Елбасы әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды
Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр. Партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған съездге 1 117 делегат қатысуда. Съезде сөз алған ҚР Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын арттыруды тапсырды.
Елбасының айтуынша, елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді.
«Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасыда төрт бала бар. Қазірдің өзінде жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Бірақ аталған санаттағы отбасылардың табысы әртүрлі. Біреуі табысты көп табады, енді біреуі аз табады. Сондықтан қолдау шараларын жасағанда осыны ескеру керек. Жақсы табысы барларға қолдау жасаудың қажеті қанша. Сол себепті ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек берген жөн», — деді Н.Назарбаев
Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларда әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», — деді Назарбаев.
Abai.kz