбай ауданы филиалының төрағасы), ұйым мүшелері Л. Мұқатаева, А.Елеусізова, Ж. Тәжібаевтардың есімдерін атайды.

Ұйымның өз ішінде пікірталас, өзара қызу айтыс туындады. Бұл енді Ақ пен Қараның айқасына ұқсады…

Мақала жарияланғаннан бастап, 1 ай уақыт өтсе де, мақалада аты аталғандар үнсіз қалған болатын. 31 қазан күні бір топ құрылтайшы  және ұйым мүшелері  (Ж. Бейсембаева, Г. Тойболдина, Т. Айтбайұлы, А. Жемісбаева, Б. Шұғыл) Б.Құрымбаевқа жолығып, бір ай уақыттан бері неге қарсы мақала жарияламай отырғандары туралы сұрақ қойдық. Сөздің тоқетері, бәріне кінәлі Б.Құспеков екен. Төрағаның бұл іске еш араласы жоқ. Төрағаның таза болғаны әрине, қуанарлық іс. Бірақ 01771 нөмірлі дәрігерлік анықтамамен бір-екі емес, оннан аса адам ақталғаны туралы төраға  әлдеқашаннан білетін болып шықты. Сонда төраға неге дабыл қақпаған? Атқарушы және құзырлы орындарды неге мұнан хабардар етпеген? Құрылтайшыларға неге хабар салмаған? С. Лепесов көрсеткендей: «Айтпақшы, осы Құрымбаев Болатты танып-білетіндер, бұл  адамның  желтоқсанға  үш қайнаса да сорпасы  қосылмайды,  биліктің желтоқсаншыларды “уыстан шығармау үшін” жіберілген  агенті дейді». Демек, Құрымбаев биліктің сенімді адамы ретінде, бірінші болып дабыл қағуы тиіс-тұғын! Олай болмады. Бірақ 17 қараша күні өткен жиында: «Менде әрқайсыңа компромат бар, керек кезінде айтамын» деп бір бума қағазын нұсқады. Оның бәрін осы уақытқа дейін не, кім үшін ұстап отырғаны, толып жатқан «компроматтарға» өзінің неге жол бергені түсініксіз!

Жиын барысында,  басты нәрсе анық болды: Б.Құрымбаев та, Б. Құспеков те мақалаға қатысты «опровержение» бере алмайды екен. Б.Құспеков: «Қарсы мақала бере алмаймын, бірақ прокуратура тарапынан тексеріс болса, болсын!» деп бір-ақ кесті. Б. Құрымбаев болса; «Б.Құспеков маған гарант (?) берсін, мен сонан кейін «опровержение» беремін» деп келіп,  жұртқа белгісіз«компроматтар» туралы айтты. Не ойын жүріп жатқаны жиналғандардың көбіне  түсініксіз болғанымен, бір нәрсе анықталғаны рас. Б.Құрымбаев та, Б.Құспеков пен М.Елеусізов те  қарсы мақала жазып, қоғам алдында ақталғысы жоқ.  Ал сонда, республикалық басылымдарды менсінбейтін, оларға «ит үреді, керуен көшеді» деп қарайтындай, құрылтайшылар мен ұйым мүшелері алдында есеп бермейтіндей, олар кімдер?  Кез келген көзі қарақты азамат өзін  дүйім республика алдында жаманатты еткен авторды ертесіне-ақ тауып алып, түсінік талап етер еді де, тексерілмеген ақпарат жариялағаны үшін басылымдарды сотқа беріп, автордан да, басылымнан да  моральдық шығын талап етер еді!

Оның орнына бәрі басын құмға тыққан түйеқұс сияқты болып тұр!

Өздеріне жарасса тұра берсін дейсіз ғой, бірақ олардың бірі білдей бір бірлестіктің төрағасы және анау-мынау емес, қасиетті Желтоқсанның тізгінін ұстаған, екіншісі осы ұйымның алғашқы күннен құрылтайшысының бірінен саналады! Осы ұйымның құрылтайшысы ретінде,   «ЖА» туралы, екі азамат және мақала авторы туралы да біршама білетіндіктен,  қысқаша айта кеткенді жөн санадық.

