Бақытгүл Сәрмекова. Раушан гүл

0

(әңгіме)

Ол келді… Келеріне сенімді болсам да, көбіне керісінше орындалатын тілектерімнің бірі шығар деген күдік те қылаң беріп, күні бойы мазам қашып еді. Есіктің қоңырауын үзіп-үзіп екі рет басты. Оның бойында да күмән мен күдік араласқан сенімсіздік пен үміттің әдемі арпалысы болып жатқанын сездім. Қоңырау соғысынан-ақ. Есікті қалай ашатынымды, оны қалай қарсы алатынымды күні бойы көз алдыма миллион рет елестетіп, бір нәрсе жетіспей тұрғандай болып, көз алдымдағы көріністі миллион рет өзгерттім. Енді миллион бірінші көрініс шынымен жүзеге асқалы тұр. Есікті аштым, ол кірді:

— Мазаңды алған жоқпын ба? — деді.

Сәлемдесуді абыржып тұрып, ұмытса керек.

— Ұйықтағалы жатыр едім…

(Қайдағы ұйқы… 1 аптадан бері күттірген кеш емес пе еді).

— Алдымен хабарласып алуым керек еді, ыңғайсыз болды-ау. Қолындағы жылтыр қағазды пакетін қолыма ұстата салды. Аяқ киімінің бауын шешуге ыңғайланды. Осыншама бәлсініп тұрғаныма енді өзім өкіне бастадым:

— Қош келдің, төрлет.

Жүзіне нұр жүгіріп жымиды да, есіктің көзінен төрге қарай озды. Екі адам қатар сыймайтын тар дәлізбен алшаң басып бара жатып қабырғаға сүйеніп тұрған мені жанай өтті. Үстіне сеуіп алған жағымды иіссуына араласқан аз ғана мөлшерде ішілген шараптың иісі бойыма құмарлық пен құштарлық отының әлсіз шоғын тастап үлгерді. Шарапты батылдық үшін ішкеніне сенімдімін. Жұқа жібек көйлекпен тұрған менің кеудемді иығы жанап өткен сәтте оның қандай сезімде болғанын білгім келіп кетті.

— Жаңа жолдас жігіттермен отырып қалып едім.

Тым көп күттіріп қойғанына кінәлі адамдай жымиды. Төргі бөлмеге кіріп отырғанымен үйге күнде келіп жүрген адамдай жан-жағына назар  аудармады. Екі күннен бері бөлменің түсқағазы мен жердегі кілемдерді ауыстырып тастап едім. Әншейінде гүл өсіруге желкем жар бермейтін. Бұл келеді деп ең әдемі деген гүлдерді сатып әкеліп құлпыртып қойған еңбегімнің біреуіне де мән бермегеніне өкініп қалдым. Қорқынышқа ұқсас құштарлық пен ынтызарлық сезіммен бірге «осыншама тыраштанудың қажеті де жоқ екен ғой» деген ой миымда жылт ете қалды. Бөлмеге өсіруге лайықты емес болса да әдемілікті еселеу үшін әкелініп қойылған, құмыраға отырғызылған раушан гүлге қарап мырс етіп жымидым. «Раушан гүл, мұңаймашы…»

Екеуміз де үнсізбіз… Ұзақ қарап отырып, әдемі жымиды:

— Ұйықтағалы жатсаң да әдемісің…

Бетім өрті болып, қызарып кеттім. «Ұйықтағалы жатыр едім» деп бәлсінгенім қалай, ерніме алқызыл далап жағым алғаным қалай? Дегбірсіздене күткенімді сезіп отыр. Иығымнан сенімсіздеу құшақтап өзіне қарай ақырын тартты. Өзіне қарай ақырын тартты дегенім де артықтау, тіпті білінбейтін күшпен ғана тартқан сияқты, мүмкін жай ғана иығыма қолын салды. Ал мен «өзіне қарай тартты» деп шартты рефлекспен ойласам керек, иығына басымды қойдым. Тап-таза, ұқыпты үтіктелген жейдесіне басымды сүйеп жатып, былтырғы тойда кездескендегі жанында отырған толықша келген ақсары жүзді жұбайы көз алдыма елестеп кетті. Ұқыпты әйел болса керек.

— Отыздан асқанша тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың өз есебі бар. Олар қоғамға қауіпті, — деген пәлсапасына:

— Қоғамға ма немесе күйеуін қызғыштай қоритын әйелдерге ме? — дедім қиқарланып.

