Ізгіліктің өзегі – кісілік

0

«Егер сіз ғалым, кванттық физик болсаңыз және немен айналысып жүргеніңізді бес жасар балаға екі ауыз сөзбен түсіндіріп бере алмасаңыз, онда сіз – дүмшесіз»,  деген екен  америкалық әйгілі физик Ричард Фейнман. Әрине, ғалым адам ғылыммен неге шұғылданып жүргенін өзі білер, алайда ол немен айналысып жүргенін кісілігімен көрсете алмаса, не істеп жүргенін ұқтыра алмасы анық. Санаулы болса да ондай адамдар үлкен ғалымдыққа да, зор байлыққа да, жоғары лауазымға да қол жеткізгенімен бойында кісілігі кем түсіп жатса, бұл өмірдегі адам деген атқа лайықты не бітіріп жүргенін өзі де түсіне алмағаны дейді.

Сондықтан ондай адам қаншалықты бай, ғалым, жоғары дәрежелі шенеунік болсын, адамның адамына жете алмайды. Соны білген Қадыр Мырза Әлі: «Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқа­рып жүрген елеулі азаматтарға дейін, бір де біреуін жатырқамайды. Иә, жа­тыр­­қамайды. Бірақ ол екінің біріне бұй­ырмайтын, адамның адамына ға­на, соның жүрегіне ұя салатын қым­бат қасиет…» деген еді.  Расында, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін асыл қасиет.

Байқасаңыз, адамның немен айналысып жүргені кісілігінен ғана көрінетіні рас. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бір танысым мына әңгімені айтып берген. «Бірде мектепке барып баламды біраз күтіп қалдым. Соңғы сабақтың біткеніне де біраз болды. Бірақ бір бала сумкасын біресе арқасына салып, біресе қолына алып, есікке де, терезеге де жалтақ-жалтақ қарап қойып үнсіз жүр. Біресе отырады, біресе тұрады. Ақыры шыдамауы таусылып күзетші алдына келген әлгі бала: «Аға, анама хабарласыңызшы, маған ешкім келмей жатыр» деді. Сосын ол сумкасынан күнделігін алып, онда жазылған телефон нөмірін күзетшіге көрсетті. Күзетші болса, қалтасынан ұялы телефонын алды да әлгі нөмірді теріп, баланың қолына ұстатты. «Анашым, қайдасың?! Сабақ біткелі бір сағат болып қалды, Сағи ағам келген  жоқ әлі. Сен келесің бе?» деп көкейіне кептеліп қалған сұрақтарды төпелеткен жұдырықтай бала алақандай телефон ішіне кіріп кете жаздады. Анасы ұлын асықпай тыңдап, сосын жағдайын сұрап, және оған келетін адамның неге келмей қалғанын да біраз талқылады. Ақыры сөйлесіп болған бала ұялы телефонды күзетшіге қайтарып беріп «рахмет,  аға» деді. Әлгінде ғана тұнжыраңқы тартып тұрған оның жүзі енді жайнап тұр.

– Қалай, анаң келетін болды ма? – деп сұрады күзетші.

– Иә, рахмет ағай, қазір анам өзі келеді! – деді кіп-кішкентай бала қуаныштан жымиып. Бұған күзетшінің де жүзі жайнап, бірге жымиды. Ол кішкентай баланың қуанғанына бірге қуанды.

Ал мен болсам күзетшінің ісіне риза болдым. Қарапайым күзетші өзінің немен айналысып жүргенін кіп-кішкентай баланы қуантуымен түсіндіріп берді. Бірақ оның нақты міндетіне мұндай көмек кірмейтіні белгілі. Оның міндеті – күзет. Алайда ол кішкентай балаға  өзінің ісі қаншалықты маңызды және керек екенін әп-сәтте ұқтыра білді. Кенет мен күзетші алдына келген әр балаға осылай қайырымдылық көрсете бере ме екен деп ойланып қалдым. Қаншама бала бар?

Сосын күзетшіге жақындап:

– Сізге осылай әр бала келіп өтініш жасаса, солардың бәрінің ата-анасына хабарласасыз ба? – деп сұрадым.

Ол бұл сұрағыма сәл таңғалған кейіппен маған қарады да:

– Әрине! – деді.

Және бұл ісінің себебі ретінде түсіндіргендей:

– Әр баланы танимын. Олардың ата-аналарын да білемін ғой. Олар кешіксе, балалармен бірге мен де жабырқаймын, – деді.

Мен оның жауабымен үнсіз келістім. Бірақ тағы ойға қалдым. Білесіз бе, жаңағы баланың өзі анасымен аз сөйлескен жоқ. Біраз уақыт алды. Әр балаға осылайша ұялы телефонын сөйлесуге ұстата берсе, телефондағы қаншама бірлігін жоғалтады. Ал күзетшінің айлығы белгілі – шай-суына да жетпейді. Ендеше күзетшіні әр балаға көңіл бөліп, оларға қайырымды болуға жетелеп тұрған не дейсіз ғой. Ол – кісілік! Кісілік кісі таңдамайды деген осы. Біз мұны уақ-түйек деп санасақ та, осындай істері арқылы күзетшінің кісілігі арта беретіні хақ».

Иә танысымның мына әңгімесі мені де ойлантты. Өйткені арамызда қаншама болдым, толдым деген адамдар жүр. Олар мүмкін белсенді маман шығар, не тәп-тәуір орындаушы шенеунік те шығар. Бірақ ертең жұрт есіне алып айтардай, атардай бір кісілік істері артында қалар ма екен. Қалса, жұртқа жасаған озбырлығы мен қияметі, өз мүддесін жүзеге асыру үшін жасаған қысымы қалар. Одан қоғамға не пайда? Кісілігі жоқ кісі құртады деген ғой. Жүйе жүгенсіздігін күшейтуге ғана қызмет етеді. Сондықтан да кісі болу екінің біріне бұйырмайтын асыл қасиет деп Қадыр аға бекер айтқан жоқ. Кісілігі бар адам қандай билік қолына тимесін, ел мүддесін ойлаудан еш таймайды, ал өзгеге  қажет кезде кез келген сәтте ойланбастан қайырымдылық көрсете алады. Алайда қайырымдылықтың қадірі арам ақша құнымен өлшенетін мына заманда кісілігі бар жандардың қарапайым адамдар арасында ғана селдіреп қалып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Бұл да Шерағаң тілімен айтқанда, бір кем дүние. Өйткені қайырымдылықты арам байлығы, не қолындағы билігі арқасында ғана бақай есеппен көрсететін адамдар да бар екенін жоққа шығара алмайсыз. Ал ана күзетшінің қайрымдылығы оның тұла бойына туа біткен кісілік қасиеті, ол қасиет мұндай адам қай жерде қызмет етсе де ерекшеленіп көрініп тұрады. Бұл – ізгіліктің шыңы.

Александр Тасболат

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/