«ЖА» —  2008 жылы атақты режиссер Қ. Әбеновтің идеясы негізінде (белгісіз мыңдаған, мүмкін жүз мыңдаған желтоқсандықтарды іздестіру) құрылды. Ұйым Желтоқсанға қатысты – жазалаушылар емес, жазаланып, зардап шексе де белгісіз болып қалғандарды, хабарсыз кеткендерді түгендеуді, сөйтіп Желтоқсан ақиқатын халықтың өз ішінен іздеуді, Тәуелсіздік тарихын толықтыруды мақсат етті. (Осы күнге дейін Желтоқсанға қатысты бірде-бір саяси партияның бағдарламасында бұл тақырып орын алмауда!) Сол кездегі «Апта.кз» «Қазақстан»  басылымында (редакторы С.Мұхтарбекұлы) «Ақиқат» деген айдар ашылып, іздеу салына бастады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында белгісіз қалған желтоқсандықтарға іздеу салған тұңғыш басылым еді бұл… Құрылтайшылардың алғашқы отырысы – белгілі саясаткер Ғ. Жақиянов басқарған «Азаматтық қоғам» қорының кеңсесінде орын алды. «ЖА» әлі жазылмаған Тәуелсіздік тарихы, өзіндік өмірбаяны бар ұйым.  Және осыған дейін құрылған өзге ұйымдардан бағыты мүлде өзгеше  — құқық қорғауға бағытталған. Құқықтық мемлекет болуға ұмтылып отырған Тәуелсіз Қазақстанға мұндай ұйым ауадай қажет екені айдан анық. Және ұйым о баста біреудің саяси өсуіне жол ашып, атақ-абырой алып беру үшін немесе жеке басының мүддесін шешуге қолжаулық болу үшін  құрылмағандығын алғашқы күннен айтқанбыз, қазір де  тағы бір қайтара айтып өтуге тура келеді.

Алғашқы төраға – Б. Сәдуұлы, кейін Ж.Жексембаев, сонан соң осы Б.Құрымбаев. Осы соңғы төраға о бастан заңсыз түрде тізгін ұстады деп батыл айтуға болады. 2017 жыл, ақпан айында кезекті есеп беру-сайлау конференциясының орнына ешбір заңда жоқ «Бекіту» (?!) конференциясы өткізілді. Құрылтай боларын біреу біліп, біреу білмей қалды.

Конференцияда ешкімге еркін сөз берілмей, дау-дамай туындады. Тексеру комиссиясы ашық түрде сайланбады, есеп беру Күн тәртібінен мүлде алынып тасталды. Төраға ашық түрде сайланбай, «бекітілді»!

Енді Б.Құрымбаев кім дегенде, оның ұйым жиындарына үнсіз келіп, үнсіз кетіп жүретінін көретінбіз. «ЖА» басты мақсаты – белгісіз желтоқсандықтарды іздестіру, оларға құқықтық көмек көрсету болғандықтан адамдар көптеп келетін және ақтала алмай жүргендерін (көп ретте атқарушы органдардың шектен тыс бюрократтығынан зардап шегетін!) айта келетін. Б.Құрымбаев шағым айтып келмеді және ақталуға да асыға қоймады.Егер қателеспесем ол төраға болып сайланардың ар жақ, бер жағында ғана ақталғанын естіген сияқтымын.