— Күйеуін қоритын әйелдерге ешқандай қауіп жоқ, үйін шаттыққа бөлеп отырған әйелін ешбір еркек уақытпен текетіресіп, қартаймауға бар жанын салып, қара басының қамы үшін ғана жүрген отыздан асқан қыздарға айырбастай алмайды, ал қоғамға қауіпті. Не демографияға үлесі жоқ, не ер адамның жағдайын жасауға атсалыспайды, жасаған істерінде еш болашақ жоқ, — деді нық сеніммен. Әңгіменің нүктесін қойдым дегендей, айналасына маңғаздана қарады. Мойнына таққан алтын алқаның ұсақ жылтыр көздері де ресторанның шамдарына шағылысып, менің алдымдағы оның жеңісін одан әрі қолпаштағандай жалт-жұлт етті.

— Тым сенімдісіз ғой…

Бар айтқаным осы еді. Себебі өзеуреп сөз таластыру жеңіс емес деп түйіндедім. Жанындағы күйеуіне қарадым. Сұңғақ бойлы, қара торы келген жігіт. Біздің әйелдерге тән әңгімемізді естігенімен, барынша мән бермеуге тырысып, жанындағы жігітке машиналардың қосалқы бөлшектері туралы ақылдасып жатты. Жаңағы әйелге деген іштей пайда болған қарсылығыма қоса, күйеуінің мына ұсақ әңгімелерге назар аудармаған әрекеті жағымды пікір қалыптастырып, ойыма адами қасиетке жатпайтын азғындыққа ұқсастау ой тастап та үлгерді.

Мен оны аңди бастадым. Бағанадан бері қалай назар аудармағанмын?! Кең маңдайы – кең пейілділігін, қоңырқай жүзі мен қалың қабағы – нағыз еркекке тән айбатты, қыры шыққан мұрыны – сымбаттылығын, жымиғанда бірге күлімдейтін қоңыр көзі – ақкөңілділігін ешкім айтпаса да ұқтырып тұрғандай.

Қадалып қарағаным әйеліне күмән тудырып, одан сайын менімен тәжікелесе ме деген оймен көзімді тайдырып әкеттім. Оны тану үшін 4-5 секунд қана жетті. Барлап, іштей ол жайлы пікір қалыптастырып та үлгердім. Ал, оған қараған осыншалықты қысқа ғана секундтар ішінде әйелдік қырағы көздер сезіп те үлгерді. Мен оның күйеуін барлап, ал әйелі менің көзқарасымнан менің ойымды да оқып үлгерді. Ән айтылды. Баяу ырғақ басталысымен жаңағы ақсары жүзді әйелді оң жақ жанында отырған ер адам жұп-жұмыр білектерінен ұстап, биге алып кетті. Ооо, енді қарап қалмау керек.

— Билеп қайтсақ дау шыға қоймас, — дедім жымиып. Ол күтпесе керек, абыржып күліп, басын изей берді.

Жұқа капрон көйлегімнен қолдарының ып-ыстық табы сезіліп тұрды. Суық тиіп ауырғанда әжемнің беліме, аяғыма, ішіме басатын, жаныма жайлылық орнататын ыстық бұлауы есіме түсіп кетті. Менің де дірілдей шыққан ып-ыстық демім оған мейлінше жақын сезіліп тұрған еді. Жанында уақытша тәттілік сыйлап тұрғанын да сезіндім. Билей жүріп, жұмысым жайлы,өзім жайлы сұрады. Шығармашылықтың адамы екенімді біліп, қызығушылығы арта түсті. Не жайлы жазатынымды айттым. Ерекше тақырыпқа ауысқым келетінін, әдебиетке тың ойлар әкелгім келетінін, көп ешкім айта қоймайтын тыйым салынған тақырыптарда ашық ой қозғағым келетінін білген ол 4 минуттық би уақытының аздық еткенін ұғынды. Оның қызығушылығы артып, ары қарайғы ойымды білгісі келе түсетініне сенімді едім. Қолы тигенде жұмыс жағыма соғып кететінін де айтты.

Ызғарлы көз сыртымнан дәлденіп тұрғанын, қарамасам да сездім, қызғаныш пен шамалы уақыттың ішінде ғана пайда болған ерегес отының да табын сездім. Енді қалудың реті келмейтінін біліп, той иелерімен қоштасып шығып кеттім.

Бұл кездесудің қалай басталғаны да есімнен шыға бастаған екен. Иығына басымды қойып жатып, жейдесінің жағасынан саусақтарымның ұшымен ғана аялай сипадым. «Сен тазалап, үтіктеген жейдені дәл қазір мен иеленіп отырмын!». Бұл әйел затының ең осал тұсы болса керек, өзге ойларға жол берілмейтін қатты қуанышта да, өте ауыр қайғыда да, ең жауапты сәттерде де өзіне тән жымысқы ойларынан ешқашан ажыраған емес. Есі шығып қатты қуанып жатып та, жанындағыларды көзімен бір сүзіп шығып, қуанышына ортақтасып тұрған әйелдерді барлап шығуы мүмкін. Риясыз күліп тұрған құрбысының ерніне жағылған помаданың тісіне жұғып қалғанын көріп, мысқыл ой пайда болуы мүмкін. Әнебір шетте зорлана жымиып тұрған тағы бір құрбысының қатты күлсе бетінде пайда болатын ұсақ әжімдерінен ыңғайсызданып тұратынын да ұғып қалуы мүмкін. Әйтпесе, дәл қазір ерегес ойларға жол беретін сәт емес еді. Көптен аңсап жүрген бақты уысыма түсіргендей, рахаттана көзімді жұмдым.

