Көрісу күні — ежелден келе жатқан төл мерекеміз
14 наурыздағы Көрісу күні — ежелден келе жатқан төл мерекеміз. Орал қаласында тұратын еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Әленғали Кереев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Наурыз жылдың басы болып есептеледі.
Ежелден мал баққан халқымыз табиғатқа тәуелді болған. Оның үстіне жаугершілік заманда қиындықтар аз болған жоқ. Туған жерін қалай аман сақтаймын деп күрескен ата-бабаларымыз Жаңа жылды қай кезден бастауды білген. Қыстан шығып, көктем келіп, күн мен түн теңелген, жер аяғы кеңи бастаған мезгілде бір-бірімен қуана көрісіп, Наурызды тойлайтын болған. Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің көршілес аймақтарында (Маңғыстауда Амал мерекесі деп аталады) сақталып қалған осынау дәстүр қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де үзіле қойған жоқ.
— Бұл — біздің ес кіріп, етек жапқаннан бері көп болып тойлап келе жатқан ең ұлық мерекеміздің бірі деуге болады, — дейді Әленғали ақсақал — Бала кезімізде біз Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылында тұрдық. Ата-анамыз Көрісу күні алдында үйдің ішін ретке келтіріп, қағып-сілкіп, жаңартып, қыстан қалған етін қазанға салатын. Біз, төрт-бес жасар балалар елең-алаңнан тұрып, әуелі үйдегі үлкендерге көрісетін едік. Содан кейін көрші-көлемге, ағайын-туғандарға барып, шағын ауылды түгел аралап шығатынбыз. Қариялардың әңгімесін тыңдап, батасын алып қайтатынбыз.
Көрісу күнінің тәрбиелік маңызы да ерекше. Бұл жасы кішілерге үлкенді сыйлау деген ұғымды қаршадайынан миларына сіңдіреді. Екіншіден, осылайша амандасып, бір-бірімен етене араласу арқылы туыстық қарым-қатынас беки түседі.
— Ескіше жыл санау бойынша 14 наурыз 1 наурызға келеді. Былайша айтқанда, жылдың басы ғой?
— Иә, оған сөз бар ма! Халқымыз табиғат құбылыстарының біліп, ойша тоқып отырған ғой. Ел ішінде бәрін есептеп, ауа райын алдын ала біліп отыратын қарттар көп болды. Біздің ауылда жүзге келіп, өмірден озған Шіл деген қария болды. Өзі де, балалары да мал бақты. Сол кісінің айтқаны дәл келетін. Тіпті қайтар алдында таңертең жетпістегі баласына: «Алдымызда үлкен қатер бар, содан аман өтсек, мұртымызды балта шаппайды», деген екен. Әкем қартайған екен, деп ойлаған баласы малын қораға қамап, көрші қыстаққа қонаққа кетеді. Содан қорадан шыққан өрт үйге тиіп, ақсақал мен немересі қайтыс болып кетеді. Міне, оқымаса да, кеудесі алтын сандық осындай қариялар да аз болмаған.
— Ертеде байлар да табиғат құбылысын, шөпке қарап, қай жерден тұщы су шығатынын, бәрін білген ғой.
— Кез келген адам бай болмайды. Олардың ішінде еліне, халқына қарасқандары аз болмаған. Бай деп бөліп, соңына түсіп, елден қуып, кеңес дәуірі кезінде біз жақсы дәстүрді үзіп алдық. Бай өз алдына, молдалар да мешітте балалардың сауатын ашты ғой. Ғұмар Қараш, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш арыстарының өзі сондай адамдардың алдын көрді. Сондықтан бай деп, молда деп бөлмей, біздің ізгі әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді сақтай білуіміз керек.
— Әлеке, үлкен әулеттің басысыз, Көрісу күнін қалай атап өтесіз?
— Бұл күні бәйбішеміз Тыныштық қыстан қалған етті қазанға салады. Қалада тұратын бес баламыздан тараған немере-жиендеріміз көрісуге келіп, керемет бір мерекеге айналады. Осының өзі бақыт, осының өзі ғажап қой. Сөзімнің соңында мынаны айтқым келеді. Қазір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Әрине, қиындық көріп отырған отбасылар бар. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде де, одан кейін де көп балалы отбасыларға қолдау-көмектің көрсетілетінін айтты ғой. Солай болатынына сенеміз. Ең бастысы, Елбасымыздың Жолдаулары мен мәлімдемелерінде айтылған мақсат-міндеттерді орындау жолында бірлік, түсіністік, еңбекқорлық болса, біздің алмайтын асуымыз жоқ дер едім. Халқымызға ырыс-құт мол болсын, Ұлыс оң болсын дегім келеді.
Abai.kz