Б.Құспековке келсек, о баста айтқандай, ұйымда алғашқы болып ақталғандардың бірі. Желтоқсан рухын сыйлайтындай-ақ адам, өзінен кейінгілерге ақталу мәселесі бойынша жөн сілтеп, жол көрсетіп, азаматтық танытып жүр деп сенетінбіз. Егер мәселе шын мәнінде С.Лепесовтің жазғанындай болып шықса, өкінішті-ақ… Өйткені мұрағаттан құжаты шыққан қарапайым адамдар туралы бұл жерде сөз жоқ, сөз – сол құжаттарды алып беру үшін ғана(!) кейбіреулердің пара алғаны туралы, егер біз дұрыс түсінсек. Осы жерде «ЖА» қатысты ұйым мүшелерінің бірі: «Желтоқсан сияқты ұлттық қасіретімізден пайда табу деген не деген сұмдық» деген сөзін келтіре кеткім келеді…

С.Лепесовке келсек, мен бұл азаматтың кезінде «ЖА» мүшесі болғанын, ұлтқа қатысты жер, тіл, ұлтаралық мәселе көтерілгенде топ ішінде жүретінін білемін. Рас, айғайшыл, ұраншыл. Турашыл. Және осы кезге дейін, С.Лепесовтің біреудің үстінен жалған шағым жазғанын естімеген екенмін.

Қазір, «ЖА» қатысты орын алған мақаланың ақ-қарасы әлі анықталған жоқ, бірақ анықталуы керек. Құрылтайшылар тарапынан бұл мәселеге жарық түсіруге әрекет жасалғанымен (қарсы мақала жазуды талап ету), нәтиже болмай тұр.  Б.Құрымбаев та құрылтайшылар алдында: «Бұл мәселені өз ортамызда шешкен дұрыс» деген-ді. Бірақ енді республиканың қалың жұртшылығына жайылып кеткен жаманатты қай алақаныңмен жабарсың. Бұл – бір. Екіншіден «жабулы қазан қашанға дейін жабулы» қала бергеннен кім не ұтады? Ұтылатын – өзіміз, біз – қазақ ұлты.

Жиналыста көтерілген тағы бір мәселе – «ЖА» ақиқатын прокурорлық тексерістен өткізу, тазалау. Бұл ұсыныс айтылғанда, жиынның  дені қалыс қалды. Бір адам (Ш.Антаева): «Тексерілмесін» деп дауыс көтерсе, Б.Құспеков, Г.Тойболдина,  А.Жемісбаева Қ. Бисембиева ұйым қатары тексерілсін дегенді қолдады. Сөйтіп,  «Тексерілсін» деген ұсыныс басым түсті.

Күн тәртібі бойынша, Б.Құрымбаев жетекшілік еткен мерзім ішінде ұйымда орын алған заңсыздықтар туралы айтылды және жиналғандар  құрылтайшылар Хаттамасынан хабардар болуы тиіс еді. Бұған төраға бастаған топ кедергі болып бақты. Жиынға қатысушыларды адастыру бары байқалды. Себебі бірқатар адамдар: «Өзімізді өзіміз қорғап қалайық! Аталған басылымдарға Ашық хат жолдайық!» деп шуласты. Бізге, өз тарапымыздан тұтас ұйым емес, мақалада аты аталған адамдар өздерін-өздері жария түрде  ақтауы керектігін бірнеше рет түсіндіруге тура келді. Және істің ақ-қарасы анықталмай тұрып, біржақты пікір айту әділдік болмас еді.

Енді С.Лепесов жазған мақаладағы мына жолдарға назар аударайық: « Десе дегендей, жан-жағына  жалбақпайлар  мен  жалған  желтоқсаншылардан топ  құрып, адал азаматтарға қарсы “шеп” ашып, үй ішінен үй тіккен біріктіруші емес, ірітуші біреу екеніне куәміз!» дейді Б.Құрымбаев туралы. Бұл енді дәл айтылған сөз! Бұған дәлел ретінде, құрылтайшылардың биылғы жылдың  5 қараша күнгі отырысында жасалған Хаттаманың кей тұсынан үзінді беруімізге болады. Сонымен: «Қ.Әділханов: -Мен құрылтайшы ретінде Б. Құрымбаевтың Жарғыға сәйкес емес әрекетін бірнеше рет бетіне айтқаным үшін, ол менің сыртымнан жиын өткізіп, ұйымнан шығарып тастағаны туралы мәлімдеді. Құрылтайшы ретінде, бес рет қолымды қойдырып алған, соның себебін сұрағаным үшін, қудаланып кеттім».

