Бұрынғыдай «жұрт қатарлы өмір сүріп отырмыз ғой» деген көңіл күй қалмаған қазір…
Жағдай қиын қазір. Жұрттың жиған-тергені түгесілуде. Мүлкі тозып, мәшінесі сынып, үйдегі техникасы істен шығып жатыр. Оның орнын алмастырар қаражат жоқ қолында. Бала-шағаны асырау қиынға соғуда. Бұрынғыдай «көппен көрген ұлы той, жұрт қатарлы өмір сүріп отырмыз ғой» деген көңіл күй қалмаған қазір.
Тағы бір байқағаным бұрындары біздің алдымыздағы буын, тіпті біздің замандастарымыздың аузынан «әйтеуір, не болса да соғыс болмасыншы, еліміз тыныш, Елбасы аман болсыншы» деген әңгімені жиі естуші едім.
Ал қазір байқасаңыз, үлкені де, кішісі де «не болса да бірдеңе болсыншы» деп тілеп отыр. Ашу, ыза жатыр астарында. Елдің пікірі күрт өзгерген. Билік мұны қазірден ұқпаса, қазірден назарға алмаса, күндердің күні оңбай опық жейді.
«Бәрін бақылап отырмыз, ешкімді тырп еткізбейміз» деп ойласа, қателеседі билік. Себебі қоғам қажи бастады. Қоғам өзгеріске дайын отыр. Осыну ұғыну керек билікке.
Халыққа бетбұруы, біртабан жақындауы керек мұндайда. Халықтың сынын қабылдайтын, пікірін тыңдайтын кезге келді.
Билік «ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз» дейді. Бұлдамасын. Бұл біздің нәпақамыз әрі-беріден соң. Ата-бабамыздың маңдай тері, найзаның ұшымен сақтап қалған қара жердің қазба байлығы. Мұны бізге баяғыда беруі керек еді.
Биліктің өзі айтып қалды. «Бізге мемлекеттік бірлік: экономикалық, саяси және әлеуметтік бірлік керек» деді. Әлеуметтік бірлік дегеніміз халықтың бұл елде әділеттің бар екеніне сенуінде жатыр. Әділет мәселесін бір жөнге келтірмей, биліктің қазіргі қарекетінің барлығы бос тірлік.
Айдос Сарымның facebook парақшасынан
Abai.kz