Хусто Хорхе Падронның жанайқайы
Испан ақыны Хусто Хорхе Падронды қазақ әдеби жұртына ақын, аудармашы Танакөз Толқынқызы таныстырды. Хусто Хорхе Падронның «Тозақ шеңберлері» («Los circculos del infirno») кітабы испан — қазақ тілдерінде басылып шығып, 2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетінде таныстырылды, содан кейін 2017 жылы ЭКСПО аясында өткен II Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі – жәрмеңкесінде «Тозақ шеңберлері» мен испан тіліндегі қазақ поэзиясының антологиясы тұсаукесерінде тағы таныстырылды, екеуіне де ақын Астанаға келді.
1976 жылы жарық көрген «Los circculos del infirno» («Тозақ шеңберлері») кітабы Хусто Хорхе Падронды бірмезгілде ХХ ғасырдың ойшыл ақындарының қатарына қосты. Поэзия табиғатын, тарихи дәстүрін түсінетін, өлеңді бағалай білетін еуропа жұртшылығы ақынның жанайқайын естіді.
«Тозақ шеңберлері» («Los circculos del infirno») өлең кітабына осы күнге дейін сында айтылып, жазылып та болса керек, осы тұрғыда швед ақын—жазушысы, әдеби сыншы Артур Лундквисттің: «Ақын жердің келбетін тозақ айнасы» ретінде көреді, ақын тозақты өзінің жеке тозағына айналдырған. Оның қорқыныш пен үрейге, қанау мен озбырлыққа қарсы дабыл қағуы жалпыға бірдей мағына алады, ол адамды Құдай жоқта өзін жазалаған тозақ елшісі ретінде көреді. Сыртқы және ішкі драма бірігіп, біртұтас дүниеге айналған. Ол осылайша жаратушыға айналып, өзін-өзі құрбандыққа шалады. Хусто Хорхенің осы рөльге енуі, оны асқан шеберлікпен орындайды. Ол адамзатты күтіп тұрған қауіпті біледі және оған алаңдайды», — деген әдеби сын пікірі ақын өлеңдерінің құбылысын терең ашады. Формасы мен мазмұны қатаң сақталған жолма-жол аударма нұсқадан адам жанының сырын, ішкі психологиялық қайшылықтарын көру қиын емес. Ақынның философиялық, психологиялық, эмоциялық сезімтал жан-күйі, ой толғаныстары рухани құндылықтармен ұштасады, ақындық миссия биігінен көрінеді, өмірді түсінуге, тіршілікке ой салады.
Ақын өлеңдеріндегі поэтикалық кесек жолдар өмірдің ақиқатын сипаттайды, Хусто Хорхе Падрон өлеңдерінде үміт те, үгітте, бақыт та, жанған махабат та жоқ, туған жер, отаншылдық та, сұлу табиғат та көрінбейді, тозақ қана бар, адамдардың ішкі жан тозағы: өкініш, өшпенділік, жалғыздық, жоқшылық пен мұқтаждық, озбырлық, күйініш, қажу, кәрілік, түңілу, қорқыныш, үрей мен өлім бар, ал адам болса:
Мен бекітіп берген өтірік жалған шындықтан,
Тұзақтан қашып шыққым келеді.
Уақытты құрдымға жіберген,
Бұрқ- сарқ қайнаған көріністер мен
ашынған дауыстарды тоқтатқым келеді.
(Дөңгелек зал ішінде)
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Күнде – күнде өлуден шаршадым.
Өзімді қуғында жүрген адамдай сезінуден шаршадым.
Біреуге билік жүргізуден шаршадым.
Жеңілуден, тоналудан, керең болудан шаршадым,
Ұмыт қалудан,
Сатқындықтан шаршадым.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Қартайғанда жалғыз қалудан шаршадым.
Ең бір бақытсыз,
Зәрлі кезеңдерді жасырудан шаршадым.
Арман әлемінде өмір сүруден шаршадым.
Өмір мен махабаттың қалай өлетінін көруден шаршадым.
(Қажу)
Хусто Хорхе Падрон (Justo Jorge Padron) – испан әдебиетінің жаңа буынының талантты өкілі, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ортасында әлем әдебиетіне, еуропа поэзия қауымына танымал болған ақын. 1943 жылы Канар аралдарының Ла – Пальмасында өмірге келген Хусто Хорхе Падрон Барселон, Париж, Стокгольм және Осло университеттерінде философия, құқық және филология ғылымдарын оқиды, туған қаласында адвокат қызметін атқарады, артынан түбегейлі әдебиетке, поэзияға, аудармашылық қызметке ауысады. Еуропа және Латын Америка елдерінің көптеген өнер мен әдебиет академияларының мүшесі, неше түрлі әдеби сыйлықтардың лауреаты Хусто Хорхе Падронның поэзиясын адамзат тағдырына үңілген нағыз поэзия десе, жаңа испантілдес латынамерикандық проза басында тұрған Хорхе Луис Борхес «Тозақ шеңберлері» өлең кітабын оқығаннан кейін: «Көп жылдардан кейін мені мұңға батырып, жылатқан кітап болды» деп бағалады.