Ж. Жексембаев: — 2016 жылдан Бірлестіктің Тексеру комиссиясының жетекшісі болып келдім. 2017 жылдың ақпан айында кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтер алдында, есеп беруге дайындалу үшін қажетті құжаттарды сұрап, ала алмадым. Конференцияға дайындалуға қатысты өткен екі жиынның шешімі бір-ақ түнде бұзылып, есеп беру-сайлау емес, «Бекіту конференциясы» деген алдамшы атаумен өткізілді. Конференция барысында Тексеру комиссиясының есебі Күн тәртібінен алынып тасталды, комиссия қайта сайланбады. Кейін  сырттай, төраға өзі таңдаған адамдардан комиссия құрғанын естідім. Тексеру комиссиясы тек қана конференцияда, ашық дауысқа салу арқылы сайлануы тиіс еді. Осы және өзге де ескертулерім үшін, қараланып, өзіме жала жабылды.

Г. Тойболдина: -2017 жыл, ақпан айында өткен конференция «Бекіту конференциясы» деп аталды. Мұндай атау ҚР Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер туралы» заңда, тіпті, өзге заңдарда да жоқ! Өз басым құрылтайшы бола тұра, конференция болатынын «ертең» деген күні бір-ақ білдім.  Конференция барысында тек алдын ала дайындалған адамдар ғана сөз алды. Тәртіп сақтап сөз сұрағандар жайына қалды. Конференция емес, турасын айтқанда, рейдерлік орын алды. Енді біз бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз.

Ж.Бейсембаева: — Б.Құрымбаев жетекшілік еткен уақыт ішінде, бірнеше құрылтайшы 2018 жыл, 01 ақпанда өткен есеп беру жиналысына қатысқан едік. Есеп берушілер кімге қандай көмек көрсеткендерін, қайырымдылық шараларын өткізгендерін түсіне алмадым. Біз қайырымдылық көрсететін өндіріс орны емеспіз. Ал егер қалталы азаматтар ұйымға ақша бөлсе, ол тек желтоқсандықтардың мұң-мұқтажына жұмсалуы тиіс деп ойлаймын.

Б.Құспеков; — 2018 жыл, 03 тамызда менің сыртымнан жиналыс ашып, жалған жала жапты. Мен ол кезде Жаркент қаласына С.Сауытбайқызының сотына қолдау таныту үшін кеткенмін.

Ж.Жексембаев: — Астанаға жерге қатысты қоғамдық тыңдауға кетіп бара жатқанда, Б.Құрымбаевқа арнайы жолығып, «Ұйымның атынан сөз айтайын ба?» дегенімде, «Өз атыңнан сөйле» деп шығарып салды. Соңынан шағын жиын өткізіп: «Жексембаев менің рұхсатымсыз Астанаға кетті» депті».

Осылай жалғаса береді. Бұл ұйымның құрылтайшыларына қатысты орын алған жағдайлар! Ал сонда ұйымның қатардағы мүшелеріне қатысты әділдік болуы мүмкін бе? Күмәніміз бар. Мұнан өзге, ұйым филиалдарының кейбірі осы уақытқа дейін тіркелмесе де, жарна жинап келгендігі де құрылтайшылар назарынан тыс қалған жоқ.

Атап айтылған осы заңсыздықтардан соң да,  Б. Құрымбаев құрылтайшылардың  биылғы жылдың 5 қарашасы күнгі шығарған шешімін мойындаудан бас тартып отыр. Хаттамада барлық құрылтайшы (Л.Жаппашева қалыс қалып) оны төрағалықтан босату туралы шешім шығарған болатын. Бұл хаттама Алматы қалалық ішкі саясат департаментіне тапсырылған.

Қоғамдық ұйым – ерікті түрде құрылады. Және оған мүше болғандардың құқықтары өзара тең! Бар іс жария түрде жүргізілуі тиіс! Ал соңғы екі жыл ішінде ұйымнан қудаланғандар жеткілікті! Оның есесін С.Лепесов атап көрсеткендей, отбасымен бірге «желтоқсаншы» болғандар толтыратынға ұқсайды.

