Біз Ресеймен соғыса қалсақ, күліміз көкке ұшады
НАТО әскери ұйымының еуропалық мүшелері «егер Ресеймен соғыс бола қалса, біз оған еш дайын емеспіз» деп мәлімдеді. Бұл пікірді ұйымның халықаралық әскери штабының басшысы Ян Брукс те мойындады.
Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта НАТО ұйымының әскерлері жедел әрекет ете алмайды. Генерал-лейтенант Ян Брукс Defense News журналына берген сұхбатында бұған себеп болып отырған бірнеше мәселе барын айтты. «Біріншіден, логистикалық бағытта қиындық туады. Екіншіден, орыстарға қай жерден, қай аймақ арқылы соққы жасаймыз? Үшіншіден, әскери техникаларды тасымалдау қай жол немесе қай бағыт арқылы жүзеге асырылады, ол жағы әлі шешілмеген. Тозған темір жол мен порттар соншалықты мөлшердегі әскери техниканы қабылдауға дайын емес. Осы жағынан келгенде, НАТО мобильді түрде, жедел әрекет ете алмай қалады. Сөйтіп, соғысқа дайын болмай, күліміз көкке ұшады. Төртіншіден, бәсекелестік жағдайында Ресей сияқты қуатты әскери державаға қарсы тұруға қуатымыз жетпейді. Темір жол тасымалы мен техникаларды таситын алып кемелер де кең ауқымдағы операцияны жүзеге асыруға дайын емес».
Сонымен қатар, НАТО-ның генералы Ресейге қарсы шабуылда қиындық келтіретін тағы басқа мәселелерді атады. Орыстарға соққы беру үшін НАТО-ның құрлық әскерлері мен әуе күштерін олардың территориясына орналастыру үшін, ЕуроОдақтағы кейбір елдердің рұқсатын алу керек.
Расында да кейінгі кездері НАТО ұйымына мүше елдер мен Ресей арасында салқындықтың ызғары айқын сезіле бастады. Ресей сонымен қатар, Еуропаның солтүстік аймақтары мен Арктикада әскери-жаттығу жиындарын жиі өткізуде. Осыған НАТО ұйымының бірқатар әскери генералдары қатты алаңдап отырғанға ұқсайды. Алайда НАТО альянсының бас хатшысы Йенс Столтенберг ұйымға мүше елдер өткізген «Trident Juncture -2018» әскери жаттығу жиынында «жанталаса қарулануға ұмтылып отырған жоқпыз. Біз Ресеймен қырғи-қабақ жағдайында емеспіз. НАТО қашан да ұжымдық қорғаныс қабілетін күшейтуге міндетті. Әлемге халықаралық жағдайдың шиеленіскені емес, тұрақтылығы қымбат. Сондықтан біз Ресеймен арадағы қарым-қатынасты барынша жақсартуға тырысамыз»– деп мәлімдеді.
Айта кету керек, НАТО -ның Trident Juncture — 2018 жаттығу жиынына 30 елден 50 мың әскер, 130 ұшақ пен 60 корабль мен Бундесвердің 100 танкісі қатысқан.
Шындығында да, Ресей қаупіне қатысты сарапшылар мен әскери мамандардың пікірі әртүрлі. Америкалық сарапшылардың пікірінше, қазір күшінде болғанымен, 2025-2035 жылдары Ресей елінің демографиялық өсімі күрт кеміп, экономикасы әлжуаздана түседі. Сондықтан олардан келер қатер жоқ. Ең басты қауіп – Қытай. Олар барған сайын күшейіп келеді. Сондықтан НАТО мен Америка Қытайдың әскери және экономикалық дамуына назар аударуы тиіс.
Ал Сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, Ресейдің НАТО ұйымына мүше елдеріне ешқандай қатер төндірмейтінін қадап айтты. «Мұның барлығы да ойдан шығарылған нәрсе. Ресейдің шекаралық аймақтарына өздерінің әскерін орналастыру үшін мұның барлығы қолдан жасалынып отырған айлы-шарғы. Біздің сыртқы стратегиямызда қандай да бір елге шабуыл жасау туралы жоспар жоқ. Бұл Балтық жағалауы елдері, атап айтқанда, Эстония, Латвия мен Литваның және Польша елдерінің байбаламы ғана» деп мәлімдеді.