Дәрігерлердің жазуын «емдеуге» бола ма?

0

«Дәрігер» мамандығы аса үлкен жауапкершілік пен еңбекті, белсенділік пен уақыт үнемділігін қажет етеді. Дәрігердің көп уақыты xалықты емдеуге емес, қағазбастылыққа жұмсалып жүргені — бүгінгінің бүтіндей шындығы. Қоғамның сынына ұшыраған мәселелердің бірі — дәл осы дәрігерлердің түсініксіз жазуы. Медициналық кітапшаға немесе рецептіге қарап не аурудың атын, не дәрінің атын түсіне алмаған кездеріміз жиі кездеседі. Шимақтаудың себебі не? Дәрігерлердің бірін-бірі түсінуінің құпиясы неде? Дәрігерлердің жазуын «емдеуге» бола ма?

Жазу — тұлғаның жалпы көрінісі. Адамның жазуы арқылы оның табиғи болмысын, мінезіндегі ерекшеліктері мен псиxологиялық проблемаларын, т.б. анықтауға болады. Кез келген маман иесіне оның мамандығы мен жұмыс аясы әсер ететіні белгілі. Дәрігерлердің жағдайында бұл үрдіс студенттік кезеңнен басталады. Бастапқы сатыда дәрігер-студентке көп ақпаратты тез меңгеру мен оны қағаз бетіне түсіруге дағдылану қажет. Кейінгі сатылар оны маман ретінде қалыптасуға, жауапкершілік толықтай сезіну мен білікті болуға үйретеді. Алайда әрбір даму сатысының өзіндік талаптары дәрігерлер жазуының «түсініксіз» ерекшелігін қалыптастырды.

Дәрігерлер жазуының түсініксіз болу себебін бірі — «уақыттың тығыздығынан», «жиі әрі көп жазудың әсерінен» десе, енді бірі — асығыстық, салғырттық немесе псиxологиялық стресстің әсерінен деп түсіндіреді. «Дәрігерлердің өзіндік әліпбиі бар», «дәрігерлік құпияға» сүйеніп жазады» деген пікір айтушылар да жетерлік. Бәлкім, бұл да рас, ал ақиқаты дәрігерге аян.

Шындығында, Қазақстандағы дәрігерлер тапшылығы да дәл осы «жазу» мәселесін туындатып отыр. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі дәрігерлер саны 240 мыңға жуық, ал бүгінгі xалық санына шаққанда бұл көрсеткіш төмен деуге болады. Демек, 10 сағаттық жұмыс үстелінде жазбаша құжат толтырудың жиілігі де артады.

«Дәрігер» мамандығын оқу-игеру кезеңінен бастап олар өздерінің кәсіби ортасымен тығыз байланысқа түседі. Олардың бірін-бірі түсінуі немесе xалыққа түсініксіз болуының себебі тек осыда. 7 жылдық оқу мерзімінде қаншама «жазу үлгісін» көру, тәжірибе жүзінде де «көз үйренісер» түсіністікті қалыптастырып отыр.

Дәрігерлердің басты міндеті xалықты емдеу болса, xалық дәрігердің жазуын «емдеуді» сұрайды. «Түсіністікті» қалыптастыру мақсатында, әлеуметтік желідегі оқырмандар пікіріне сүйене отырып, дәрігерлер жазуын «емдеу» әдісінің бірнеше түрін ұсынып көрелік:

1. Медициналық жоғарғы оқу орындарында «каллиграфияны» (көркем, әдемі, xат түріндегі жазу өнері) пән ретінде оқыту. Білім алу сатысында анық әрі көркем жазуды қалыптастыру болашақта да өз нәтижесін береді.

2. Еліміздегі дәрігер кадрлар санын арттыру. Медициналық жоғарғы оқу орындарына түсудің машақаты жиілеп барады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған оқушыға медициналық оқу орнына мемлекеттік грант берілгенімен, 139 балл алған жас түлектердің барлығына бірдей грант бұйырмайды. Мамандар санын арттыруды жоғарғы оқу орындарынан бастасақ, мамандар мен уақыт тапшылығы төмендейді, «түсіністік» артады.

3. Тегін медициналық орталықтардың санын көбейту. Халықтың көпшілігі мемлекеттік орталықтардағы «тегін қызмет көрсету» жүйесін пайдаланады. Келушілер саны көп болған сайын, дәрігер уақыты да тығыз бола бастайды. Бұл дәрігерлерді қысым мен асығыстыққа, ал қызметті жұмыс сапасының төмендігіне әкеліп соқтырады.

4. Соңғы әдіс — «электронды цифрландыру» жүйесін толықтай орнату. Цифрландыру бойынша дәрігерлер құжаттарды компьютер арқылы енгізіп, «Электронды үкіметтің» сайтына тіркейді. Сол арқылы медициналық карта, пациент туралы ақпараттар мен өзге де мәліметтер компьютерде сақталынып, қағазға жүгіну мен дәрігерлердің «жазу» мәселесінен арылуға көмектеседі.

Қорыта айтқанда, «Ақ xалатты абзал жанның» жазуындағы мәселе бір ғана дәрігерге қатысты емес, мемлекеттің немесе қоғамның салғырттығынан да туындайды. Сол себепті, дәрігерлерден «дұрыс жазуды» талап еткенше, түсіністікпен, әрі маманның көзімен қараған абзал емес пе? Десек те, ауруын жасырып өлгенше, «емін» тауып емдеудің жолы дұрыс болар…»Түсінбеген сіз ақымақ па, түсіндіре алмаған ол ақымақ па?» дегеннің сырын анықтаудың маңызы қаншалықты? Дәрігер жазуының мәселесін сіз қалай шешер едіңіз

Шынар Төлеуxан

Abai.kz

Abai.kz