Ақын тозақты о дүниеден іздемейді, осы дүниеден көреді, осы дүниенің тозағы адамдар қатынасында, ісінде, түсінігінде, күдігінде екенін көрсетеді. Падрон ақында ешкімді жұбатпайды, кінәліні де іздемейді, моральда жоқ, әлеуметті, қоғамды да қоспайды, бұл дүниенің діни, не иделистік көріністер де алдыңнан шықпайды, ақын өлеңдерінде адам өмір тозағында күюде, жаны қиналуда:
Ыза мен кектің отарбасы
Оларды таптап, басып өте шығады.
Сүйрік ине
Таусылмайтын, қалғылмайтын немқұрайлықты шаншып өтеді.
Өткір инедей күдік жанымызды түйреп өтеді.
Қараңғылық пен өлімнің жаңбыры жауып тұр.
(Арамызда)
Қажетсіз уақыт тасқыны ішінде
Қанша жүретініміді білмеймін.
Көзімде — өлім.
Көшеде қаңғып келемін.
Кеудемде жүрегім соғып тұрса да.
( Бұның қанша уақытқа созыларын білмеймін)
Себебі өмір бізді сыртқа лақтырып тастайды.
Өмірдің өзі бізді өлтіреді.
Себебі бізді қоршаған барлық әлем өз мағынасын,
Өз болмысын сақтап қала алмайды екен.
Қоштасудың да мағынасы қалмады,
Енді қайда барамыз?
Айтшы , қайда ?
(Қайда, қайда барамыз?)
Сен өзің ойлап тапқан жазадан
Өзің азап шегетін боласың,
Өйткені сенің ең үлкен
Һәм мәңгілік жауың – өзің ғана!
(Жау)
Адам тіршілігі — жансыз мүмкін емес (Сократ), жан — материя (Демокрит), жанда — мән бар (Шәкәрім), кім болмасын өзінің жаны үшін күреседі (Достоевский), ал әржағы не тозақ, не жұмақ — екі ортасында адам (Толстой), тіршілік біткенге жан берілгенмен адам жаны әрқашанда жұмбақ болып қала береді. Адам жаны, жұмақ пен тозақ сонау Гомерден, Данте мен Шекспир, Омар Хаямдардан бері әдебиеттің объектасы, олар тозақты адамды ойландыру құралы етті, Хусто Хорхе Падрон да егер Құдай адамнан безіп кетсе не болар еді деген сұраққа өзі жауап береді:
Егер Құдай бізден жалығып, бізді жек көріп кетсе,
Ол бізді басқа кейіпке өзгертер еді.
Тәнімізді алапес етер еді.
Бізді секемшіл, сезімтал етер еді.
Біздің ішімізге пасық армандар,
даңққұмар, мансапқұмарлық,
зорлық-зомбылық, нәпсіқұмарлық,
жек көрініш уын құйып,
ешқашан сүйе алмайтын адамға айналдырар еді.
Егер құдай бізден жалықса,
Егер Құдай бізді әділетті түрде жек көріп кетсе,
Біз онда аянышты, оспадарсыз, дөрекі,
Өзіне өзі қол жұмсаушы,
Соқыр, азғын, қылмыскер,
Қарғыс атқан тозақ пендеге,
Бір сөзбен айтқанда,
Адамзат нәсіліне айналар едік.
(Егер құдай бізден жалықса)
Жуықта «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы номерлерінде «Хусто Хорхе қазақ ақындары хақында» деген топтама мақаларының жариялана бастағанын көріп, Хосте Хорхе Падрон сияқты ақынның қазақ поэзиясының әлеуеті, шеберлік қырлары, дәстүрлер тарихы туралы сырт көзбен ой қозғауы, ұлттық поэзиямызды испан жұртына, испан тілдес халықтарға жеткізу мүмкіндігі сезімтал ақынға, сенімді қолға түскені қуантады. Хусто Хорхе Падрон мен қазақ әдебиеті арасындағы осынау әдеби байланыстар екі жақты қалыптасып, қазақ әдебиетін жаңа қатынастарға, жаңа көзғарастарға жол ашқандай көрінді.
Салауат Кәрім
Abai.kz