Челябі облысы мен Қазақстанның тауар айналымы 1,2 млрд доллардан асты

0

Челябі облысы мен Қазақстанның 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы тауар айналымы 1,2 миллиард АҚШ долларынан асты.

Қазақстан Челябі облысының басқа елдермен тауар айналымындағы құрылымында 24%-ды ала отырып және көрші Қытайдан алға озып, бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының баспасөз қызметі. Челябіде өткен Урал азық-түлік форумында бұл көрсеткішті одан әрі арттырудың сәті түсті. Форум аясында «Алматы өнімі» ЖШС 20 миллион рубльден астам сомаға кондитерлік бұйымдарды экспорттауға келісімшарт жасасты.

«Алхан Халал» және «ALBA Foods Company» компаниялары Челябінің және облыстың сауда желілеріне 50 миллионнан астам рубльге шұжық өнімдерін жеткізуге шарттар жасасты.

Қазақстан

«Челябі қазақстандық экспорттаушылар үшін әлеуетті өткізу нарығы болып табылады, бұл шекаралас өңір. Осы іс-шара тамақ өнімдерін өндірушілер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілердің Урал азық-түлік форумына катысуын ұйымдастырды», — деп атап өтті Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілі Әнуар Бейсеков.

Форумға Оңтүстік Урал, Свердлов, Қорған, Волгоград облыстарының,  Алтай өлкесінің,  Башкирияның, Удмуртияның, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық және тамақ өнеркәсібінің 150-ден астам кәсіпорындары қатысты.

Саланың жаңа инвестициялық мүмкіндіктері,  проблемалары мен перспективалары талқыланды. Ондаған іскерлік іс-шаралардан басқа,  тамақ өнімдері мен сусындардан дәм татып көру кәсіби конкурсы болып өтті.

Челябі облысы мен Қазақстанның 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы тауар айналымы 1,2 миллиард АҚШ долларынан асқанын атап өту керек.

Негізінен бұл минералды өнімдерге, металдар мен одан жасалған бұйымдарға тиесілі болды. Сондай-ақ біз жануарлар мен өсімдіктен алынатын өнімдерімен, майлармен, тамақ өнімдерімен,  сусындармен және темекімен өзара сауда-саттық жасаймыз.

«Қамшы» сілтейді