Мұндай жағдайдың орын алуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазірге дейін желтоқсан ұйымдары қоғамның ішіндегі жабық акционерлік қоғамға ұқсайтыны рас. Мәселен, осы уақытқа дейін үш төраға ауысқан ұйымның ішінде жүріп, не болып жатқанын ажыратудың өзі қиын. ҚР «Қоғамдық ұйымдар және білестіктер туралы» заңында, ұйымның Жарғысында « бар мәселе ашық түрде, жиналыс арқылы шешілуі тиіс» делінсе де, бәрі керісінше, әйтеуір бір «узкий кругтың» араласуымен шешіле салады. Менің білетінім, төраға атаулы бірде-бір рет халықтың қалауымен, ашық түрде сайланған емес. Біз осы ашық дауыс беру арқылы сайлау болуын талап еткен сайын, әлгі «узкий круг», тіпті болмағанда «Бекіту конференциясы» дегенді ойлап тауып, халықты адастырып бағады. Бұл жазылмаған заңның шеңберін бұзатын уақыт келді.

Ал мақала авторы көрсеткендей, ұлттық мәселе көтерілсе, топ ішінен табылатын желтоқсандықтар баршылық. Бірақ осы Б.Құрымбаевқа келгенде олай айта алмас едік. Жер үшін халық толқығанда, бір топ желтоқсандықтар жерге қатысты өз наразылықтарын білдіріп, Ашық хат жазған кезде, дүйім жұрттың көзінше: «Мен кейін қол қоямын» деп алдап кеткені бар. Сол күні оның жанында жүрген Б.Құспеков те: «Мен желтоқсаншымын ғой» деп  өз еркімен қол қоюға жарамады. Бұл жай «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының кеңсесінде орын алған-ды. Ешкім оларды жер үшін алаңға шақырған жоқ, тек Ашық хатқа қол қоюға ғана ұсыныс жасалды. Соған рухы (әлде сауаты?) жетпеген адамдардан  не үміт, не қайыр күтуге болады?   Қоғамдық мәселені шешуге атсалыссаң, сенің жеке мәселең де соның ішінде бірге шешілетіні туралы  қарапайым шындықты осынау Тәуелсіздік заманында неге түсіне алмаймыз?!

Ал бүгін «Олар… жалған желтоқсаншылар» атты мақалада: «…биліктің  қалауына  жаққан Құрымбаев Болат, “менің рұқсатымсыз шеруге (жерге қатысты – авт.)барғандар ұйымнан қуылып, қара есекке теріс мінгізіледі” деген пәрмен берген көрінеді» деп жазады!  «Қазанат» жорналына берген сұхбатында Б.Құрымбаев өзінің 1986 жылы  жасақшы болғанын айтады. Бірақ алаңға келгенде, жасақшы белгісін алып тастаған. Егер ол сонау қиын-қыстау кезінде қазақ жастарына араша түскен болса, онсыз да жоқтаусыз қалған желтоқсандықтарды адастырмай, керісінше оларға жол көрсетіп, құқын қорғауға неге атсалыса алмай отыр? Оған не кедергі? Әлде  өз басына  билігі жоқ біреу ме?  Жанға батар сұрақ көп…Бұл жерде, мақалада аты аталған адамдар ғана емес, бүкіл «ЖА» бүгінгі саяси жүйенің құрбаны демеске амал жоқ!  Желтоқсан рухын көтеруге, сөндірмей алып жүруге, сөйтіп кейінге  мұра етіп қалдыруға тиіс қоғамдық ұйымда шынымен де жемқорлық  пен жалғандық орын алса, бұл —  қоғамдық дерттің, Мұхтар ағамыз айтқандай рухсыздықтың дендеуі! Егер заңға жүгінер болсақ, заң жүзінде бәрі жақсы: адамдар ерікті түрде қоғамдық ұйым құра алады, құқықтары тең. Заң бұзушылық орын алса, заңмен жазаланады. Мемлекет қоғамдық ұйымның қорғаушысы: ҚР «Қоғамдық ұйымдар туралы» заңына сәйкес(4-тарау, 22-бап) ұйымға қатысты  заң сақтау жауапкершілігін бұзғандар  ҚР бекітілген заң мен заңдылықтар бойынша жауапқа тартылады! Заңсыздық шеңберінде қалған «ЖА» ұйымы осы баптың орындалуын талап етуі керек. Және талап етеміз!

«Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің құрылғанын енді аз уақытта 10 жыл толады! Оның төрт жылы, жалған құжат жасаушылармен тартысып, заңды түрде тіркеле алмай, ең соңы Әділет министрлігін сотқа беріп, соттасумен кетті. Абырой болғанда, тіркеле алдық! Соңғы екі жыл уақыт – не әрекетте болғаны, құрылтайшыларға да белгісіз болып келді, жоғарыда айтқанымыдай, дәл бір жабық акционерлік қоғам дерсіз! Сөйте тұра, «Бірлік керек, бірауызды болайық!» деп ұрандайтындар Б.Құрымбаевтың айналасында жеткілікті екенін өткен жиында көрдік. Ал сонда, ұйымда орын алған заңсыздықтарды өзара ашып айта алмаған, өзара тезге салмаған, сөйтіп, тіпті бір-біріне жаны ашымаған олардың арасында қалай және қандай бірлік болмақшы?!  Шын мәнінде зардап шеккен, қаза болған, хабарсыз кеткендерді, сонда  қашан іздеп-тауып, тарихта қалдырамыз? Қазірге дейін әр жерде шашылып кеткен тарихи деректерді қашан бір Орталыққа жинап, ұрпаққа мұра етеміз? Әрі-беріден соң, Тәулсіздіктің тірегі болған желтоқсаншылардың көзі тірілерінің әлі күнге заңды 10 сотық жерге ие бола алмай отырғанын. сонау Кеңес дәуірінен қалған жатақхананы місе тұтып  күнелтіп жатқан  мүгедек желтоқсаншының әлеуметтік-құқықтық жағдайын кім көтереді? Қоғам Желтоқсанды өгей еткен сайын, ұтылып отырғаны анық. Және керісінше, желтоқсаншылар өздері ғана топталып, мемлекеттік деңгейде өз жағдайларын шеше алмайтыны және анық! Осыны екшеудің орнына,  әлі де бір саусағын ішіне бүгетіндер, желтоқсаншылар арасына ішкі бір бақайесеппен келетіндер жеткілікті! Басқа  емес, өзім басы-қасында жүрген дәл осы «ЖА»-ның тәжірибесінен соң, «…желтоқсандықтардың ширек ғасырдан астам уақыттан бері  неге статус туралы заңға қол жеткізе алмай жүргеніне еш таңғалуға болмайды» дер едім…

Біздіңше, әлі де болса, жағдай мұнан әрі заң шеңберінде қаралып шешілуі тиіс. Айталық,  Ұйым Жарғысының 4.11-бабы бойынша, ұйымның кез келген мүшесі және төраға Жарғыны бұзған жағдайда және қызметін реттейтін өзге құжаттарды өрескел бұзған жағдайда ұйымнан шығарылады.

Алдағы уақытта Республикалық ақпараттарда «Желтоқсан ақиқаты» ұйымын қаралауға жол беріп,  «ұйымда жалған желтоқсандықтардың болуына жол ашты» деген күдікке ілінгендер  заң бойынша тексеріске алынып, ақ-қарасы ажыратылуы тиіс; Және «ЖА» қатары тізім бойынша, құзырлы орындар тарапынан тексерілуі керек деген ойдамыз.

Гүлмира Тойболдина, журналист                                    

«Патриоттық қозғалыс «ЖА» Республикалық                

Қоғамдық Бірлестігінің құрылтайшысы

Abai.kz