Еңбекті қорғау қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз етеді

0

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында өткен жұмысшылар форумында айтты. «Лайықты еңбек – мемлекет тұрақтылығының негізі» атты бұл форум «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Осы жылдың сәуір айында «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау және еліміздің әлеуметтік жаңғыруын одан әрі нығайту жолында күш біріктіруге уағдаласқан болатын. Соның аясында өткен Форумы еңбек қауіпсіздігін сақтауға және оны қорғауға, сондай-ақ Елбасының жаңа Жолдауында айтылған басымдықтарға сәйкес еңбекке лайықты жағдай жасауға бағытталды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жиында қазіргі таңның ең өзекті мәселесі көтеріліп отырғанын айтып, әр қазақстандықтың еңбегі елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылығының негізін қалайтынын тілге тиек етті.

– Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау және оны лайықты бағалау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсаттағы бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі, кез келген істің адам күшімен, адам еңбегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан еңбектің қорғалуы қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз ететін тиімді тетік, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым федерацияның 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялағанына назар аударып, сол бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының аталған құжаттарда айқындап берген басымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға барып, осы бағыттағы партиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/