Астана үшін 30 мың адамдық мешіт керек пе, жоқ па?

0

Кеше ҚР Президенті Н.Назарбаев Астананың сол жағалауында бой көтеретін жаңа мешіттің іргетасын қалады. Сыйымдылығы 30 мың адам болатын бұл құлшылық орны Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болмақ. Президенттің айтуынша, бұл жай ғана діни ғимарат емес, қонақтар мен туристер келетін маңызды нысан болады деп жоспарланып отыр.

Жаңа мешіттің аумағы —  9,4 гектар. Ғимараттың жалпы аумағы 57 мың шаршы метр болмақ. Мешіт мұнарасының биіктігі 130 метр, ал негізгі күмбездің биіктігі 88,2 метр болады. Ерлерге арналған ғибадат залына бір уақытта 15 мың адам сыяды, ал әйелдер залының сыйымдылығы 3 мың адам. Сондай-ақ, мешіт ауласына тағы да 12 мың адам сыяды.

Бұл нысан EXPO-2017 аймағында орналаспақ. Ал, мешітті түркиялық құрылыс компаниясы салады. Алайда, ғибадат орнына қанша қаражат жұмсалатыны әлі айтылмады.

Әлеуметтік желіде жаңа мешіттің құрылысына қатысты алуан түрлі пікірлер жазылды. Бірі бұл бастаманы қолдаса, енді бірі оданда халықтың әлеуметтік мәселесін шешу керек еді деген пікірлер айтқан. Біз оқырманға сол пікірлерді қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік…

Марат Байділдәұлы, қоғам қайраткері:

“Иманнан алыстау – ақылдылық емес”

— Астанада үлкен мешіт салынатыны туралы хабар кей адамдардың сыңаржақ пікірлерін өрбітіп жіберді. «Мешіттің орнына аурухана салса қайтеді?», «Мектеп салса қайтеді?» деген тәрізді.

Оу, айналайындар, мұсылман мешіттері көбейсе ол кімге кедергі? Қараңыздар, қазір елордада орта білім беретін 84 мектеп бар, таяу жылдарда әкімшілік тағы 27 мектеп салуды көздеп отыр.

Ал сол Астананың айналасындағы ауылдарды қосқанда небары 12 ғана мешіт бар. Оның ішінде мың адамнан көп адам сияқты үш-ақ мешіт: Сәдуақас Ғылмани мешіті (5 мың), Астана Мешіті (5 мың), Әзірет Сұлтан мешіті (20 мың). Қалғандары 300 адамдық, 500 адамдық ғибадатханалар. Астананың барлық мешіттеріндегі орын 40 мыңға да жетпейді. Ақ қар, көк мұзда, қақаған қыста ішке сыймай сыртта жұма намаз оқыған жүздеген, мыңдаған адамды талай көзіміз көрді. Талай рет өзіміз де сыртта тұрдық дірдектеп. Тұрғындардың 10-ақ пайызы мешітке барады деп есептесек, Астанадағы мешіттердің сыйымдылығы 100-110 мыңнан кем болмау керек. Бір Стамбұлдың өзінде 40 мыңнан астам мешіт бар. Ал біз Астананың 13-ші мешітін көріп қалдық па?!

Қазір халықтың иманын қашырып, аздырып-тоздырып жатқан жария-құпия қаншама казинолар, бәсханалар бар, жазғыш болсаңыздар соны неге жазбайсыздар? Соған неге шу көтермейсіздер? «Алланың өзі де рас, сөзі рас» деген Абайдан ақылдысыздар ма? Ғибадатханалар — қаланың көркі, адамгершілік тәрбиесінің ұстаханасы. Әрі оның қаражаты Сіздердің қалталарыңыздан немесе бюджеттен шығып жатқан жоқ. Алла жолында садақа жасағандардың қаражаты.

Балаңыз казинода жүргені жақсы ма, мешітте жүргені жақсы ма? Иманнан алыстығын ақылдылық деп есептейтін ағайын, ойланыңыздар!

