БҚО үшін Мемлекеттік байрағымыздан «Нефтэктің» туы әулие ме?

0

БҚО облысының әкім

А.Көлгінов назарына!

Ақын Алмас Ахметбекұлы:

«Көктудың желбірегені —

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту жан емес, маған керегі-

Көктудың желбірегені» деп жырлағандай,  еліміздің  қай  өңірі мен қаласында болмасын көк байрағымыздың  өзге саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің және заңды тұлғалардың туларынан  биік желбіреп тұрғаны қажет.

«ҚР Мемлекетті рәміздері» туралы 2007 жылғы 4 маусымдағы  заңының   5-бабының  2-тармағында: «Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бірдей болмауға тиіс» деп анық жазылған. Десек те, Батыс Қазақстан облысы аумағындағы және Орал қаласындағы  «НЕФТЭК» ЖШС-нің  жанар-жағармай бекеттерінде  заңды тұлғаның айрықша белгісін білдіретін тулары (ашылғалы бес жыл бойы) Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік Туымен  жарыса  таласып, бір деңгейде желбіреп тұр. Ал осы Заңның орындалуын қадағалау төл міндеті болып саналатын БҚО  ішкі саясат басқармасы 5 жыл бойы мұны көрмей, көрсе де үндемей немесе сөзі өтпей отыр.

Əншейінде «жасұрпаққа патриоттық тәрбие беру керек» деп даңғаза ұран салып,  жастармен дақпырт  «шоулар» өткізетін  ішкі саясат басқармасы (басшысы Н.Даумов)  заңға бағынбай отырған «Нефтэк» ЖШС басшыларына Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу туралы  түсінік жұмыстарын не себепті  жүргізбеуде немесе оған көнбесе  заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды неге ұсынбай отырғаны тіпті түсініксіз жағдай?!  Әлде жанар-жағармаймен әбден байыған «нефтэкке» сөздері  өтпей ме, құзыреттері немесе рухтары жетпей ме?! Осы мәселе туралы бірнеше рет басқарма басшылығын ауызша ескертім, алайда еш нәтиже болмады.

Мемлекеттік Ту – бұл  мемлекеттіміздің  егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.  Облысымызда тіркелген  барлық қоғамдық  ұйымдарды  (саны шамамен  700 дей)  және заңды тұлғалардың туларын Қазақ Елінің көк Байрағымен бірдей етіп іле берсек, онда Мемлекеттік Туымыздың, Қазақстан Тәуелсіздігінің  ешқандай мәні болмас, одан кейін жастарға отансүйгіштік тәрбие қалай береміз? Аталмыш заңның 13 бабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.  Ендеше, кім болса да, мейлі ол ақшалы, мейлі ол лауазымды, мейлі ол арбакеш, елдегі жүрген шетелдіктер  болсын рәміздерімізді құрметтеулері тиіс!

2016 жылы «Рәміздергі құрметті өзімізден бастайық!» атты сын мақаламнан кейін,  Мемлекеттік Тумен 20 жыл бойы бір деңгейді желбіреп тұрған  Орал қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының  туы төмен түсіріліп, ҚАЗАҚСТАН ТУЫ биік, жоғары желбіреген еді.

Бізге ертеңгі болашағы бұлыңғыр  қоғамдық ұйымдар мен  бірлестіктердің және заңды тұлғалардың  тулары емес, болашағы жарқын мәңгі Қазақ Елінің көк Байрағы өзгелерден асқақ желбіреп тұрғаны қажет.

Талғат Қатауов, қоғам белсендісі

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/