Елді әлеуметтік дамытуға арналған кезек күттірмес шараларды іске асыру – уақыт талабы

0

Қ. Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты Бюросының отырысында депутаттардың аймақтарға сапарының қорытындысы шығарылды.

Палата Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сенаторлардың жұмыс сапары туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, парламентшілер еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде шалғай елді мекендерде жүздеген кездесулер өткізді. Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалары осы шаралардың басты тақырыбы болды. Аймақ тұрғындары Парламент қабылдаған заңдар туралы жан-жақты хабардар етілді.

Кездесулерде көп балалы отбасыларға және аз қамтылған азаматтарға жәрдемақы тағайындау мәселелеріне баса назар аударылды. Шараға қатысушылар азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жергілікті автомобиль жолдарын салу, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық қызметтер тарифтерін реттеу және күнделікті қажетті тауарларға бағаны төмендету мәселелерін көтерді.

Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев қазіргі кезеңде барлық мемлекеттік органдардың қызметі «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезіндегі Мемлекет басшысы алға қойған нақты міндеттерді шешуге арналуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазіргі әлемдік және ұлттық экономикадағы жағдайға сәйкес елдің әлеуметтік дамуына қажетті шараларды жүзеге асыру – уақыт талабынан туындап отырған маңызды міндет. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар мен көп балалы аналарға қамқорлық көрсету   мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы тиіс», — деді Қ.Тоқаев.

Ол депутаттар мен Үкіметті халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында нақты жұмыстарды аса жоғары жауапкершілікпен атқаруға шақырды. Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен бұл жұмыстарға қомақты қаржы бөлінетіні айтылды.

Сенат Төрағасы қысқа мерзімде әлеуметтік бағдарламаларды және республикалық бюджетті нақтылауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Қ.Тоқаев халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді шараларды    көпшілікке кеңінен насихаттаудың маңызы айрықша, деп санайды.

Бюро отырысында Палатаның 14 наурызға жоспарланған кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді. Кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу, сондай-ақ баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар депутаттардың назарына ұсынылады. Сенаторлар сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын да қарайды.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары тұрақты комитеттерге бөлініп берілді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып; Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық  Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының  жеңілдікті  кредит  беруі  туралы  негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

 Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының Баспасөз қызметі

Abai.kz

Abai.kz