Сұқ саусағына салынған неке жүзігі бөлменің шамына шағылысып, бетіме түскен шашымнан сипап ысырды. Шамға шағылысқан неке жүзігі «Бәрі де уақытша ғой, есіңді жисаңшы…» деп ортамызға жік салғысы келгенмен, мен уақытша бақтың болса да дәмін сезінгім келгендей, аяулы сәттен ажырап қалмау үшін оның құшағына тығыла түстім.

— Не үшін шақырдың?

— Ұнаттым, мені де ұнататыныңды сездім.

Маңдайымнан сүйді. Ұшы қиыры жоқ сахараны кезіп келіп, әбден шөліркеген ерін мен таңдай бір тамшы ғана мөлдір суды көрсе қалай ынтығатыны белгілі ғой. Мүлгіген тыныштықты дамылсыз дүрсілдеп тұрған менің жүрегімнің үні ғана бұзып тұрғандай болды. Ернімнен сүйгенше ғасыр уақыт өтіп кеткендей болды, маңдайымнан кейін ернімнен сүйетінін алдын ала сезіп, күтіп отырсам керек. Жауырынымнан қапсыра ұстаған ып-ыстық алақандары, денемді күйдіріп бара жатыр, күйдіргені былай тұрсын күл қылып өртеп жіберсе де көнуші едім.

Әлсіз сезілетін шараптың иісіне көміліп, мен де мас адамдай мең-зең едім. Оның әрбір қимылын, тіпті қарашықтарын қалай қозғалтқанына дейін есімде сақтап қалуға тырыстым. Өзіне қарай қапсыра құшақтағанда оның бар денесін өзімнің тәніммен, жаныммен сезінгім келді, сездім де.

Жейдесінің түймелерін ағыта бастадым, тар көздерінен өтпей тұрған әлде сүйір тырнақтарыма ыңғайсыз келіп шешілмей тұрып алған бір-екі түймесіне іштей «өшігіп» алдым. Тіпті, түймелерге дейін үйіндегі қожайынның тілеуін тілейтіндей, маған қарсылық көрсетіп тұрғандай әсер қалдырып кетті.

Сиқырға толы рахатты сезініп тұрып, мынадай ұсақ ойға жол берген мені «әйел» демей көріңіз. Көйлегімнің сырмасын ағыта бастап еді, дәл жанымда тұрған шамның түймесін басып өшіре салдым. Ортадағы дәліздің шамы бөлмеге әлсіз ғана жарық сыйлап тұр еді. Мойыныман, иығымнан сүйгендері бойымды сиқырға бөлегендей, біртіндеп өз күшімнен ажырап бар жаттым. Иығынан қапсыра құшақтаған да, кеудесін өртей сүйген де, шешілген көйлегімді кейінге қарай ысырған да, оның жейдесін шешкен де мен емес секілдімін. Өң мен түстің ортасындағы тәтті кездей өтті. Құшағынан шығып кетсем, мына ертегіге ұқсас күйден ажырап қалып, сұп-сұр ортада аңырап отырып қалатын Күлше қыздың күйін кешкендей болатынымды ұқтым.

Ол жинала бастады. Уақытша бақыттың баянсыздығына өкпелеп тұрғанымды сезгендей, жұбатқысы келіп, қапсыра құшақтап, құшырлана сүйді:

— Көреміз ғой әлі…

Мен басымды изедім. Бірақ кейін қайталанатын кездесулер дәл осындай толғандырып, дәл осындай сезімге бөлеріне сенімді емес едім.

— Жарайды, сау бол…

Есіктен шығара сала, жаңағы тәп-тәтті уақыттың әрбір қас-қағым сәтін жоғалтып алуға қимайтын ең аяулы затымдай ойымда кері қалықтатқым келіп, жастыққа басымды қойдым.

… Таңертең құмыраға отырғызылған раушан гүлінің бозғылт тартқан түрін көріп, кеуде тұсым шымыр етті. Жұбатқым келіп күлтесін аялай сипап едім, қауызынан бөлінген бір тамшы сөл жапырағына қарай тамып бара жатты…

Даланың, жердің табиғи топырағына жаратылған оның тағдыры құмыраға бәрібір телінбейтін еді…

Жылап тұрған раушан гүлді емес, өзімді аядым…

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/