Елдегі саяси процесстерге белсене араласып, қырағы отырайық!

0

Саяси репрессияға ұшыраған қаншама азамат туған жерге жете алмай сыртта босып жүр. «Ана тілімде сөйлеп жатқан дауысты есітіп, жылап жібердім» деп жазыпты кеше фбға қазағын зарығып сағынған бір босқын.

Ел ішінде саяси қуғын көріп жүрген қаншама азамат үшін «кислород» жабылды. Еліміздің мықты мемлекет болып қалыптасуына үлес қосатын білімі терең, білігі жетік қаншама мемлекетшіл тұлға мынау жүйенің айтағына көнбегені үшін де үйінің қабырғасын күзете ғұмыр кешіп, арманда кетіп жатыр. Билікті көлгірси мақтап қызметі өскендердің көлеңкесінде жүрген мықтылар қаншама?! Саяси себептермен мойнына ақша ілініп, жаламен түрмеде отырған қазақтар жоқ емес. Кедейшілік пен айнала толған заңсыздықтан шаршаған қаншама қазақ шетел асып кетіп жатыр.

Жуырда құрбым звондап:»Шетелге біраз танысым көшіп кетті. Үй тазалап, кемпір-шал бағып, аула сыпырып біздікілер ақшаны күшті тауып жатыр екен, сонда кетуім мүмкін»,-дейді. Одан жуырда Америкаға кеткен бір досым:»Дина, Америкада бомждарға 900 доллар жәрдемақы төленеді екен. Мұнда қаңғыбастарың шалқып өмір сүреді»,-деп әзілдейді.

Ал біздің қазақ үшін 900 доллар — 342 мың жалақы дегенің арман ғой! Екі елдің экономикасын салыстыруға келмейді, десе де, Америка көшеде жатқан қаңғыбастардың қамын ойлап жәрдемақы төлейді. Ал бізде көпбалалы асыл аналарымызға жуырда тағайындалған 21 мыңының өзін (55 доллар) ашынған мұңлықтарды жерден алып-жерге салып, әжуалап, мысқылдап, «мемлекет ешкімді асырауға міндетті емес» дегенді млн рет қайталап, одан қалды «білімсіз-топас, наданға» теңеп, терлеп-тепшіп, «итке сүйек лақтырғандай» төлеуге міндет алды. Онда да 111 мың көпбалалының бәріне емес. Жартысының жартысына.

Қайран аналар-ай! Қадырыңды білер жақсы болса, мемлекеттік аппараттың «аппетитін» азайтып, бюджеттік «бизнесмендерді» ауыздақтап, ең бірінші кезекте көмекке мұқтаж жандарға жағдай жасар еді-ау…

Арғымаққа мініп алған уақыт шауып барады. Жеткізбейді… Енді сол арғымаққа қарғып мінер уақыт таяп қалды.

«Билік транзитіне» тек қана биліктегілер емес, қоғам да дайындалуы тиіс. Бұл — біздің тағдыр! Миллиондардың тағдыры! Болашақтың тағдыры!
Уақыттың қожайыны — БІЗ!

Арғымағымыз шауып өтіп, өмір өтіп кетпесін! Елдегі саяси процесстерге белсене араласып, қырағы отырайық!

Дина Елгезектің facebook парақшасынан

Abai.kz

Abai.kz