Нұрбек Түсіпхан, журналист:

“Астанада онсыз да сәні келіскен мешіттер аз емес еді ғой”

Мешіт салған да жақсы. Бірақ дәл қазір Астанаға қажеті бар ма соның? Астанада онсыз да құрылысы жарқыраған, сәні келіскен мешіттер аз емес еді ғой. «Құрылысына жұмсалатын қаржы мемлекет қазынасынан бөлінбейді. Жеке қор ашылған. Соның қаржысы» депті. Мейлі.

Сол қордың ақшасына жақсы емхана, көп балалы отбасыларға пәтер, мектеп пен балабақша салса қайтер еді? Астанадан өзге аймақтарда да шешілмеген мәселе көп. Жол, су астында қалатын ауылдар, газ құбырын тарту, т.б. мәселе аз емес қой. Қазақстанда қазір әр ауылда мешіт бар, әр қалада ондаған мешіт салынды. Құлшылық үйіне мұқтаждық жоқ санаймын.

Қайрат Жолдыбайұлы, ғалым:

Мешіттің бой көтеруі — аурухана, мектептердің салынуына кедергі емес”

— Мешіт рухани ордамыз. Мұсылмандығымыздың символы. Мешіт көптік етпейді. Астанада жұма күні ел мешітке симай қақаған аязда далада оқиды. Демек халыққа қажет дүние. Мешіт жамағатымен көрікті. Сондықтан толерантты, зиялы, заман көшінен қалмаған жан-жақты, ұлтын, елін-жерін сүйетін жамағат тәрбиелеп, жетілдіруіміз керек. Бұл басты мәселе. Мешіт көбейгенмен соған сай мұсылмандығымызды үлгі етіп көрсете алатын жамағаты жоқ болса, пайдасы жоқ кем дүние сонда болады. Ендеше, осы жағына бас қатыруымыз керек.

Мешіттің бой көтеруі аурухана, мектептердің салынуына кедергі емес. Қаржыны мешіттен үнемдеу арқылы емес, ысырап болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, босқа шашылып жатқан өзге дүниелерді қысқарту арқылы шешуге болады.

Астанада салынғалы жатқан сәулетті мешітіміздің құрылысы сәтті аяқталып, халыққа есігін айқара ашатын күнге жеткізсін деп тілейік!

Садық Шерімбек, технократ:

“Ғибадатханаға жұмсалатын қаржыға қанша мектеп, қанша пәтер салуға болады екен?”

— Әлгі Астанада салынатын супер-пупер ғибадатханаға жұмсалатын қаржыға үш ауысымда оқып, жыл сайын 3000 балаға орын жетпей қалатын жағдайды шешіп қанша жаңа заманғы мектеп салуға болады екен? Балаларымыздың білімі мен болашағы маңыздырақ емес пе?

Әлгі Астанада салынатын суперпупер ғибадатханаға жұмсалатын қаржыға көп балалы аналар үшін қанша пәтер салуға болады екен? Аналарымыздың разылығы мен дұғасы маңыздырақ емес пе?

Түйін

Астанада жағдайы төмен отбасының бес бірдей баласы бір күнде ажал құшты. Содан болар, «әлеуметтік жағдай жасалмай жатқанда мешіт салғанымыз қалай?» дейтін сауал әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Оған қарсы уәж айтқандар да аз емес. Болашақта бұл алып мешіт тарихи жәдігер болары анық. Соны ойласаң, Астанаға лайық мешіт салу — тәуекел етуге болар іс. Ал, екінші тараптың да сөзін жоққа шығарғымыз келмейді. Елдегі әлеуметтік қайшылықтар шешілмесе мақтаулы мешіттің алды алақан жайған қайыршыға толып кетуі бек мүмкін.  Садық Шерімбек айтпақшы «Астана Жаңа Мешіті – көп балалы аналар мен жетімдер арнайы барып Құдайдан баспана сұрайтын 150 миллион долларлық әсем ғимаратқа» айналмаса екен деп тілейміз.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

Abai.kz